Қазынаның шығыны көп, кірісі аз

Қазынаның шығыны көп, кірісі аз

Қазынаның шығыны көп, кірісі аз
ашық дереккөзі
2020 жыл әлем экономикасы үшін сынақ жылы болды. Көрсеткіштердің бәрі кері кетті. Алыс-беріс азайып, барыс-келістің тоқтауы көп елдің қазынасын ортайтып, қарызын еселеді. Пандемия  Қазақстан экономикасының да өсімін тежеді. Шығынымыз артып, кіріс айтарлықтай кеміді. Үкіметтің есебіндегі цифрларға қарап, көңіл жұбатуға тырысқанымызбен, нарықтағы шынайы көріністер алаңдатпай қоймайды. Шикізатты экспорттап, дайын өнімді импорттауға иек артқан экономикамыз ескі сүрлеумен жүре берсе, болашағы жарқын болады деу қиын. Жалпы ішкі өнім 2,6 пайызға құлдырады Жуырда Асқар Маминнің тө­ра­ғалығымен өткен Үкі­мет отырысында 2020 жылғы әлеу­мет­тік-экономикалық даму және рес­публикалық бюджеттің атқа­рылу қорытындылары жарияланды. Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дә­леновтің айтуынша, нақты сек­тор экономикалық драйвер болды. Атап айтқанда, құрылыс, ақпарат жә­не байланыс, ауыл шаруашылығы, өң­деу өнеркәсібі және білім беру са­лаларынан түскен кіріс қазынаға қуат бітірді. Мәселен, өңдеу өнер­кә­сібі – 3,9 пайыз, оның ішінде метал­лур­гия өндірісі – 2,6 пайыз, азық-тү­лік өнімдері өндірісі – 4 пайыз, фар­мацевтика – 47 пайыз, машина жа­сау – 16,3 пайыз, оның ішінде ав­­­­томобиль жасау – 52,5 пайыз, сон­дай-ақ жеңіл өнеркәсіп 15 пайыз өсім көрсетті. Министрдің сөзінше, 2020 жылы елімізде құрылыс кө­лемі 11,2 пайызға артып, ре­корд­ты 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда 16,8 пайызға жо­ғары. Индустрия және инф­ра­құры­лымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, бір жыл ішінде тұр­ғын үй құрылысына шамамен 2 три­л­лион теңге инвестиция тар­тылып, 2019 жылғы деңгейден 33,6 пайыз­ға артты. Ел экономикасын алға жете­леу­­ден танбайтын ауыл ша­руа­шылығы да індет тудырған қиын­­дықтарға қа­ра­мастан дамуын тұ­ралатқан жоқ. Сала 5,6 пайызға өсіп, ел тұр­ғын­дарын азық-түлікпен қам­тама­сыз ету сапасы арта түсті. Өсімдік шаруашылығы – 7,8 пайызға, мал шаруашылығы 3 пайыз­­­­­ға өскен. Ұлттық банк дерегінше, бір жыл ішінде елдің алтын-валю­та қоры 6,7 млрд долларға ұл­ғайып, 35,7 млрд АҚШ долларына жет­ті. Есесіне Ұлттық қор активтері едәуір азайған. Қордағы қаражат 3,1 млрд долларға кеміп, 58,7 млрд АҚШ долларын құрады. Үкімет «өндірісте іркіліс, ел тұрғындарын азық-түлік­пен қамтуда кедергі болған жоқ» дей­ді, алайда нарықта жекелеген тауар­лар (өсімдік майы, қант, жұ­мыртқа) бағасы 10,8 пайыздан 11,3 пайыз­ға дейін қымбаттады. Сал­да­ры­нан жылдық инфляция 7,5 пайыз­­ға жетті. Жалпы алғанда, 2020 жылы Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға құлдыраған. Ұлттық банк бұл біздің болжамдарымызға сәй­кес келеді, яғни бұған дайын бол­дық деп сендірді. Банк төрағасы Ер­болат Досаев пандемия әлем эко­номикасын 4,4 пайызға төмен­дет­ке­нін, дамушы елдердің арасында тек Қытайда (2,3 пайыз) жалпы ішкі өнім өскенін алға тартты. Алай­да өткен жылы Аспан асты елін­де соңғы 45 жылдағы ең төменгі нәтиже тіркелген. Ұлттық банк басшысының ай­туынша, экономикамыз панде­мия­ның жағымсыз салдарынан 2021 жыл­дың екінші тоқсанында айы­ға­ды.
«Ұлттық банктің болжамы бойын­ша, 2021 жылдың екінші тоқ­с­а­нынан бастап Қазақстан эконо­ми­­касы оң траекторияға шығады. 2021 жылдың қорытындысы бойын­­ша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған кезде өсім 3,7-4 пайыз деңгейінде болады деп кү­тілу­де», – деді Е.Досаев.
