ҚазҰУ ректоры француз ғалымдарына бірлескен археологиялық зерттеулер жасауды ұсынды

ҚазҰУ ректоры француз ғалымдарына бірлескен археологиялық зерттеулер жасауды ұсынды

ҚазҰУ ректоры француз ғалымдарына бірлескен археологиялық зерттеулер жасауды ұсынды
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейт Түймебаев Қазақстандағы Франция Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канеспен кездесіп, ғылым-білім  және мәдени бағыттар бойынша өзара ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде, Франция Еуропадағы интеграциялық процестердің толыққанды қатысушысы ретінде Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа тартуда үлкен рөл атқаратынын және маңызды серіктес болып табылатынын атап өтті. ҚазҰУ Францияның 18 жоғары оқу орнымен жемісті ынтымақтастық орнатқан, осының өзі өзара қарым-қатынастың екі тарапқа да қажеттілігін дәлелдейді. ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Францияның үздік жоғары оқу орындарына барады, бірлескен ірі халықаралық жобаларды жүзеге асырады. Қазақстандағы Франция Елшілігінің тікелей қолдауымен Лотарингия университетімен бірлесіп құрылған «Гео-энергетика» орталығы бүгінде табысты жұмыс істеуде. Францияның Елші Дидье Канесс өз кезегінде, бұдан 10 жыл бұрын құрылған «Геоэнергетика» орталығының жұмысы туралы, оның негізінде климаттық өзгерістер саласында зерттеулер жүргізілгені, ауқымды ғылыми жобалардың жүзеге асырылғандығы жайында айтты. «Ендігі қадам, нәтижелі жұмыс жасап отырған осы орталықты Қазақстан-Франциялық ғылым, технологиялар және энергетика институтына айналдыру болмақ, бұл бастама бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын болады. Қазіргі уақытта біз осы трансформацияны аяқтау кезеңінде тұрмыз. Келісімге қол қою үшін кейбір ортақ мәміле жасауымыз керек. Қыркүйек айында жаңа Институт ғалымдарға, оқытушылар мен студенттерге өз есігін айқара ашады деп жоспарлап отырмыз», – деп Елші алдағы жұмыстарынан хабардар етті. Кездесу барысында Жансейіт Қансейітұлы ынтымақтастықты басқа бағыттарда дамытудың үлкен перспективаларының бар екендігін алға тартты. Атап айтқанда, ол француз ғалымдарын бірлескен археологиялық зерттеулерге қатысуға шақырды. «ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің әлеуеті зор. Қазақ даласы аумағында біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларда болған Сауран, Фараб (Отырар), Испиджаб сияқты оннан астам ежелгі қалалар мен елді мекендер Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің көзі мен орасан зор мүмкіндіктері болып табылады. Осы саладағы танымал француз мамандарымен ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да жемісті, қызықты әрі пайдалы болады деп санаймын», – деді ректор кездесу барысында. Дидье Канесс ҚазҰУ ректорының ұсынысын қуана қолдап, серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытуға көмек беруге дайын екендігін білдірді. Келіссөздер барысында тараптар гуманитарлық ғылымдар мен қос дипломды білім беруді, туризм саласын дамыту, сондай-ақ француз тілін үйрену саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін атап өтті.