2020 жылы 13 мың этникалық қазақ көшіп келді
2020 жылы 13 мың этникалық қазақ көшіп келді
2021 жылы Қазақстанда Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлім етті.
Министр этникалық көші-қонды ынталандыру аясында 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келгенін, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстанғанын айтты Ел экономикасын білікті шетелдік мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. 2020 жылы бөлінген квота аясында жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 17,3 мың рұқсат берді. Қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, биылға квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31 пайызды құрады.
Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елге келетін қоныс аударушылар мен этникалық репатрианттарға қолайлы жағдайлар жасауды; шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін түзетулер енгізілді.
«Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту аясында 2021 жылы үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – қазақстандық қызметкерлерді шетелде жұмысқа орналастыру және құқықтық қорғау бөлігінде тиісті жүйені енгізу. Үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету кемінде 97 пайыз деңгейінде сақталады», деді Серік Шәпкенов.