Экспорт пен импорт: сатқанымыздан сатып алғанымыз көп – Кесірлі кеселдің таралуы сал­да­рынан енгізілген шектеу ша­ра­ла­ры әлем елдерінде ішкі іскерлік бел­­­сенділікті бәсеңдетіп қана қой­май, сыртқы сауда көлемін де қыс­қартты. Мұнай мен газ конденсаты экс­портының төмендеуіне бай­ла­ныс­ты өткен жылы Қазақстанның жал­пы экспорт көлемі 18,2 пайызға, яғни 7,9 млрд долларға азайып, ел қа­зынасына небәрі 35,3 млрд дол­лар кіріс түсті. Ал импорт көлемі тек 9,6 пайызға қысқарған. 2020 жы­лы өзге елдердің бюджетіне 26,4 млрд доллар құйыппыз. Алыс пен бе­рістің бұл көрсеткіштері эконо­ми­каны өрге сүйремейді, – дейді сарап­шылар. Пандемиядан бұрын да экс­порт­тың әлеуетіне қатысты көңіл­ді күпті ететін мәселелер аз емес-тін. Алыс-жақын елдерге сата­тын өнімдеріміздің дені шикізат күйін­де жөнелтілетіні, ал шетелден дайын тауарлар сатып алуға дағ­ды­лан­ғанымыз белгілі. Шикі өнімді көр­шілерге арзан бағаға ұсы­на­ты­нымыз, ал сұрыпталған, өңделген, әр­лен­ген тауарды олардан бірнеше есе қымбат бағаға сатып алатыны­мыз да ешкімге құпия емес. Экспорттық түсімнің басым бө­лігі мұнай мен табиғи газ­ға тиесілі. Одан кейінгі орындарда тұр­ған ферроқорытпа, мазут, цинк де­гендер де жер қойнауынан шыға­тын пайдалы қазбалар санатында. Өзі­міз өндіріп, шегесін қағып, бауын байлап, сыртын қаптап сат­қан тауарымыз жоққа тән. Болса да тым елеусіз. Өзге елдер тұрмақ, көр­­шілеріміздің өзімен салыстыру­ға келмейді. Керісінше, импортымыз экспорттан озып тұр. Ұлттық эко­но­мика министрлігінің мәліметін­ше, тұтынушылық және инвести­ция­­лық сұраныстың артуы импорт кө­лемін ұлғайта түспек. Қазір Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кір­мей­тін елдерден тауар сатып алуды 8 пайызға көбейткен. 2020 жылғы қаң­тардағы дерекке сүйенсек, үшін­ші елдерден тасымалданған тауар құны 1,4 млрд долларға жет­кен. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің үшінші елдерден таситын тауа­ры­ның құны бізден әлдеқайда төмен. Қаз­ба байлығымыздың қорын сар­қыл­майтындай көретін бейқам­ды­ғымыздан өндірістік экономиканы лайықты деңгейде дамыта алмадық. Мұ­ның зардабын бейбіт күнде тар­та қоймасақ та, коронавирус атты кө­­рінбейтін жаумен ұзаққа созыл­ған күрес мұнайға сеніп отыра бе­ру­­ге болмайтынын ұқтырды. Пандемия салдарынан Қа­зақ­стан шетке шығара­тын не­гіз­гі тауар – минералды шикізат экс­портын 16,8 пайызға қысқартуға мә­жбүр болды. Ал экспортқа шы­ға­рылатын өнімнің 70 пайызы – ми­нералды шикізат. Қазақстандық ши­кі мұнайды жеткізу абсолюттік мән­де 12,7 пайызға өсті, бірақ ақ­ша­лай мәнде мұнай нарығының құл­дырауына байланысты 25,9 пайы­зға қысқарып, 17,1 млрд АҚШ дол­ларын құраған. Табиғи газ сауда-сат­тығы 22,2 пайызға, ал кен мен кон­центрат саудасы 17,3 пайызға тө­мендеді. Сәйкесінше, бюджет тү­сі­мі де көңіл көншітпеді. Былтыр тек жанар-жағармай сау­дасында оң көрсеткіш бай­­­қалған. Бірақ оның жалпы экс­порт көлеміндегі үлесі 1 пайыздан ас­пайды. Қазынаға қуат, көңілге ме­деу болғаны – трактор (87,3 пайыз­ға) мен ұн (22,6 пайыз) сауда­сы­ның артқаны. Қазақстан  қаржысы қай елдердің қалтасына  құйылып жатыр? 