Құмар ойындардың құрсауындағы қоғам

Құмар ойындардың құрсауындағы қоғам

Құмар ойындардың құрсауындағы қоғам
ашық дереккөзі
Құмар ойынға тәуелді азаматтың ошағы ойрандалып, шаңырағы шайқатылатынын естіп-көріп жатамыз. Жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлақтай құмар ойындардың тозағы соңғы он жылдықта рекордтық деңгейге жеткен. Букмекерлік кеңсе, лотерея, карта, казино  орталықтарының зияны шаш етектен төгіліп тұр. Бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаттары «Ойын бизнесі туралы заңда» букмекерлік кеңселер мен лоторея орталықтарының санын азайтып, казиноны Қапшағай  қаласы мен Бурабай аймағында ғана орналасу керектігі туралы заң қабылдаған болатын. Айтып-айтпай не керек, бұл заңның бүгінде өз деңгейінде сақталмай жүргенін байқап жүрміз. Алысқа бармай-ақ, бас қала – Нұр-Сұлтанды қарастырсақ, онда заңсыз бизнестің заңғарына шығып жүрген алпауыттар саны асып жығылады. Букмекерлік кеңселердің Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескерсек, «оңай олжаға кенелесіз» деп жар салғыш ойынханаларды түбімен жою қиынның қиыны. Бұл заңсыз бизнестің ересектерге ғана емес, сондай-ақ, жасөспірімдерге тигізер зияны көп. Ойын орталықтарына 21 жастан жоғары азаматтар кіре алады деп көрсетілгенімен, ішінде 16-20 жас аралығындағы жас жеткіншектерді кездестіруге болады. Осыдан-ақ тәртіп сақшыларының ешбір ойынханаларда күнделікті тексерістер жүргізілмейтінін байқайсың. Одан  қалса, ойын залдарында ойын автоматтары мен терминалдар көптеп орналастырылып, тіпті онлайн режимде ойнауға мүмкіндік жасалған. Ал, жасырын түрде ойнап жүрген балалардың ұтыс алуы ешқандай қиындық тудырмайды. Балғын балалар мен жастар еліміздің болашағы десек, олардың құмар ойынмен әуестенуі – айықпас дертпен пара-пар. Ислам дінінде харам делінген құмар ойын орталықтарының құмырсқадай қаптауы көңіл қуантпайды. Тіпті, әрбір көшеден кем дегенде бір-екеу немесе одан көбін кездестіреміз. Шындығында, кез-келген спорттық ойынның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау. Ал, құмар ойындарға әуес болу, бәс тігіп байып кетемін деу – санасыздықтың шыңырауы екендігі көзі ашық, көкірегі ояу адамға  белгілі. Медицина мамандарының айтуынша, ойынқұмарлық – нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды. Ойынқұмар адамның жеңіліске тап болған сайын депрессияға ұшырап, жүйке жүйесіне айтарлықтай зақым келетіні дәлелденген. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда  жылына 4 000-ға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Ал олардың басым бөлігінің өлімі ойынқұмарлықтан болғаны туралы дәлелдер бар. Психологтар ойынқұмарлық дертінен арылу үшін ортаны өзгерту, жақындарымен жылы қарым-қатынас орнату, еңбек пен спортқа ұмтылу шешуші рөл атқарады дегенді айтады. Демек, ойынға азғандардың өздерін жаман адам ретінде санауы қате ұғым. Үндістанда табылған «Бес бейіт» жәдігерінде жазылғандай: «Жалғанда жаман адам жоқ. Қателескен немесе қателесіп жүргендер ғана». Әр адам өз өмірін жақсы арнаға бұра алатыны айқын. Құмар ойын ойнап, қадірімізді қашырмайық ағайын...

Ержігіт Күнтубаев,

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті