Бүгін – Жамбыл Жабаев дүниеге келген күн

Бүгін – Жамбыл Жабаев дүниеге келген күн

Бүгін – Жамбыл Жабаев дүниеге келген күн
ашық дереккөзі
Бұдан 175 жыл бұрын 99 жасына дейін жүрегінен жыр төгілген ақын,  дүлдүл жырау, жүйрік жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл ЖАБАЕВ (1846-1945)  дүниеге келді. Ол Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең-жырға қанып өскен Жамбылдың ақындық таланты ерте оянған. Кейін белгілі ақын Сүйінбай Аронұлы сияқты үлкен төкпе ақыннан тәлім-тәрбие алған. Ұстазын қалай құрметтейтінін Жамбыл Жаныс ақынмен айтысында былай білдірген: Менің пірім - Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай! Сырлы, сұлу сөздері Маған тартқан сыйындай! Сүйінбай деп сөйлесем, Сөз келеді бұрқырап Қара дауыл құйындай! Екпініме кезіккен Кетер ме екен жығылмай! Құлаштап бір кетейін, Көбен құсап тығылмай. Қашсаң, қуып жетейін, Бізге жабы бұйым ба-ай! Селтеңдеген ақынды Көрмеуші едім шыбындай. Кәне, сөйлеп жіберші, Айтыспағың, шының ба-ай?! Деп келдің бе Жамбылды Күнде жеңген Шыбылдай. Кеңестік кезеңде Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысып көзге түссе, 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап кең танылған.  Біраз жырлары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылып жарияланған. Ол көптеген ақындармен (Айкүміс, Құлмамбет, Шашубай, Досмағамбет) айтысқан үлкен айтыскер, «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» көптеген халық эпостарын жырлаған дәулескер жырау болды. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлап, қазақ әдебиетін әлемге танытуға әсер етті. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард, Николай Тихонов сияқты әлемге белгілі суреткерлер Жамбыл поэзиясын жоғары бағалады. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде «Ленинградтық өренім» атты жыры орыс тіліне аударылып, күллі одаққа белгілі болды. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты болды. Бірінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Туған жерінде Жамбыл музейі бар. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.