Орындалмаған уәделер
Орындалмаған уәделер
Кемшілікті мойындау да – ерлік
Есептік кездесулерге қашықтан қатысқан тұрғындардың көпшілігі әкімдер көзбояушылықтың көкесін карантинде көрсетті деп кейіді. Есеп онлайн форматта берілгендіктен бұрынғыдай тұтқиылдан қойылатын сауалдар, әкімдерді қысылтып, қызартатын өткір сын-ескертулер болған жоқ. Алдын ала дайындалған сұрақтар ретімен қойылып, әдеттегідей жаттанды жауаптар беріліп жатты. Шенділер әлі күнге ұзын-сонар баяндамалардан, ешкімді қызықтыра қоймайтын цифрлардан жалықпапты. Әкімдердің қай-қайсысы да жұмысының мінсіз жағын көрсетуге тырысты. Тек Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қана орындалмаған уәделері бар екенін мойындап, халықтан кешірім сұрады.
Есеп беру барысында қала әкімі ең бірінші кезекте халықтың қызметшісі екенін айтты.
«Әкімдік жұмысының басты мақсаты – халықтың жайлылығы. Жайлылық – қауіпсіздік, тұрғын үйге қолжетімділік, денсаулық, білім және жұмыспен қамтылу. Жайлы жағдайы бар адам арқылы қоғам дамиды», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар шаһар басшысы індеттің таралуына байланысты атқара алмай қалған жұмыстары үшін көпшіліктен кешірім сұрады.
«Іске асыруға сөз берген бірқатар жобаларымыз да атқарылмай қалды. Үлкен үміт артып, сенім білдірген әр тұрғыннан басымды иіп, кешірім өтінемін» – деген Аюповтың азаматтығы түркістандықтарды сүйсінтпей қоймады. Өйткені атқамінерлер «Уәде – Құдай сөзі» деген халық тәмсілін ұмытқалы қашан.
Сөз берген адам салмағы зіл батпан жауапкершілік жүгін арқалайды. Берген уәдесін орындаса, азаматтығы айшықталып, беделі артып, сөзі мен ісінің қабысатынын айғақтары сөзсіз. Мұны айтуымыздың өзіндік себебі бар. Уәде беруге әуес әкімдер биыл да өз мойындарына аз міндет артқан жоқ. Әзірге сөз жүзінде. Сынаптай сырғыған уақыт іс жүзінде қалай боларын көрсетіп берер. Алайда қынжылтатыны, бүгінгі күнге дейін орындалмаған уәделері, сөз күйінде қалған серттері үшін жазаланған әкімді көрмедік. Министрлер де сол. Ары кетсе сөз естіп, сөгіс алады да, ары қарай қызметін жалғастырып жүре береді.
Уәденің жеңілі – «Қазақша үйренемін»
Шенділердің жиі беретін уәдесі – мемлекеттік тілде еркін көсілу. Билік өкілдері, оның ішінде депутаттар, министрлер мен әкімдер арасында қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмайтындардың қарасы аз емес екені көпке мәлім. Бірер апта бұрын газетімізде жарияланған «Мәселе – ниетте!» атты мақалада олардың біразының атын атап, түсін түстегенбіз. Бұл жолы мемлекеттік тілді пәлен уақытта меңгеріп аламын деп жалпақ жұрттың алдында серт беріп, сөзінде тұрмаған шенеуніктерді еске түсірмекпіз.
2016 жылдың желтоқсанынан бастап Ұлттық экономика министрлігін 2 жылдан астам уақыт басқарған Тимур Сүлейменовті ел ұмыта қоймаған болар. «Мәскеуде бес жыл қызмет етемін деп туған тілімді ұмытып қалдым» деп ақталған атқамінердің сылтауы көпке дейін жұрт аузында жүрген еді. «Мемлекеттік тілді алты айдың ішінде үйреніп аламын» деп уәде берген министрді Парламенттегілер де, тілшілер де жарты жыл бойы қазақша жауап беріңіз деп мазаламаған-тын. Алты айдан соң әріптестеріміз бас экономиске межелі уақыт жеткенін айтып, уәдесін еске салды. Үкімет отырысынан кейін журналистердің кеден кодексі жайлы сұрағына шала қазақшасымен қысқа жауап беріп құтылған Сүлейменов салық кодексіне қатысты сауал қойылғанда «орысша айтып берейінші» деп рұқсат сұрап, ресми тілде егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Одан кейінгі уақытта да баяндамасын толыққанды мемлекеттік тілде жасағанын, қазақ тіліндегі сұрақтарға мүдірмей, кідірмей жауап бергенін көрген емеспіз. Уәдесін орындамаған күйі Үкіметтен кетіп, Ұлттық банкке ойысты.
Ұлттық банк демекші, 2015 жылғы қарашадан бастап 3 жылдан астам уақыт бойы бас банктің тізгінін ұстаған Данияр Ақышев та – тілшілерге тіл үйренемін деп уәде бергендердің бірі. Парламенттің кезекті отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап беру сәтінде бас банкирге «Біздің қазақша сұрақтарға қашан қазақша жауап бересіз?» деген сұрақ қойылған болатын. Сонда Ұлттық банк төрағасы «келесі жылы» деген-ді. Журналистер шенділерді қашанғы түртпектеп, тексеріп жүрсін, бір жыл өткен соң Ақышевтан ешкім емтихан ала қойған жоқ. Сөзінде тұрып, қазақшаны еркін меңгеріп алса, ол жетістігін көрсетуге өзі-ақ асығар еді. Ондай ыңғай танытпады. Бір жыл өткен соң да, екі жылдан соң да жиын атаулыда орысша сөйлеуден танбады.
