Биыл магистранттар шетелде тәжірибеден өте ала ма?

2 наурыз, 2021 / Ділда УӘЛИБЕК
ашық дереккөзі
Биыл магистранттар шетелде тәжірибеден өте ала ма? Бүгінде қазақстандық магистранттар COVID-19 пандемиясына байланысты шетелде тағылымдамадан өте алмай отыр. Әлемде және Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі азайса, магистранттарды шетелге тағылымдамаға жіберу мәселесі қаралады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. Алдымен вице-министр университет студенттері биыл жазда өндірістік тәжірибеден өтетінін атап өтті.
«Студенттер қазірдің өзінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Ол жұмыс графикке сәйкес жүргізіледі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Шолпан Каринова биыл магистранттарды шетелге тағылымдамаға жіберу мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді.
«Қазіргі таңда студенттерге шетелге шығуға шектеу қойылған. Алайда әлемдегі және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, бұл мәселе шешімін табады», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.