Сарқылмас сезім бұлағы

Сарқылмас сезім бұлағы

Сарқылмас сезім бұлағы
ашық дереккөзі
Өнер атаулы сұлулықты дәріптеуден тұрады десек, сол дәріптеудің таусылмас кені, сар­қыл­­мас шабыт көзі – әйелдер. Және бұл өнер­­дің барлық түріне тән. Ежелгі дәуірден бері үздік­сіз жасалып келе жатқан тамаша әйел порт­реттері, мүсіндері, әйелдерге арналған кесенелер, әйел аты берілген қалалар – мұның бәрі адамзат қоғамының аруларға деген ерекше құрметінің көрінісі десек, музыка мен әдебиетте ең басты тақырып – әйел әде­мілігін жырлау, оның жан сұлулығын көкке көтере мадақтаудан тұрады. Қазақ халқының бай фольклорлық мұрасында әйел­дер образы – ең басты тұлғаның бірі ретінде көрі­не­ді. Батырлар жырының басты тақырыбы ел қорғау, Отан­ды сақтау болса, сол батырлардың бәрінің жары ақы­лына көркі сай ғажап жандар. Алпамыстың Гүл­бар­шы­ны, Қобылан­ды­ның Құртқасы, Ер Тарғынның Ақ­жүнісі, Қамбардың Назымы секілді керемет әйелдер бей­несі әлгіндей дастандарды бір тыңдағанда-ақ есіңізде мәң­гі қалып қояды. Себебі батыр­ларды батыр қылып тұр­ғандар – олардың парасатты жары. Батырлық туралы дастандар қазақ халқының ұлт болу кезеңін суреттейтін ірі әдеби шығармалар бо­ла тұра, сол кездегі жағдайдың бәрінде әйелдер рөлінің кө­рінуі оны жа­саған ұлттың дүниетанымынан хабар бе­реді. Қазақ хал­қының ұғымында Ана ұғымы өте қас­терлі ұғым. Сондай-ақ әпке мен қарындастың да қадірі жо­ғары. Ал сүйген жардың құр­меті тіпті ерекше. Осының бәрі тұтаса келе бір халықтың әйел­дер туралы ұғым-түсі­нігін қалыптастырған. Қазақта «ақын халық» деген ұғым бар. Оны өзіміз айттық па, өзгелер айтты ма – онда тұрған ештеңе жоқ, анығы сөз өнеріне, оның ішінде поэзияға құмартып тұратынымыз рас. Сондықтан «әу демейтін қазақ бол­майды» дейтін тәмсіл ойымызға ақиқат секілді орнаған. Ал осы екі ауыз өлең шығарып, ән салмай тұрмайтын қа­зақ­тардың мадақтайтыны –  әйелдер қауымы, жыр­лайтыны – махаббат! Әрине, ұлттық жыр өнеріміздің бастауында тұрған жыраулар поэзиясында елдік, ерлік мәселесі көп жыр­­ланып, басты тақырыбы патриотизм болғаны жа­сы­рын емес. Сондықтан аласапыран заманда бар мақ­сат – ұлттың бірлігі, Отанның тұтастығы, халықтың амандығы болып тұрғанда ақындардың сезім мәселесіне сараңды­ғын, тіпті мақсатты түрде бұл әңгімеге соқпай кетуін түсінуге болады. Дегенмен ұлт – ұлт болып, біртұтас мемлекетке айналып рухани әлемін қалыптастыра бастағанда, оның өнері де адамның жан дүниесіне терең үңіле бастағаны анық. Батырлар жырындағы әйел сұлулығын жырлау поэзиямыздағы сезімді жырлаудың бастапқы үлгісі ретінде қарастыруға болады. Соның өзінде керемет айтылған тұстары бар. Мысалы, «Ер Тарғында» Ақжүністің аузынан айтылатын: Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр! Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр! − деген сипаттаудың әлі күнге қазақ әдебиеті теориясында антитезаның үздік үлгісі ретінде мысалға алына беруі тегін бе? Берідегі ғашықтық дастандарының бірі –  «Қыз Жібектегі» қыздың сұлулығын жырлауды қараңыз: Қыз Жібектің ақтығы – Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы – Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары – Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы – Ай балтаның сабындай. Төсінде бар қос анар – Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмар көз, Іздеген ерге табылды-ай. Қандай керемет, ә?! Қыздың бет-ажарын, дене біті­мін көз алдыңызға айнытпай