Кәсіпқой боксқа бірқатар боксшылар ауысуы мүмкін
Кәсіпқой боксқа бірқатар боксшылар ауысуы мүмкін
Massaget.kz басылымы кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін деген қазақстандық боксшылардың тізімін жасады.Олардың ішінде Рио олимпиадасының жүлдегерлері де бар. Мәселен, 91 келіге дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Василий Левитті кәсіпқой бокстың шаршы алаңынан көріп қалуымыз мүмкін. Бразилиядағы доданың финалынан кейін қазақстандық боксшыны әлем тани түсіп, спорт саңлақтарының назарын аударды. Атақты америкалық промоутер Эл Хеймонның ұсыныс жасауы мүмкін екендігі де айтылды.
Василий Левит 28 жаста. Кәсіпқой боксқа жасы мен тәжірибесі сұранып-ақ тұр. Рио Олимпиадасы мен "Astana Arlans" сапындағы шеберлігін бағалаған спорт мамандары отандасымызды нағыз кәсіпқой боксқа дайын тұлға ретінде бағалауда. Ал Олимпиадаға дейінгі сұхбаттарының бірінде Василий "кәсіпқой боксқа жақсы ұсыныстар түссе, неге бақ сынап көрмеске?", - деген еді.
Келесі үміткер Риода Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің те кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екенін басылымда жазғанбыз. Boxing News порталы ағасы Дәурен Елеусіновке қосылып, Лу Ди Белланың қол астында өзінің кәсіпқой бокстағы мансабын бастауға ниетті екенін жазды. Ал боксшы бұл тақырыпқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Оралға барған сапарында кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныстың түскенін, әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты. Айта кетейік, ұлттық құрама капитаны әуесқой бокста талай белестерді бағындырды. Данияр халықаралық жарыстарды қоспағанда, Азия, әлем және Олимпиада чемпионы атанған еді.
Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін мансабынан бөлек, жеке өміріне көп көңіл бөлуді көздеген Әділбек Ниязымбетовты де кәсіпқой бокстан көріп қалуымыз мүмкін. Дегенмен бұл боксшы да түскен ұсыныстарға қарсы болмайды.
"Келесі Олимпиадаға қатысу туралы шешім қабылдаған жоқпын. Жетістік бар, жетпегеніне тағы ұмтылу керек. Біраз тыныққаннан кейін, жаттықтырушыммен кеңесіп көретін боламын. Кәсіпқой боксқа ауысу туралы да әлі ойланғын жоқпын", - деді боксшы Риодағы додадан кейінгі сұқбаттарының бірінде.
Бүгінде қазақстандық боксшы қыздар да кәсіпқой шаршы алаңда бақ сынауды мақсат тұта бастады. Оның айқын дәлелі ретінде Фируза Шарипованы айтуға болады. Ал екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бұл жолды таңдар ма екен әлі белгісіз. Назымға танымал промоутер Сергей Завилейский ұсыныс жасағаны туралы осыған дейін ақпарат құралдарында жазылды. Дегенмен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Олимпиадада бақ сынағысы келетіні жасырын емес.
"Қазақ жанкүйерлері басқа-басқа бокстың болашағына зор үмітпен қарайды. Келешекте намысты қолдан бермес, шаршы алаңда атой салатын чемпиондардың шығатынына шүбәміз жоқ. Қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары әуесқой бокс шаршы алаңдарында ғана әлемді мойындатпай, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатарына сеніммен қараймыз", - деп жазады басылым тілшісі.
Естеріңізге салак кетейік болса, Геннадий Головкин кәсіпқой бокста қазақ елінің атын әлемге танытып жүр.