2020 жылдың қорытындысы бойын­ша, сауда-саттықтың 20 пайы­зы – Ресей, 18 пайызы Қы­тай­­мен жасалған. Сондай-ақ елі­міз­дің негізгі сауда серіктестерінің қа­тарында Италия (9,1 пайыз) және Ко­рея Республикасы (8 пайыз) бар. Қазақстандық өнімнің басты импорттаушысы – Қытай. Ас­пан асты еліне бір жылда 7,1 млрд дол­лардың өнімі жеткізілген. Елі­мізден 5,1 млрд доллардың өнімін им­порттаған Италия 2-орында тұр. Ал 3-орында – Ресей. Ел экспор­ты­ның 9,6 пайызы (3,4 млрд доллар) сол­түстіктегі көршіміздің үлесі. Сон­дай-ақ қазақстандық өнімді им­порттаушылардың алғашқы бес­тігіне Нидерланд пен Үндістан кірді, олар­дың экспорттағы үлесі тиісін­ше 6,5 және 4,5 пайызды құрады. Сон­дай-ақ 2020 жылдың 9 айында құ­ны миллиард доллардан асатын отан­дық өнім Түркия ($1,6 млрд), Өз­бек­стан ($1,4 млрд), Франция ($1,3 млрд), Швейцария ($1,2 млрд) жә­не Грекияға ($1,1 млрд) тасы­мал­дан­ды. Енді алыс-жақын мемлекеттер елі­­мізден нақты қандай тауар сатып ала­тынына тоқталсақ. Өт­кен жылдың 9 айында Қазақстан не­гізінен минералдық өнімдерді, ма­шина мен жабдықтарды, ме­тал­дар мен олардан жасалған бұйым­дар­ды, химия өнеркәсібі өнімдерін жә­не жануарлар мен өсімдіктерден алы­натын өнімдерді сатты. Отан­дық экспорттың негізгі тауарлары тізіміне шикі мұнай ($18,7 млрд), мыстан және мыстан жасалған катодтар ($2,0 млрд), табиғи газ ($1,9 млрд), уран ($1,3 млрд), фер­роқорытпалар ($1,3 млрд), мыс кен­дері мен концентраттары ($1,12 млрд), бидай ($730,7 млн), бағалы металдардың кендері мен кон­центрат­тары ($545,4 млн), мұнай өнімдері ($464,3 млн), темір кендері мен концентраттары ($452,1 млн) кіреді. Импортқа көшейік. Еліміз әлі күнге шетелдік өнімдерге тәуел­­­ділік­тен арыла алмай келеді. Тіпті, кейбір тауарларға деген сұра­ныстың 80 пайызы импорттық тауар есебінен жабылады. Олардың ішін­де қант, тауық еті, көлік, құрал-жаб­дық, киім және басқалары бар. Сон­дықтан 2020 жылдың қорытын­ды­сы бойынша импорт көлемінің өте жоғары (26,4 млрд доллар) болуы­на таңғалу орынсыз. Қазақстандық импорттың 33,7 пайызы Ресейге тиесілі, тұ­рақ­ты сауда серіктесіміз өткен жы­лы елімізге 9,3 млрд доллардың тауа­рын жеткізген. Ал 4,3 млрд дол­лардың өнімін экспорттаған Қытай (барлық импорттың 15,5 пайызы) 2-орында болса, 4,2 млрд доллардың тауарын сатқан Корея Республикасы 3-орында тұр. Отандық импорттың 4,8 пайызы – Германияның үлесінде, немістерден былтыр 1,3 млрд дол­лардың өнімін сатып алыппыз. Сон­дай-ақ Қазақстанға тауар им­порт­таушылардың негізгі ондығына АҚШ ($850,5 млн), Италия ($673,2 млн), Түркия ($655,6 млн), Франция ($611,2 млн), Өзбекстан ($565,4 млн) және Беларусь ($439,3 млн) кірді. 2020 жылдың есебіне сүйенсек, елі­міз сауда серіктестерінен не­гі­зі­нен тоңазытқыш жабдықтарын ($1,6 млрд), сорғылар, компрессор­лар және желдеткіштер ($1,1 млрд), дәрі-дәрмектер ($829,2 млн), те­ле­фон аппараттары ($708,8 млн), құ­быр­ларға арналған арматуралар ($632,7 млн), сұйықтықтарды неме­се газдарды сүзуге арналған жаб­дық­тар мен құрылғылар ($542 млн), жеңіл автокөліктер ($495,9 млн), сон­дай-ақ есептеуіш машиналар ($412 млн) сатып алған. 2021 жылдан не күтеміз? – Өткен жылғы сынақтардан есең­гіреп, өсім көрсете алмаған ел эко­номикасы биыл ес жинай бас­тай­ды, – дейді сарапшылар. «2021 жылдың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 3,7-4,0 пайыз болады. 