әкеледі емес пе? Бірақ соның өзін­де әдептен озбай, артық созбай әдемі кел­тірген. Өнер дамуы да адамзат қоғамының дамуына, ұлттық менталитеттегі өзгерістерге байланысты еке­ні белгілі. Егер қазақ ақындарының ХХ ғасырдың бас ке­зіне дейін сұлулықты жырлауы әйелдің сыртқы бей­несін мақтап, тамсанудан әрі бармаса ол ұлттың әдеп нор­масынан аспау, халықтың салтында жоқ нәрсені (мә­селен, махаббатты ашық жырлау) үлгі қылмау деп тү­сіну керек. Шынына келгенде, сол замандағы халық­тардың басым көпшілігінде осы мораль үстемдік еткені мәлім. Қазақ әдебиеті Абай Құнанбайұлының шығар­ма­шылығынан бергі жерде жазба түрге көшкені бел­гілі. Алайда өлеңді еуропалық үлгімен түрлендіріп, ен­дігі поэзияның бағытын айқындап берген Абайдың өзі махаббатты жырлауда өз ұлтының ұстанымынан аса ал­шақтай қойған жоқ. «Жігіт сөзі», «Қыз жауабы» деген бір­ді-екілі өлеңдерде болмаса, махаббат сезімін, сүйіс­пеншілікті ашық жырлауға бара қоймады. Ондай дәре­жедегі өлеңдерді оның аудармаларынан кездестіруге бо­лады. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды. Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды. Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды. Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды. Тақтадай жауырыны бар, иығы тік, Екі алма кеудесінде қисаймайды. Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Абай сұлу қыздың портретін осылай сызды. Ал мұндай үлгі қазақта бұрыннан бар-ды. Дегенмен Абай шығармашылығында әйелді жырлау, оны бағалау ұлы ақынның «Масғұт» поэмасында өзгеше қалыпта көрінді. Бір шалды қарақшыдан құтқарып, соның есесіне іләһи құдіретке ие үш түрлі жемістің біреуін таңдау еркі беріліп: Ағын жесең, ақылың жаннан асар, Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар, Егер де қызыл жеміс алып жесең, Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, – дегенде Масғұт: Қызылды жесем, мені әйел сүйер, Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер? Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса, Деп едім бір пайдасы маған тиер, – деп ақыл мен бай­лықтан бас тартып, оның бәрін әйел махаббатына айырбастайды. Ұлы ақын поэмасының кейіпкері сол тұс­тағы қазақтың әйелге деген көзқарасына өзгеріс кір­гізген ой болды дей аламыз. Әйелдерді сыйлай тұра ер адамды қоғамда басты орынға қоятын патриархалды қа­зақ қоғамында мұндай үлкен сөз айтып, мәнісін дә­лелдеу терең ақыл мен биік парасаттың жемісі еді. Әрине, қаншалықты ұлы ақын болса да Абай өз тұсында ұлты бекіткен моральдық құндылық­тардан аса қойған жоқ. Есесіне, ХХ ғасырдан бастап қазақ поэзиясын түрлендіріп, махаббатты жырлауды жаңа деңгейге көтерген ақындар пайда бола бастады. Олардың ең алдында, әрине Мағжан Жұмабаев тұр. Халел Досмұхамедұлы «Будущий наш Пушкин» деп асқақтатқан қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп, сезгендей боламын» деп талантына тамсанған Мағжан ақын расында қазақ жырында бұрын-соңды болмаған алақұйын сезімдердің шарпысын ашық та, әдемі суреттеген ақын болды. Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма. Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына.   