Қырғыздар Мұқағалиға құрмет көрсетті

Қырғыздар Мұқағалиға құрмет көрсетті

Қырғыздар Мұқағалиға құрмет көрсетті
ашық дереккөзі
22 ақпанда Бішкекте, Алықұл Осмонов атындағы ­­Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасын­дағы Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталы­ғында Мұқағали Мақатаевтың 90 жыл­дығына арналған «Ең бірінші бақытым – Халқым менің... Ал екінші бақы­тым — Тілім менің...» атты поэ­зия кеші өтті. Ана тілдің халықаралық күні аясында өт­кен іс-шараны Қазақ­станның Қырғыз Респуб­ликасындағы елшілігі және Қырғыз Республикасы қазақтары қауым­дастығы ұйымдастырды. Қырғыз Республикасында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің,  қа­зақ диаспорасының өкілдері және қыр­ғыз­дың ақын-жазушылары қатысқан ақиық ақынға арналған жыр кешінде сту­денттер Мұқағали Мақатаевтың өлең­дерін оқыды, қырғыз ақындары жаңа аудар­маларын елдің назарына ұсынды. Әсі­ресе, қырғыздың белгілі ақыны Темір­бек Алымбековтің аудармасындағы Мұқа­ғали Мақатаевтың Фаризаға арналған өлеңі аудиторияны өзіне баурап алды. Қыр­ғыз Республикасындағы қазақтардың мақтанышына айналған өнер сала­сын­дағы бірқатар халықаралық сыйлықтар­дың лауреаты Нұрлан Әбдірәлиевтің дом­быраға қосылған әуендері поэзия ке­ші­нің көркін келтірді. Еске салар болсақ, өткен жылы Қа­зақ­станның Қырғыз Республикасындағы елші­лігінің бастамасымен Абайдың 175 жыл­дық мерейтойының аясында Қырғыз Ұлт­тық кітапханасында Абай атындағы қыр­ғыз-қазақ мәдени орталығының ашыл­ғаны бауырлас екі елдің мәдени қа­рым-қатынасындағы маңызы аса зор оқи­ға болды. Үлкен кітапхананың екінші қап­талын тұтастай иеленген, жалпы алаңы 420 шаршы метр болған кітап қой­масы, оқу, компьютер, сұхбат және кон­ферен­ция залдары бар «Абай орталығы» қазақ елінің қырғыз жеріндегі берік бір тұ­ғырындай десек болады. Орталықтағы алтынмен апталған Абайдың ойлы мүсін-келбеті оқырмандарды өзіне тартып, ой са­лады. Зал қабырғасындағы Шоқан Уәли­хановтың, Мұхтар Әуезовтің және бас­қа да қазақ ағартушыларының үлкен портреттері қазақ елінің болмысын дара­лап тұр.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)