Алматыда "Рахат" базарының 300-ге жуық саудагері наразылыққа шықты
Алматыда "Рахат" базарының 300-ге жуық саудагері наразылыққа шықты
Алматыда "Рахат" базарының 300-ге жуық саудагері өздері жан бағып отырған сауда орнының жабылуына қарсылық білдіріп, наразылыққа шықты. Айтуларынша, орнына жиһаз фабрикасын салуға рұқсат беріпті, деп хабарлайды КТК арнасы.
Саудагерлер жиһаз фабрикасын салғысы келетіндерді сотқа да берген. Алайда сот ісі сағызша созылғанына күйінген олар ақыры наразылыққа шығуды ұйғарған. Оның үстіне саудагерлерге былтыр әкімдіктегілер базардың жабылатынын хабарлап тастаған екен.
"Себебін былай деп айтты: бұл санитарлық аймақ, зират, "қызыл" аймақ, бұл жерге салуға болмайды. Бізге, "ТКМ" ЖШС-не. Ал сонда қараңыз,"СPS" ЖШС-не салуға болады екен, жаңағы жиһаз фабрикасын. Сонда қалай? Біреуге салуға болады да, біреуге салуға болмай ма? Сонда біздің мүддеміз қайда қалды? Құқығымызды кім қорғайды? Біз осы ұлтарақтай жерімізбен бала-шағамызды асырап отырмыз", - дейді саудагер Ләззәт Көпербаева.
30 жылдан бері осы жерден нәпақа тауып отырған жандар енді қайда барарларын білмей дал. "Рахат" сауда орнында көп жыл бойы киім-кешек сатып жан баққандардың бірі - Тамара Жұмандықова. Жұмысынан айырылған ол енді бала-шағасын қалай асыраймын деп сары уайымға салынған.
"Екі қызым бар. Шынын айтсам, бүкіл отбасын тек мен бағып отырмын. Тағы екі сатушым бар. Олардың да отбасында 3-4 адамнан. Мен сияқты адам көп. Базар жабылып қалса, қанша адам далада қалады", - дейді ол.
Саудагерлердің шағымына қатысты жауап берген жергілікті биліктің айтуынша, оларды ешкім қуып жатқан жоқ.
"Барахолкада, кез келген базарда орын бар. Бірақ бұл саудагерлерді ешкім қуып жатқан жоқ. Екі жыл болды, жұмысын істеп отыр. "ТКМ" ЖШС жердің жалға берілу мерзімі біткен кезде уақытында арыз бермеген. Бір айдан кейін беріп отыр", - дейді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Дамир Әкежанов.
Мән-жайдың барлығы соттың соңғы шешімінен кейін белгілі болмақ. nt