Құшақтатып нәзік талдай беліңнен, Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен. Бой шымырлап, талықсиды жүрегім, Балқып денем, барам еріп деміңнен, – деп жырлаған ақын пушкиндік биікке көтеріліп, сезімнің ғаламат жыршысына айналып кеткен еді. Мүсіншілер де, суретшілер де әйелдің тәнінен асқан сұлу жаратылыс жоқ деп біледі. Сондықтан олардың көбі жалаңаш әйел денесін суреттеуді ерекше шабытпен орындайды. Ал Мағжанда бұл түсінік: Сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су сұлу, Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу. Бейне айнадай жарқыраған айдыннан Күн шығарда көтерiлген бу сұлу. Шаңқай түсте өткiр, алтын күн сұлу, Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу. Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде, Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу! – деп, өзге қыры­нан көрінеді. Яғни, әлемдегі барлық сұлулық ақынға өзі сүйген адамның жанында түк емес. Ең өкініштісі, кеңестік саясат әйел теңдігі деген ұран­ды көтере отырып, әйел сұлулығын, махаббат сезімін көкке көтере жырлаған Мағжан секілді ғаламат ақындардың көзін құртуға күш салды. Оларды мещандық көзқарастағы адам деп қарады. «Сұлулық еңбекте» деген түсінікті адам санасына күштеп тықпалаған Кеңес өкіметі қыздарды социалистік еңбек жарыстарында көруге, солай жырлауға үндеді. Осыдан келіп біздің әдебиетімізде, әсіресе поэзиямызда әйел сұлулығы деген ұғымның мәні өзгеріп, оларға адам ретінде қарап, жан жүрегіне үңілу жойылып кете жаздады. Әйтпесе, Мағжан салған жол үзіліп қалмағанда сұлулық, махаббат туралы қанша керемет шығармалар өмірге келер еді... Дегенмен қандай қытымыр заман болса да еркіндік аңсаған адам жанының екпініне тосқауыл қойыл­мақ емес. Қазақ ақындары да сондай бір кезеңде қазақ қы­зына, қазақ әйеліне деген махаббатын, құрметін, қас­тер тұтар жалынды сезімін айтпай тұра алмады. Сон­дықтан Жұбан Молдағалиевтің: Мен қазақ әйеліне қайран қалам, Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған. Сол менің жүрегімнің ханшасы, Жыр шоғын ұсынамын Айдан оған! – деген жыр жол­дары қай кезде де өз елінің аруларын ардақ тұтар қазақ ақын­дарының бәріне ортақ  айтсам деген жан сөзі іспетті бол­ды. Соғыстан соңғы дәуірде қазақ ақындары махаббатты, әйелдерді, сұлулықты әспеттегенде әйелдердің жарға адалдығын, сағынышын, қан майданға кеткен жарларын күте білетін төзімділігін сан мәрте жырға қосты. Бұл қан­дай қиындық болса да, тайсалмай қарсы алатын қазақ әйелінің ғаламат құдіретін, бөлекше болмысын таны­та­тын құбылыс еді. Соғыста әйелдердің махаббаты жігіт­терге күш-жігер берді, өмірдің ғажабын танытты. Соның бір мысалы ретінде Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» деген өлеңін айтуға болады. Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды... Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс соқты да бұзды, – деп жырлаған ақын сол қызбен қайта дидарласуды аңсап жүріп қырғыннан аман қалады, соғысты жеңіспен аяқтайды. Махаббат құдіреті астарлы жырланған бұл өлеңде сезімнің іләһи күші асқақ арманға жетелейтіні шебер тұспалданған. Қазақ поэзиясының ренессаны аталып жүрген ХХ ғасырдың 60-жылдарында жыр көгінде самғаған ақын­дардың да басты жетістігінің бірі − әйелдерді, ма­хаббат сезімін жырлауымен байланысты. Сол кезде балапан жырлары қанат қаққан Жұмекен Нәжімеденов, Қа­дыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиен­баев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қо­жамұратов, Өтежан Нұрғалиев, Жүсіп Қыдыров, бұлардан сәл кейін келген Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов  секілді талантты ақындарымыздың аты махаббатты жырлаумен шықты деуге болады. Осылардың арасында сезімнің ақыны атанған Тұманбайды бөле-жара атауға болады. Әрине, махаббатты көп жырлаудан қазақта Тұманбайға тең келер ақынды табу қиын, алайда оның әйел тақырыбына арнаған өлеңдерінде әйелдің сұлулығын ғана емес, даналығын бөлекше сипаттап, биікке көтеріп әкетеді: Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің, Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін. Өз елінің ұлы болам деген жұрт, Әйелдерге құл болуды үйренсін.   