Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді
Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді.
Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның «Шығыс залына» барды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі еліміздің арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын, – деді Мемлекет басшысы.
Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.