ЕСКІ ЖАРАНЫҢ АУЗЫН ТЫРНАУ ЕСТІНІҢ ІСІ МЕ...

ЕСКІ ЖАРАНЫҢ АУЗЫН ТЫРНАУ ЕСТІНІҢ ІСІ МЕ...

ЕСКІ ЖАРАНЫҢ АУЗЫН ТЫРНАУ ЕСТІНІҢ ІСІ МЕ...
ашық дереккөзі
Адам баласы туғанда бір-бірінен артық-кемі жоқ қызыл шақа болса да, өсе келе олардың бәрі өз бетінше өзгеріп, даралана бастайды. Өйткені уақыт ағымындағы түрлі әсерлер жандыға да, жансызға да өз таңбасын қалдырып отыратыны аян. Қоғам адамды өзгертеді десек те сол қоғамға әсер етіп, оны түрлендіріп отыратын адамның өзі. Абай айтпақшы, «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек»... Жалпы, адам баласы өзімшіл, содан келіп тәкәппар және қатал! Дәуірлер өзгеріп, заман ауысқанда өзімізден бұрын өткендерді «тез түсініп» қоямыз да, оларға өз ақылымызбен «тон пішіп кигізе салып» − олардың қалған мұраның сапасын анықтап, олардың істеген ісінің дұрыс-бұрысын жедел бағамдай қоямыз. Бұл пенде біткенге тән осалдық болса да (кейде өзімізді солай ақтаға дайын тұратыным бар), уақыт пен кеңістік деген құдіреттің уысында тұрып та ақиқатқа тура қарау мүмкіндігі барын естен шығарып аламыз. Оның соңы біреудің істеген ісін іске алғысыз қылып, өздерін тарихтың қоқыс жәшігіне лақтырумен аяқталады... Бір қызығы, кезінде мықтылардың қасында жүріп, солардың "қолғабын көтеріп" жүргенге мәз талай пысықтар, күндердің күнінде әлгі сүйеушісінің басынан бақ тайғанда, оны жұрттан бұрын жамандап, осалдығын жұртқа жая бастайтындар қай қоғамда да жұрт көзінде жүріп, сөзінен түспейді. Жалғанда өзі екіжүзді бола тұра, өзгенің «сатқындығын» әшкерелегіш болып шыға келетіндерден жиіркенішті нәрсе бар ма? Амал не, біздің қоғамда популизмнің гүлі жайқалып тұрғанда, ондайлардан данышпан сомдау ісі тоқтай қоймайтын сияқты... Бұны бір деп қойыңыз. Ал енді бір кісілер (өзінің айтуынша, өткен заманда шындықты айтудың мүмкіндігі болмағаны себепті аузына ие болып жүрген) кеңшілік заманда ақиқаттың дауылын тұрғызып – қайбір кездерде өзімен қатарлас, тұстас болғандардың «жұрт біле бермейтін шындықтарын» жайып салып, өзінен басқа «қолы да, жүрегі де таза» адамның аз болғанын ептеп сездіріп қойып, сіздің көз алдыңызда өзінің қаһармандық тұлғасын сомдай бастайды. Яғни, өлең, дастан жазасыз ба, пьеса қоясыз ба немесе кино түсіріп, мультфильм жасайсыз ба – кейіпкер дайын деген сөз! Бұны екі десеңіз, үшінші бір топтағы кісілердің ісі бұлардан гөрі басқалау, бірақ алдыңғы екі топтан алған өнегесі алысқа жібермейтін, біреулердің сөзіне қарап, біреулердің жазғанын оқып, тіпті, архивке үңілгенде де, оны талдап-таразылай бермейтін (әрине, тәжірибе жоқтықтан оқыған, көргеніне шәксіз сенетін) соңғы лек – жастар – тарихқа шын мәнінде адалдық танытып, қоғамдық-саяси оқиғаларға ұлттық тұрғыдан баға бергісі келсе де, бірде артық кетіп, бірде кем түсіп жатады. Неге олай? Қандай жағдайда болса да, тарихтағы болған оқиғалар, тұлғалардың іс-әрекеті өзінен соңғылардың ақыл-ойына із қалдырып отырады. Содан келіп, кейінгілердің кейбір ізгі ниетінің өзі жалған тарих-баянның жетегінде кетіп жатады. (Бұл ұлттың рухани дүниесіне аз залалын тигізбесе де, одан сақтану оңайға түсер емес). Сондықтан болса керек, қазақ халқының тарихына қарап отырғанда даулы нәрселердің тым көп екенін байқаймыз. Әр ауыл өз қаһарманына иелік еткісі келіп, оның соңы «батыр жарыстыру» науқанына айналып кеткен бүгінгі халіміз – сол шынайы тарихқа ие болмауымыздан. Әңгімені тым алыстан шиырлай бермей, төтесіне көшейік, жоғарыда біз үш топқа бөліп көрсеткен «әшкерелегіштер