Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Қырғызстан қорғаныс министрлері әскери ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қырғызстан Президентінің ресми сапары аясында келген қырғыз әріптесі генерал-майор Талайбек Өмірәлиевпен кездесті. Тараптар әскери ынтымақтастықтың, өңірлік қауіпсіздіктің, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Нұрлан Ермекбаев пен Талайбек Өмірәлиев Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсету, сондай-ақ 20212 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспары туралы келісімге қол қойды. «Бүгінгі кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтар қорғаныс саласындағы бұдан әрі тәжірибелік өзара іс-қимылға негіз болады деп сенемін», - деп Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы атап өтті. Кездесу барысында екі елдің Қарулы Күштері бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығы, соның ішінде осы жылы Қазақстан аумағында «Аңырақай» бірлескен оқу-жаттығуын өткізу, биылғы Армия халықаралық ойындарының сайыстарына қатысу, арнайы операциялар күштерін даярлау іс-шаралары, сондай-ақ әскери білім шеңберінде әрі қарай өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.