Жаңалықтар

Қытай 15 жылда елімізге 19,2 миллиард доллар инвестиция құйған

ашық дереккөзі

Қытай 15 жылда елімізге 19,2 миллиард доллар инвестиция құйған

2020 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 4%-ға өсіп, 15,4 миллиард доллар болған. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламалары қос мемлекеттің сауда-экономикалық байланысына серпін берген. «2020 жылы Қытаймен тауар айналымы 4%-ға өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қытайға экспорт 9 миллиард доллар, импорт 6,4 миллиард доллар болды. Қытай Қазақстанға инвестиция салған ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді», - деді вице-министр «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға арналған жиында. Қайрат Төребаев 2005-2020 жылдары аралығында елімізге тартылған Қытай инвестицияның жалпы көлемі 19,2 миллиард доллардан асқанын атап өтті. «Қытайға тікелей инвестицияның жылыстауы (отток) $ 667,2 миллион доллар болды. Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында 24,5 миллиард долларға 56 кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Нысандардың құрылысы 2023 жылға қарай аяқталады», - деді ол. Оның айтуынша, бүгінде «Қорғас» ШЫХО-ның Қазақстан аумағында жалпы сомасы 110,37 миллиард теңгеге 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша 24 компания жұмыс істеп жатыр.