Қазынаның шығыны көп, кірісі аз
Қазынаның шығыны көп, кірісі аз
2020 жыл әлем экономикасы үшін сынақ жылы болды. Көрсеткіштердің бәрі кері кетті. Алыс-беріс азайып, барыс-келістің тоқтауы көп елдің қазынасын ортайтып, қарызын еселеді. Пандемия Қазақстан экономикасының да өсімін тежеді. Шығынымыз артып, кіріс айтарлықтай кеміді. Үкіметтің есебіндегі цифрларға қарап, көңіл жұбатуға тырысқанымызбен, нарықтағы шынайы көріністер алаңдатпай қоймайды. Шикізатты экспорттап, дайын өнімді импорттауға иек артқан экономикамыз ескі сүрлеумен жүре берсе, болашағы жарқын болады деу қиын.
Жалпы ішкі өнім 2,6 пайызға құлдырады
Жуырда Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары жарияланды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, нақты сектор экономикалық драйвер болды. Атап айтқанда, құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және білім беру салаларынан түскен кіріс қазынаға қуат бітірді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі – 3,9 пайыз, оның ішінде металлургия өндірісі – 2,6 пайыз, азық-түлік өнімдері өндірісі – 4 пайыз, фармацевтика – 47 пайыз, машина жасау – 16,3 пайыз, оның ішінде автомобиль жасау – 52,5 пайыз, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп 15 пайыз өсім көрсетті.
Министрдің сөзінше, 2020 жылы елімізде құрылыс көлемі 11,2 пайызға артып, рекордты 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға жоғары. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, бір жыл ішінде тұрғын үй құрылысына шамамен 2 триллион теңге инвестиция тартылып, 2019 жылғы деңгейден 33,6 пайызға артты.
Ел экономикасын алға жетелеуден танбайтын ауыл шаруашылығы да індет тудырған қиындықтарға қарамастан дамуын тұралатқан жоқ. Сала 5,6 пайызға өсіп, ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету сапасы арта түсті.
Өсімдік шаруашылығы – 7,8 пайызға, мал шаруашылығы 3 пайызға өскен.
Ұлттық банк дерегінше, бір жыл ішінде елдің алтын-валюта қоры 6,7 млрд долларға ұлғайып, 35,7 млрд АҚШ долларына жетті. Есесіне Ұлттық қор активтері едәуір азайған. Қордағы қаражат 3,1 млрд долларға кеміп, 58,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Үкімет «өндірісте іркіліс, ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтуда кедергі болған жоқ» дейді, алайда нарықта жекелеген тауарлар (өсімдік майы, қант, жұмыртқа) бағасы 10,8 пайыздан 11,3 пайызға дейін қымбаттады. Салдарынан жылдық инфляция 7,5 пайызға жетті.
Жалпы алғанда, 2020 жылы Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға құлдыраған. Ұлттық банк бұл біздің болжамдарымызға сәйкес келеді, яғни бұған дайын болдық деп сендірді. Банк төрағасы Ерболат Досаев пандемия әлем экономикасын 4,4 пайызға төмендеткенін, дамушы елдердің арасында тек Қытайда (2,3 пайыз) жалпы ішкі өнім өскенін алға тартты. Алайда өткен жылы Аспан асты елінде соңғы 45 жылдағы ең төменгі нәтиже тіркелген.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, экономикамыз пандемияның жағымсыз салдарынан 2021 жылдың екінші тоқсанында айығады.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап Қазақстан экономикасы оң траекторияға шығады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған кезде өсім 3,7-4 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде», – деді Е.Досаев.
Экспорт пен импорт: сатқанымыздан сатып алғанымыз көп
– Кесірлі кеселдің таралуы салдарынан енгізілген шектеу шаралары әлем елдерінде ішкі іскерлік белсенділікті бәсеңдетіп қана қоймай, сыртқы сауда көлемін де қысқартты. Мұнай мен газ конденсаты экспортының төмендеуіне байланысты өткен жылы Қазақстанның жалпы экспорт көлемі 18,2 пайызға, яғни 7,9 млрд долларға азайып, ел қазынасына небәрі 35,3 млрд доллар кіріс түсті. Ал импорт көлемі тек 9,6 пайызға қысқарған. 2020 жылы өзге елдердің бюджетіне 26,4 млрд доллар құйыппыз. Алыс пен берістің бұл көрсеткіштері экономиканы өрге сүйремейді, – дейді сарапшылар.
Пандемиядан бұрын да экспорттың әлеуетіне қатысты көңілді күпті ететін мәселелер аз емес-тін. Алыс-жақын елдерге сататын өнімдеріміздің дені шикізат күйінде жөнелтілетіні, ал шетелден дайын тауарлар сатып алуға дағдыланғанымыз белгілі. Шикі өнімді көршілерге арзан бағаға ұсынатынымыз, ал сұрыпталған, өңделген, әрленген тауарды олардан бірнеше есе қымбат бағаға сатып алатынымыз да ешкімге құпия емес.
