Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан имиджі
Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан имиджі
Ақпарат кеңістігінде мемлекеттің имиджі мен медиаобразын жасау – дамушы елдердің алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде дүние жүзінің алпауыт елдерімен байланыс орнатып, әртүрлі салалар бойынша келісімшарт жасасты. Бүгінгі таңда халықаралық қарым-қатынас кеңінен дамып, шетелдік танымал компаниялар елдің экономикасын өркендетуге үлес қосуда.
Ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттің имиджін қалыптастыруда журналистердің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Оның үстіне жаһандану дәуірінде журналистиканың әлемдік ақпарат нарығында жауапкершілігі жоғары. Ең алдымен халықаралық журналистердің дайындығы мен кәсіби шеберлігі маңызды.
Л.Н.Гумилев атындағы Ерузия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен онлайн семинарда мемлекеттің имиджі, елдік бренд, саяси оқиғалар мен спорт жаңалықтарына қатысты ақпаратты жазу мен жариялау талқыланды.
Онлайн семинарға университет түлегі, Чикаго университетінің магистранты, журналист, фантаст-жазушы, PR кеңесші Азамат Байғалиев, спорт журналистикасында есімі танымал Гения Төлегенов, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Еуропадағы тілшісі Нұрсұлу Қасым, «KazInform.kz» халықаралық ақпарат агенттігінің редакторы Жәнібек Амангелді қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ кафедраның студенттері мен магистранттары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық журналистика магистранттары онлайн семинар өткізушілерге имидж қалыптастыруға байланысты маңызды сауалдар қойды.
Университет түлегі, журналист, PR кеңесші Азамат Байғалиев Қазақстандағы кейбір саяси оқиғалар мен әлемдік ақпарат кеңістігінде көпшіліктің қызыу талқысына түскен тақырыптарға сараптама жасады. Мемлекеттің имиджін қалыптастыруға байланысты түрлі тәсілдер туралы баяндады. Сондай-ақ әлемдік саясаттағы түрлі ақпараттың жазылу сипатына тоқталды.
«Qazaqstan» ұлттық арнасының Еуропадағы тілшісі Нұрсұлу Қасым Қазақстандағы адам құқықтарына байланысты мәселелердің шетелдік ақпарат құралдарына жиі талқыланатынын тілге тиек етті. Сонымен бірге мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруға ықпал еткен деректерге тоқталды.
Жәнібек Амангелді халықаралық ақпарат агенттігінің қазіргі таңда бірнеше тілде ақпарат таратуына кеңінен тоқталды. Әсересе пандемия жағдайында «KazInform.kz» халықаралық ақпарат агенттігінің қытай бөлімі тікелей Қытаймен байланыс жасап, ақпаратты жедел таратудағы кәсіби шеберліктеріне мысалдар келтірді. Онлайн семинар барысында спорт, экономика, мәдениет, өнер салалары бойынша әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан жайлы жарияланымдарға қатысты сұрақтар қойылды.
Бір сөзбен айтқанда, онлайн семинар халықаралық журналистика магистранттарына тәжірибелік тұрғыдан пайдасы зор. Сондықтан да алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.