тобының» бүгінгі белсенділері кім, олардың мақсаты не? Олар нені көзге шұқып көрсетіп, нені тарихтың күресініне лақтырмақшы? Турасын айтайық, қазір жұрт «қайта құру» кезінде өзінен бұрынғылардың «кемшілігін жіпке тізіп» − ит терісін басына қаптап, бес минутта «герой» болып шыға келгендерге де, тәуелсіздікпен бірге екінші тынысы ашылып, құрдастары мен тұстастарының пенделіктерін «ашып айтып» − елге «қызықты естеліктерін ұсынып» жүргендерге де  оншалық сене бермейді. Себебі «сау» адам қалмады. Оның асқынғаны сондай, тіпті, зиялы қауым деген тіркес те архаизмге кеткелі тұр («зиянды қауым» деп мұрттан күлетіндер көп өйткені). Біз «Күніне мың бір бәле көрсең-дағы, сонда да күдер үзбе бір Алладан» дейтін халқымыздың көкірегінде үміт қалдырмай өлтіріп жатырмыз. Әйтеуір біреуді жек көреміз, әйтеуір біреудің сүрінгеніне ішегіміз қатқанша күлеміз, әйтеуір біреуді әшкерелегенше асықпыз! Осынша өшпенділік қайдан шықты? Оның шоғына тамызық тастап жалынға айналдырғандар ұлттық ұйытқы деген нәрсеге іріткі салғанын сезді ме екен? Немесе «өз тұсымда бір шайқап қалайын, бұдан кейін бұндай дауыл бола қоймас» деп ойлады ма? Шынына келсек, бүгінгі жылдам ақпарат алмасу дәуірінде қазақтың бір-бірін тұқыртып, бір-бірінің көзін шұқуының жаңа бір дәуірі басталып кетпес пе екен (лайым, қателескейміз!) деген қауіп жоқ емес. Себебі, тәуелсіздік кезінде дүниеге келіп, тарихқа таза қазақи – ұлттық тұрғыдан қарауға талпынатын жастарда өткенге ревизия жасауға деген құлшыныс басым. Ал оның несі жаман дейсіз бе? Талпыныс ізгілікке толы болғанымен, оқыған-білгеніңе баға беру оңай емес. Себебі ондай мәселеде алдыңда дұрыс үлгі аз болса, сондай-ақ қайсы бір оқиға туралы немесе тұлғалардың қызметі жайында терең білуге, шын мәлімет алуға мүмкіндік болмаса – кім де болса қателеспей тұрмайды. Бұл орайда біздің тарих, қоғамтану, филология ғылымына келіп жатқан жастардың алдына түрлі «белгісіздік» кедергі болып, содан асығыс, ұшқары қорытынды жасау жағдайлары кездесіп жатыр. Күні ертең сол шала шешімдер, үстірт пікірлер ғылымда бел алып, нақты тұжырымдар ретінде мойындалар болса, қазақтың біртұтас ұлттық санасына сызат түсіп,  елдіктің еңсесіне түскен салмақ болмай ма? Неге біз барлық кезде асығыспыз?.. ...Әр сөздің салмағы бар. Кейде жалғыз ауыз сөз бүкіл бір ұлттың абыройына дақ салуы мүмін. Ал біз өзіміз туралы қандай ауыр сөзді қысылып-қымтырылмай-ақ айта беретін болдық... Жасырып қайтеміз, бүгінде ХХ ғасырдағы қазақтан шыққан саяси тұлғалардың көпшілігін (Алашорда қайраткерлерінен басқасын) халықшыл болмады, тіпті, ұлт мүддесіне сатқындық жасады деуге дейін барамыз. Шынтуайтына келгенде, ел арасында оларға деген салқын көзқарас болғанымен, ғылыми зерттеулер немесе мемлекеттік көзқарас тұрғысынан «сатқын» екені дәлелденген емес. Біз ең алдымен, соған қол жеткізуіміз керек. Бірақ ол бүгінде қаншалықты мүмкін нәрсе?! Мен бұл мәселе ойынша талай адамдармен сөйлесіп көргем. Біреулері «Сатқындық айтылу керек, сатқындардың аты аталып, түсі түстелуі тиіс. Сөйтпесе олардың ұрпағы да билік басына келіп, елді тағы сатпасына кім кепіл?» − деп ашынса, енді бірі «Өткенді қазып, біреудің моласына тас атқаннан не табамыз? Әрі ол кезде олардың қандай қиындыққа ұшырағанын, неден қателескенін және оларды бір-бірімен кімнің жауластырғанын қалай білеміз? Соның кесірінен азғана қазақтың ішіне іріткі түспей ме», − деп қауіп айтады. Қарап отырсақ, екі пікірдің де жаны