Жаңалықтар

Жасөспірімдерді тәртіпке шақырмақ болған алматылық полицей құрылысы бітпеген үйден құлап кетті

ашық дереккөзі

Жасөспірімдерді тәртіпке шақырмақ болған алматылық полицей құрылысы бітпеген үйден құлап кетті

Алматыда полиция қызметкері қараусыз қалған құрылыс нысанынан құлап, жарақат алды. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алатау ауданының ювеналды полиция қызметкері құрылысы бітпеген көпқабатты үйдің төбесіне шыққан 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге ескерту жасамақ болып көтерілген. «Полицей жасөсіпірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізу кезінде сүрініп, төменгі қабатқа құлап кеткен. Қазіргі уақытта оған операция жасалды, бірақ жағдайы ауыр. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша хаттама жасалды. Жасөсіпірімдер қауіпсіз жерге шығарылды. Ешқайсысы зардап шеккен жоқ», - деп хабарлады полициядан. Осы оқиғаға байланысты жарақат алған полицейдің қарындасы әлеуметтік желі арқылы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан көмек сұрады. «Бақытжан Сағынтаев мырза, қандай дәрігер мамандардың көмегі қажет екенін анықтап, бауырымның өміріне араша түсуіңізді сұраймын. Оның 3 баласы, аяғы ауыр әйелі, 80-ге келіп қалған қарт анасы бар. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері үйді салып бітірмеген құрылыс мекемесі басшылығын жауапқа тартуыңызды сұраймын», - деді ол.