Әйел, әйел – арман әні, жол әні, Дүниенің кешкі қоңыр самалы, Әйел сені құл қып алмай алдымен, Құдай қылып көтермейді жоғары.   Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын, Көтер оның мерейі мен беделін. Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің, Өз анаңды мәңгі құрметтегенің. Қарапайым ғана адами қарым-қатынасты тілге тиек ете отырып, соның астарында қандай терең мән жатқанын ұғындыру арқылы әйелге деген үлкен құр­метті оятатын мынадай жырдың жаратылыс заңын мойындаудан туған пайым екенін түсіне отырып, нәзік жандыларға деген бағаң биіктей түседі. Сол Тұманбайдың замандасы Мұқағали ақынның да махаббат туралы маржан небір жырларын жат­қа білеміз. Сен мына − жанарымның ішіндесің, Жанардың білесің ғой кішірмесін. Ішіне жанарыңның сақта мені, Біреулер көлеңкесін түсірмесін! – деп тас бұлақтың суындай мөлдіреген лирикасы жаныңды тербейтін ақынның «Мен нағыз махаббатты армандаймын» деп жүректің сөзін жасырмай айтқан, тіпті «Сол түннің қияметін есіме алсам, сенен де, өзімнен де жиіркенемін» деп сезімдер бұлқынысын ашық жырлаған ақынның кездері бар. Бірақ ол: ...Әйелдерді еркектерден көп дейді. Ойбай, Ойбай!.. Бола берсін көп, мейлі! Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді, – деген астарына ақиқат жатқан әдемі әзілмен айтарын жеріне жеткізе ай­тып кетті. Адамзат қоғамында сұлулық пен махаб­бат­тың орны әрдайым дүниелік қажеттіліктердің бәрінен жоғары екенін мойындатып кетті. Ал енді «Ақындарды махаббат өлтіреді» деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің кез келген өлеңінде сезім тұнып тұратын. Ол барша адамға махаббатпен қарайтын, сезімді әлдилеп, жүректерге шуағымен жол тартатын. Ал соның барлығын да ақын сұлулық әлемінен сіңіріп, әйел махаббатынан тапқаны күмәнсіз. Ол бір жырында: Мен − марттағы найзағай күркірімін, Құрманғазы күйінің бір тілімін. Менің жаным саясын паналаған, Дүниедегі бар қыздың кірпігінің, – деп жазған. Әйелдер қауымынан, сұлулықтан осынша қуат алмаса ақын − ақын болар ма?! Иә, әйел − таусылмас бақыт, сарқылмас шабыт көзі. Жынысқа бөліп мадақтау әділет сияқты көрін­бегенімен, сұлулық пен махаббат құдіретін Жаратқан Ие әйелдерге меншіктеп берсе не шара? Сондықтан әйелдерге айтар сөзімізді қазақты талантты бір ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің мына жыр жолдарымен түйіндегіміз келіп отыр: ...Бозбала түгіл, айтпай ма қызды шалдар да, Түнде де сәуле жүгірер құба талдарға. Самарқанды да садақа қылып бір ақын, қыз үшін қиған қара ормандарын хандар да.   Сыры не мұның? Қыз деген неткен өр есім? Қымызға қызып, қыз жайын толғай бересің! Ғажап-ау өмір! Баласы болып бір қыздың, Тағы бір қыздың қосағы болып өлесің. Әйелден жаралып, әйелден нәр алып ғұмыр кешу маң­дайына жазылған адам баласының бақыты – әде­мі­лік­ті сезініп, соған ғашық бола білу. Жарық дүниеге мән дарытып, дүниені сұлу махаббатымен, жылу-шапағатымен әсемдеп тұр­ған арулар әлемі жасай берсін!