Экспорттық түсімнің басым бөлігі мұнай мен табиғи газға тиесілі. Одан кейінгі орындарда тұрған ферроқорытпа, мазут, цинк дегендер де жер қойнауынан шығатын пайдалы қазбалар санатында. Өзіміз өндіріп, шегесін қағып, бауын байлап, сыртын қаптап сатқан тауарымыз жоққа тән. Болса да тым елеусіз. Өзге елдер тұрмақ, көршілеріміздің өзімен салыстыруға келмейді. Керісінше, импортымыз экспорттан озып тұр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың артуы импорт көлемін ұлғайта түспек.
Қазір Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден тауар сатып алуды 8 пайызға көбейткен. 2020 жылғы қаңтардағы дерекке сүйенсек, үшінші елдерден тасымалданған тауар құны 1,4 млрд долларға жеткен. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің үшінші елдерден таситын тауарының құны бізден әлдеқайда төмен. Қазба байлығымыздың қорын сарқылмайтындай көретін бейқамдығымыздан өндірістік экономиканы лайықты деңгейде дамыта алмадық. Мұның зардабын бейбіт күнде тарта қоймасақ та, коронавирус атты көрінбейтін жаумен ұзаққа созылған күрес мұнайға сеніп отыра беруге болмайтынын ұқтырды.
Пандемия салдарынан Қазақстан шетке шығаратын негізгі тауар – минералды шикізат экспортын 16,8 пайызға қысқартуға мәжбүр болды. Ал экспортқа шығарылатын өнімнің 70 пайызы – минералды шикізат. Қазақстандық шикі мұнайды жеткізу абсолюттік мәнде 12,7 пайызға өсті, бірақ ақшалай мәнде мұнай нарығының құлдырауына байланысты 25,9 пайызға қысқарып, 17,1 млрд АҚШ долларын құраған. Табиғи газ сауда-саттығы 22,2 пайызға, ал кен мен концентрат саудасы 17,3 пайызға төмендеді. Сәйкесінше, бюджет түсімі де көңіл көншітпеді.
Былтыр тек жанар-жағармай саудасында оң көрсеткіш байқалған. Бірақ оның жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 1 пайыздан аспайды. Қазынаға қуат, көңілге медеу болғаны – трактор (87,3 пайызға) мен ұн (22,6 пайыз) саудасының артқаны.
Қазақстан қаржысы қай елдердің қалтасына құйылып жатыр?
2020 жылдың қорытындысы бойынша, сауда-саттықтың 20 пайызы – Ресей, 18 пайызы Қытаймен жасалған. Сондай-ақ еліміздің негізгі сауда серіктестерінің қатарында Италия (9,1 пайыз) және Корея Республикасы (8 пайыз) бар.
Қазақстандық өнімнің басты импорттаушысы – Қытай. Аспан асты еліне бір жылда 7,1 млрд доллардың өнімі жеткізілген. Елімізден 5,1 млрд доллардың өнімін импорттаған Италия 2-орында тұр. Ал 3-орында – Ресей. Ел экспортының 9,6 пайызы (3,4 млрд доллар) солтүстіктегі көршіміздің үлесі. Сондай-ақ қазақстандық өнімді импорттаушылардың алғашқы бестігіне Нидерланд пен Үндістан кірді, олардың экспорттағы үлесі тиісінше 6,5 және 4,5 пайызды құрады. Сондай-ақ 2020 жылдың 9 айында құны миллиард доллардан асатын отандық өнім Түркия ($1,6 млрд), Өзбекстан ($1,4 млрд), Франция ($1,3 млрд), Швейцария ($1,2 млрд) және Грекияға ($1,1 млрд) тасымалданды.
Енді алыс-жақын мемлекеттер елімізден нақты қандай тауар сатып алатынына тоқталсақ. Өткен жылдың 9 айында Қазақстан негізінен минералдық өнімдерді, машина мен жабдықтарды, металдар мен олардан жасалған бұйымдарды, химия өнеркәсібі өнімдерін және жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдерді сатты. Отандық экспорттың негізгі тауарлары тізіміне шикі мұнай ($18,7 млрд), мыстан және мыстан жасалған катодтар ($2,0 млрд), табиғи газ ($1,9 млрд), уран ($1,3 млрд), ферроқорытпалар ($1,3 млрд), мыс кендері мен концентраттары ($1,12 млрд), бидай ($730,7 млн), бағалы металдардың кендері мен концентраттары ($545,4 млн), мұнай өнімдері ($464,3 млн), темір кендері мен концентраттары ($452,1 млн) кіреді.
Импортқа көшейік. Еліміз әлі күнге шетелдік өнімдерге тәуелділіктен арыла алмай келеді. Тіпті, кейбір тауарларға деген сұраныстың 80 пайызы импорттық тауар есебінен жабылады. Олардың ішінде қант, тауық еті, көлік, құрал-жабдық, киім және басқалары бар. Сондықтан 2020 жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемінің өте жоғары (26,4 млрд доллар) болуына таңғалу орынсыз.