бар. Бірақ қапелімде қай жағына шығарыңды білмейсің. Бұл да бір «алдың жалын, артың құз» (Абай) дегендей бір жағдай. «Түн кетпейін дегенмен, күн қоймайды» демекші, шындық қаншама бүркемеленсе де, әйтеуір бір күні ашылатыны анық. Тек сол кезде біз түгелімізбен ұлт болып, ұйыса аламыз ба? Егер ұлттық дәрежеге жетсек, бәріміз ұлттық деңгейден ойлай білсек, кез келген шындықтан да қорықпас едік-ау дейсің кейде... Бүгінгі жастар басқашалау ойлайды. Сондықтан бір кездегі қазақы кеңдік, былайша айтқанда, «алдыңа келсе, атаңның құнын кешіп жүре беретін» баяғы мінез жоғалып бара жатыр. Бірақ есесіне рушылдық, жершілдік, тайпашылдық өршіп тұрған мына заманда әр тұлғаның артында рулы ел тұратынын ескерсек, әлі күнге ұлт намысы дегенде селт етпей, ру намысына келгенде аттандап, өре түрегелетін бүгінгі оқыған қазақтар «сатқын аулау» компаниясына келісе қояды деу қиын... P.S. ...YouTube арнасынан алаштанушы жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың Жетісу телеарнасындағы «Жүректің сөзі» бағдарламасында сөйлеген сөзін тыңдадым. Онда ол былай деді (автордың пікіріне қиянат болмасын деп, оның сөзін сол қалпында беріп отырмыз): «Бізде, советтік билік орнағанда, советтік биліктің дәуірінде қалыптасқан интеллигенция сатқын болды. Саяси элитаның сатқындығы... Оны жасырып, жасқанудың қажеті жоқ. Архив көрсетіп отыр... Мысалы, голощекиндік билік орнаған тұста, біздің – қазақтың өз азаматтары бірінің төбесінен бірі көрсетіп, арыз жазды. Осы Сталин де, жанағы, НКВД-ның басшысы болған Николай Ежов та Қазақстанды аралап шықса, дәл бүгінгідей, ондай халық жауын таппайтын еді. Бізден «халық жауы» өте көп шықты. 25 мың интеллигенция атылу деген ол ұлт үшін үлкен трагедия. Сүттің қаймағы болған тұлғалар. Жүрегің ауырады... ...Мысалы, қарап отырсаңыз, отыз жетінші жыл орнаған тұста, кешегі советтік биліктің, жанағы, сүтін еміп, советтік биліктің нанын жеген азаматтар, кейіннен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды, Халық жазушысы болып, небір атақтарды алған, өзіміздің күні кешеге дейін арамызда жүрген Әбділдә Тәжібаев мысалы, Мұхамеджан Қаратаев сияқты ағаларымыз, Сәбит Мұқановтар, көргендер барлығы, интеллигенцияның атылуына, репрессияға ұшырауына тікелей себепкер болды... ...Шәкәрімді 73 жасында атып тастаған Абзал Қарасартов деген кісі болған. Ұрпақтары әлі бар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, түрлі жерлерде қызмет етіп отыр. Жоқ неге біз оларды көрсетпейміз, мысалға? Досов деген болған, біздің қайраткерлеріміздің барлығының төбесінен арыс жазып, донос жіберген». Бұл бүгінгі жастың сөзі. Әрине, оның сөзінде айтылған жайлар мен кісілердің есім-сойлары жұртқа бұрыннан таныс нәрсе. Дегенмен, біздің болашағымыз деп санайтын жастар осылай ойласа, бұл олардың тәжірибесіздігі мен асығыстығы ма әлде олар оқып-білген жайлар осыны айтуға мәжбүрлеп отыр ма? Немесе, тарихымызды дұрыс зерттей алмай отырмыз ба? Әлде... қулығына құрық бойламайтын кеңестік арнаулы органдардың артына тастап кеткен ылаңы ма, өмір бойы қазақтар бір-бірімен жауласа берсін деген? Не нәрсе бұл? Қалайда жақсылап ойланып, түпкі шындықты білмей тұрып, қателессек тарихымызға дақ болар әрекетке бармау керек шығар деп ойлаймын. Ал құрметті оқырман, сіз не дейсіз? Сөзімінің басында сұрағанымды, сөзімнің соңында да тағы бір мәрте сұрағым келіп отыр: Ескі жараның аузын тырнау естінің ісі ме немесе «ұлт сатқындарын әшкерелеудің» құны қанша тұрады?