2022 жылдың бірінші жар­тыжылдығында осы өсім қар­қы­ны сақталады деген болжам бар. Эпи­демиологиялық жағдайдың жақ­саруы тұтынушылар арасында бел­сенділікті арттырып, еңбек на­ры­ғындағы жағдайды қалпына кел­тіреді, халықтың шынайы та­бы­сы мен тұтыну несиелерінің ар­туы­на ықпал етеді. Инвестициялық бел­сенділік те қарқын алады деген бол­жам бар. Бұған ішкі және сырт­қы сұраныстың артуы, дағда­рыс­қа қар­сы мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың жүзеге асырылуы мен кейінге ше­герілген инвестициялық жоба­лар­дың орындалуы себеп болады. Жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 4-6 пайыз ара­лығында болады деп күтілуде», – дейді Ұлттық банк төрағасының орын­­басары Ақылжан Байма­ғам­бетов. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығының болжамынша, 2021 жылы жалпы ішкі өнім 2,7 пайыз­ға өсуі мүмкін. Қаржы нары­ғы­ның кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйым­дар өкілдерінің, талдау және қа­зы­нашылық бөлімшелері қызмет­кер­лерінің пікірлеріне зерттеу жүр­гіз­ген қауымдастық өкілдері жыл соңын­да инфляция 7,1 пайызды құ­рауы мүмкін деп болжап отыр. Дүниежүзілік банк мамандары да Қазақстан экономикасы қайта қал­пына келіп, өсу жолына түседі деген пікірде. Банк болжамынша, елі­міздің жалпы ішкі өнімі 2021 жы­лы кем дегенде 2,5 пайызға, ал кейін­гі жылдары 3,5 пайызға өсу мүм­кіндігі бар. «Бұған әлемдік эко­номика перспективаларының жақ­саруы, экспортқа сұраныстың ар­туы, ішкі экономикалық белсен­д­і­лік­тің жаңаруы және қолда бар та­быстың ұлғаюы әсер етеді», – дейді сарапшылар. «2020 жыл Қазақстан эконо­ми­касы үшін соңғы екі онжылдықтағы ең күрделі жыл болды. COVID-19 пан­демиясының салдары 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстарға қара­ғанда әлдеқайда ауыр болды. Ко­ронавирустың таралуы 2020 жыл­дың екінші тоқсанында жаһан­дық белсенділікті тоқтатты және Қа­зақстанның негізгі экспорттық тауа­ры болып табылатын мұнай ба­ғасының құлдырауына әкелді. Індет бөлшек сауда, қ­онақүй бизнесі, көтерме сауда жә­не көлік салаларына қатты әсер етті, қалалардағы жұмыспен қам­ту­дың 30 пайызы осы салалардың үле­сінде», – дейді Дүниежүзілік банк­тің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Самсу Рахарджа. Сарапшының айтуынша, биыл экономика үшін сын-қа­­­терлер азаяды. Алайда өсу дина­ми­касын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациясын сәтті жүргізу және экономикалық реформаларды жалғастыру маңызды. «Қазақстан экономиканы инк­люзивті қалпына келтіру және өнім­­ділікті арттыру үшін рефор­ма­лар жүргізуге, сондай-ақ мем­ле­кет­тік бағдарламалардың тиімділігін қам­­тамасыз етуге бұрынғыдан да кө­­бірек назар аударуы қажет», – дей­­ді Дүниежүзілік банктің Қа­зақ­стан­дағы тұрақты өкілі Жан-Фран­суа Марто. Халықаралық қаржы маман­дары атап өткен тағы бір маңызды ин­­дикатор,  бұл – мемлекеттік қа­рыз дең­гейі. Самсу Рахарджаның ай­­туын­ша, ол өте төмен деңгейде – 24 пайыз шамасында қалады (пан­де­мия­ға дейін 20 пайыз болды). Бұл үрдіс Үкіметтің мемлекеттік қарыз тәуекелдерін басқаруды мықтап қол­ға алуына байланысты болмақ. Отандық мамандардың да, ха­лық­аралық сарапшылардың да бол­жамы көңіл қуантарлық. Алайда нақ­ты нәтиже еңбектің екпініне бай­ланысты болары сөзсіз. «Біз­дер­де мынадай бар, мынадай бар» деп алыс-жақынға ұялмай көрсететін сапалы өнім өндіру, өндірілгенді ұтымды ұсына білу, тиянақты қыз­мет көрсету, өз тауарымызды әуелі өзі­міз тұтыну, отандық бизнеске қол­дау көрсету – осындай қара­пайым қағидаларды ұстанғанда ға­на экономикамыздың тасы өрге до­маламақ.