Қазақстандық импорттың 33,7 пайызы Ресейге тиесілі, тұрақты сауда серіктесіміз өткен жылы елімізге 9,3 млрд доллардың тауарын жеткізген. Ал 4,3 млрд доллардың өнімін экспорттаған Қытай (барлық импорттың 15,5 пайызы) 2-орында болса, 4,2 млрд доллардың тауарын сатқан Корея Республикасы 3-орында тұр. Отандық импорттың 4,8 пайызы – Германияның үлесінде, немістерден былтыр 1,3 млрд доллардың өнімін сатып алыппыз. Сондай-ақ Қазақстанға тауар импорттаушылардың негізгі ондығына АҚШ ($850,5 млн), Италия ($673,2 млн), Түркия ($655,6 млн), Франция ($611,2 млн), Өзбекстан ($565,4 млн) және Беларусь ($439,3 млн) кірді.
2020 жылдың есебіне сүйенсек, еліміз сауда серіктестерінен негізінен тоңазытқыш жабдықтарын ($1,6 млрд), сорғылар, компрессорлар және желдеткіштер ($1,1 млрд), дәрі-дәрмектер ($829,2 млн), телефон аппараттары ($708,8 млн), құбырларға арналған арматуралар ($632,7 млн), сұйықтықтарды немесе газдарды сүзуге арналған жабдықтар мен құрылғылар ($542 млн), жеңіл автокөліктер ($495,9 млн), сондай-ақ есептеуіш машиналар ($412 млн) сатып алған.
2021 жылдан не күтеміз?
– Өткен жылғы сынақтардан есеңгіреп, өсім көрсете алмаған ел экономикасы биыл ес жинай бастайды, – дейді сарапшылар.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 3,7-4,0 пайыз болады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осы өсім қарқыны сақталады деген болжам бар. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы тұтынушылар арасында белсенділікті арттырып, еңбек нарығындағы жағдайды қалпына келтіреді, халықтың шынайы табысы мен тұтыну несиелерінің артуына ықпал етеді. Инвестициялық белсенділік те қарқын алады деген болжам бар. Бұған ішкі және сыртқы сұраныстың артуы, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен кейінге шегерілген инвестициялық жобалардың орындалуы себеп болады. Жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 4-6 пайыз аралығында болады деп күтілуде», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының болжамынша, 2021 жылы жалпы ішкі өнім 2,7 пайызға өсуі мүмкін. Қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдерінің, талдау және қазынашылық бөлімшелері қызметкерлерінің пікірлеріне зерттеу жүргізген қауымдастық өкілдері жыл соңында инфляция 7,1 пайызды құрауы мүмкін деп болжап отыр.
Дүниежүзілік банк мамандары да Қазақстан экономикасы қайта қалпына келіп, өсу жолына түседі деген пікірде. Банк болжамынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі 2021 жылы кем дегенде 2,5 пайызға, ал кейінгі жылдары 3,5 пайызға өсу мүмкіндігі бар. «Бұған әлемдік экономика перспективаларының жақсаруы, экспортқа сұраныстың артуы, ішкі экономикалық белсенділіктің жаңаруы және қолда бар табыстың ұлғаюы әсер етеді», – дейді сарапшылар.
«2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін соңғы екі онжылдықтағы ең күрделі жыл болды. COVID-19 пандемиясының салдары 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстарға қарағанда әлдеқайда ауыр болды. Коронавирустың таралуы 2020 жылдың екінші тоқсанында жаһандық белсенділікті тоқтатты және Қазақстанның негізгі экспорттық тауары болып табылатын мұнай бағасының құлдырауына әкелді. Індет бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, көтерме сауда және көлік салаларына қатты әсер етті, қалалардағы жұмыспен қамтудың 30 пайызы осы салалардың үлесінде», – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Самсу Рахарджа.
Сарапшының айтуынша, биыл экономика үшін сын-қатерлер азаяды. Алайда өсу динамикасын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациясын сәтті жүргізу және экономикалық реформаларды жалғастыру маңызды.
«Қазақстан экономиканы инклюзивті қалпына келтіру және өнімділікті арттыру үшін реформалар жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін қамтамасыз етуге бұрынғыдан да көбірек назар аударуы қажет», – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.
Халықаралық қаржы мамандары атап өткен тағы бір маңызды индикатор, бұл – мемлекеттік қарыз деңгейі. Самсу Рахарджаның айтуынша, ол өте төмен деңгейде – 24 пайыз шамасында қалады (пандемияға дейін 20 пайыз болды). Бұл үрдіс Үкіметтің мемлекеттік қарыз тәуекелдерін басқаруды мықтап қолға алуына байланысты болмақ.
Отандық мамандардың да, халықаралық сарапшылардың да болжамы көңіл қуантарлық. Алайда нақты нәтиже еңбектің екпініне байланысты болары сөзсіз. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп алыс-жақынға ұялмай көрсететін сапалы өнім өндіру, өндірілгенді ұтымды ұсына білу, тиянақты қызмет көрсету, өз тауарымызды әуелі өзіміз тұтыну, отандық бизнеске қолдау көрсету – осындай қарапайым қағидаларды ұстанғанда ғана экономикамыздың тасы өрге домаламақ.