125 жыл бұрын төртем тапқан қазақ әйелі

125 жыл бұрын төртем тапқан қазақ әйелі

125 жыл бұрын төртем тапқан қазақ әйелі
ашық дереккөзі
Адам баласының ең басты парызы − дүниеге ұрпақ әкелу. Өйткені адамзаттың тіршілігі солай жалғасады. Осы орайда, қазақ халқының «Байлық − қолда еріген мұз, бала − артта қалған із» деп мақалдатуы ұрпақ сүюдің қаншалық маңызды екенін танытса керек. Жоқтан бар қылған Жаратушы Иенің құдіреті кейде таң қаларлық жағдайларды көз алдымызға әкеліп, қызықтырып, сырына үңілтіп қоятыны бар. Бірақ әлі ғылым сырын аша алмаған құбылыстың көп екенін үнсіз мойындап, ондай оқиғаларға тамсанып, таңдай қағудан әрі аса алмай келеміз. Әйелдердің дүниеге нәресте әкелу үдерісіндегі ерекше жағдайдың бірі − бір мезгілде бірінен соң бірі бірнеше баланы туылуы. Егіз балалардың дүниеге келуі бұрыннан таныс жайт болса, кейінгі кезде елімізде үшемдердің сау-саламат өмірге есігін ашуы қалыпты жағдайға айналып келеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Қазақстанда төртем дүниеге келіп, олардың аттарын Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп қойғаны жайлы хабарды есітпеген қазақ қалмаған шығар. Сол кезде жұрт олардың аттарының тапқырлықпен қойылғанына ғана емес, төрт баланың бір мезгілде өмірге келгеніне сүйсінген-ді. Дегенмен архив ақтарып көрсек, бір мезгілде бірнеше баланы дүниеге әкелген жағдай елімізде бұрын да болған екен. Белгілі зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай үнемі мұрағатпен жұмыс істейтін, оннан аса кітап жазған қаламгер. Бірде ол кісі қызық бір жайтты әңгімелеп берді: − Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық архивінде отырып, Торғай облысын қамтитын архивтың №25 қорының 4014 ісінде мынадай бір дерекке көзім түсті. Онда Қостанай уезі, №4 жергілікті басшысының жазбасында сол уезге қарайтын Аққарағай болысының №2 ауыл тұрғыны Бекмырза Жүсіповтің әйелі Барша Жүсіпованың 1906 жылдың 8 наурызы күні өмірге төрт бала әкелгені жазылған. Төртемнің үшеуі қыз, біреуі ұл екен, бір ұл бала өлі туылған. Сондай-ақ, Барша Жүсіпованы дәрігердің қарап жатқаны, оның бұндай жағдайды бірінші рет көріп отқанын айтқаны жазылған. Бұл деректі уездегі бас дәрігер де растап, 1906 жылдың 19 сәуірі күні қолын қойған. Расында сирек кездесетін жағдай ғой. Басқаны қайдам, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсілмен өмір сүретін қазақ үшін баланың көп болуы қашанда қуаныш, бақыт. Досай бидің: «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар-болмас халі бар. Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар. Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар, алты баласы бардың алмай қоймас саны бар. Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар, сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар. Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар, он баласы бардың орда бұзар қолы бар», − дегені текке айтылмаса керек. Ұлан-байтақ жері бар қазақ ұрпағының қара ормандай болуын текке армандап отыра бермеген. Бір кездегі ұлтымыздың ер азаматтары бірнеше әйел алуының себебі де сол перзентінің көп болуын қалаған мақсаттың нәтижесі. Жалпы әлем тарихын қарасақ, аналардың көп бала туу жөнінде қызық деректерді табамыз. Мәселен, көпбалалылық бойынша рекорд жасаған  XVІІІ  ғасырда өмір сүрген Федор Васильев деген кісінің әйелі екен. Ол 30 жылда дүниеге 69 бала туыпты. Өмірінде 27 мәрте босанған ол 16 рет – егіз, 7 рет – үшем, 4 рет төрт төртемге дүниенің жарығын сыйлапты. Тек солардың екеуі ғана сәби шағында шетінепті. Ал ХХІ ғасырда бала туудан рекорд жасағандардың бірі Леонтина Альбина (Чили) деген әйел 55 баланың анасы атанса, олардың бесеуі үшем болған. Ал бір ретте дүниеге көп бала әкелгендер жайында айтсақ, АҚШ-та Бобби Маккоги, Сауд Арабиясындағы Хасна Мохаммад Хумэйр деген әйелдер бірден 7 баладан өмірге әкелсе, АҚШ-тық Нкем Чукву есімді ана бірден 8 бала туған (біреуі табиғи жолмен, қалғаны «кесарь тілігі» арқылы). Джеральдина Броудвик (Австралия) бұлардан да асып, бірден 9 баланың анасы атанған. Қазақ жақсы нәрсені көргенде «жұғысты болсын» дейді ғой, біз де жоғарыдағы деректерге қайта бір көз салып отырып, біздің де аналарға көп балалы болу нәсіп етсін, ұлан ғайыр жеріміз қара ормандай қазаққа толсын деп тілейміз.