Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар Ядролық қаруды таратпау бойынша орталықтан 75 млн доллар грант алды

ашық дереккөзі

Қазақстандық ғалымдар Ядролық қаруды таратпау бойынша орталықтан 75 млн доллар грант алды

Халықаралық ғылыми-техникалық орталық 20 жылда Қазақстан ғалымдарына 75 млн. доллар грант бөлді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті. «Халықаралық ғылыми-техникалық орталық - Үкіметаралық ұйым. Орталық ядролық қаруды таратпау мақсатында Еуропалық одақ, Ресей, АҚШ және Жапония арасындағы келісім ретінде 1992 жылы құрылған. ҚР орталыққа 1995 жылы қосылған. Орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімге 2015 жылы Астана қаласында қол қойылған. Келісімде орталықтың штаб-пәтерін Ресейден Қазақстанға көшіру қарастырылған. Келісімге сәйкес, ҚР Орталыққа қызметтік орынжай береді. Сонымен қатар осы орынжайға қызмет көрсетуді, коммуналдық және күзет қызметтерін төлеуді қамтамасыз етеді. Орталық қызметін жалғастыру туралы келісім әлі күнге дейін ратификацияланбаған. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл орталық Назарбаев Университетінің ғимаратында тегін орналастырылған. Шығындарды Назарбаев Университеті төлеп отыр. Жылына 18 млн. теңге кетеді. Қазіргі кезде министрлік «Астана ЭКСПО-2017» компаниясымен және «Астана» қаржы орталығымен бірлесіп, орталықтың штаб-пәтерін көрме өткен соң «ЭКСПО» ғимаратының біріне орналастыру мәселесін қарастыруда», - деді министр. Оның атап өтуінше, келісімге сәйкес орталықтың негізгі міндеті - жаппай қырып-жою қаруы саласындағы ғалымдар мен инженерлерге басқа жұмысқа орналасуға, өз білімін бейбіт мақсатқа пайдалануға мүмкіндік беру. Сонымен бірге бұл орталықтың басты мақсаты - жобалардан пайда табу. «Орталық өз қызметін екі бағыт - ғылыми-техникалық жобаларға грант бөлу, конференциялар мен семинарлар өткізу бойынша іске асырады. Әр жоба бойынша орталық бөлетін грант сомасы ғылыми ұйымның сұраған сомасына байланысты орташа 100 мыңнан 600 мың АҚШ долларына дейін болады.  Жобалардың жалпы ұзақтығы - 2-3 жыл. Өткен 20 жылдың  ішінде Қазақстан ғалымдарына орталық бөлген гранттар көлемі 75 млн. долларды немесе гранттардың жалпы санының 13 пайызын құрады. Осы кезеңде 206 грант 5 мыңдай қазақстандық ғалымдарға бөлінді», - деді Е.Сағадиев. Оның сөзіне қарағанда, орталық мынадай ғылыми бағыттар ұсынады: биотехнология, ядролық реакторлар, материалтану, экология, химия және физика. «2014 жылы Қазақстан ғалымдарына ең көп грант бөлінді - 1,5 млн. доллар. Ал 2016 жылы елімізге қаржы бөлінбеген. Ратификациялау қажет болып тұр. Қазіргі уақытта тапсырылған қазақстандық жобалардың саны 50 пайызды құрайды. Ғалымдар жұмыстарын істеуге дайын. Қаржыландыру үш кезеңмен жүргізіледі. Тапсырылған қазақстандық жобалар ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңесте қаралады. Аталған кеңестің құрамына қазақстандық мемлекеттік органдардың және тиісті ұйымдардың өкілдері кіреді.  2-ші кезеңде таңдалған жобалар орталықтың ғылыми-техникалық комитетіне ұсынылады. Бұл кезеңнен өткен жобалар орталықтың басқарушылар кеңесіне қарауға түседі. 5 дауыстың ішінде еліміз бір дауысқа ие», - деп атап өткен министр, бұл келісімді ратификациялау еліміздің ғылымы үшін маңызды екендігін баса айтты.