2012-2015 жылдары Қостанай облысын басқарған Нұралы Сәдуақасов та мемлекеттік тілді білмегені үшін сынға ілігіп, мінін түзеуге уәде берген-ді. Бірақ оның осы қызметтен босатылғанға дейін қазақша қатырып сөйлегенін естіген жан жоқ. Сертінен тайған Сәдуақасов 2015 жылдың қыркүйегінде қоластындағылардың жемқорлық дауына іліккеніне байланысты өз еркімен аймақ басшылығынан кетті. Экс-әкім содан кейін мемлекеттік қызметті маңайлай қоймады.
Сөзінде тұрмағандардың тізімін әрі қарай жалғай беруге болады, одан қайыр болса, әрине. Мемлекеттік тілді білмейтін шенділердің қазақша үйренемін деген уәдесіне жұрт осы күні сенбейді де. Қазақ тілінің мәртебесі шын көтеріліп, оны меңгермегендердің бәсі төмендейтін күн туғанша үйренбейді-ау. Біздіңше, атқамінерлердің пәлен уақытта қазақша сөйлейтін боламын деуі – міндетсіну. «Сіздер сұраған екенсіздер, үйреніп көрейін» деген түрі. Асылында, халыққа шенділердің қазақша меңгергенінен келіп-кетері жоқ. Өзі үшін үйренбесе, «бұл менің ана тілім, елімнің мемлекеттік тілі, оны білмеуім ұят» деген түсінік болмаса, берген уәделерінің құны – көк тиын.
Ахметов уәдесінің мерзімін ұзартты
2018 жылы Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі 2019 жылы қалада тағы бір саябақ пайда болады деп сөз берген. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс орны 19-шы шағынауданда Көкжал Барақ, Уәлиев және Ілияс Есенберлин даңғылдарының қиылысында бой көтеруі тиіс болатын. Бірақ бұл іс жүзеге аспай, аталған орын бос қалды. Өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметов 19-шы шағынауданды абаттандырудың кешенді жоспарын таныстыру үшін осы ауданның тұрғындарымен кездескен еді. Жаңа бағдарламаға енген жобалар арасында екі жыл бұрын уәде етілген саябақ жоқ болып шықты. Өскемендіктер мұны әкімнің қаперіне салып, демалыс орнының тағдыры жайлы сұрады.
«Мен бұл уәдені жақсы білемін, бірақ биыл да емес, саябақ 2021 жылы салынады», – деп сендірген әкім. 2021 жылдың екі айы өте шықты. Жергілікті жұрт жыл соңына дейін күтуге бекініп отыр. Әкімдік 19-шы шағынаудандағы абаттандыруға бюджеттен бөлінетін 1,3 миллиард теңгенің бірер миллионын саябақ салуға қияр деген үмітте.
Сертінен тайған әкімге екінші рет сенуге бола ма?
Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Бұл оқиға еліміздің бірлігін арттырып, қоғамды қайырымдылыққа, жанашырлыққа үндегені жасырын емес. Мемлекет басшысынан бастап барлық деңгейдегі тиісті сала басшылары, тіпті қарапайым халық та жапа-тармағай көмек қолын созып, отандастарын қиындықта жалғыз қалдырмады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, көмекке мұқтаж болған арыстықтардың бәріне қолдау көрсетіліп, шығын орны толтырылған. Зақымданған баспаналардың барлығы да қалпына келтірілген. Алайда шындық бұл айтылған деректерден алшақтау секілді. Бұлай деуімізге жуырда жергілікті басылымдардың бірінде жарияланған Арыс қаласы Теміржолшы ауылының тұрғыны Асылхан Медетовтің жанайқайы себеп.
«Осы кезге дейін мен қақпаған есік қалмады. Бірақ біреуі де көмек қолын созбады, ал Арыс қаласының әкімі берген уәдесінде, айтқан сөзінде тұрмады. Жарылыстың салдарынан үйіміз жарамсыз болып қалды. Қала әкімі Мұрат Қадырбек мамандарымен бірге үйді екі рет көріп кетті. Екі келісінде де жаңа үй салып беретінін айтқанда қуанып қалдық. Бірақ сөзі жалған болып шықты. Біздің Теміржолшы ауылында зақымдалған үйлердің 3-4-еуі жөнделмей қалды. Соның бірі менікі. Далада қалатын болғандықтан ағайын-туыстан қарызға ақша алып, шлакоблоктан үй тұрғыздым. Ол әлі толық біткен жоқ. Үйдің іші салқын болғандықтан балаларыммен бірге екі бөлмеде тығылып отырмыз. Ал қарыз бергендер ақшаларын қайтаруды сұрап отыр. Не істерімді білмей, тығырыққа тірелдім», – дейді Асылхан Медетов.
Әкімдіктен қолдау күтіп сарғайған арыстық азаматтың қолындағы қала әкімінің орынбасары Ербол Ақтаевтың 24.10.2019 жылғы №4247 шығыс нөмірімен жазылған жауап хатында: «…Арыс қаласы, Дермене ауылдық округіне қарасты Теміржолшы ауылы, Бәйтерек көшесі, №6 мекенжайдағы үйіңізге сараптама нәтижесінде жасалған ақау актісіне сәйкес күрделі жөндеуден өткізу керектігі қорытындыланып, Арыс қаласының «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысымен бекітілген…», – деп жазылыпты. Мұндай жауапты ол бір емес, бірнеше рет алған. Алайда қала әкімдігіндегілер арызданушыны беріге дейін бір-біріне сілтеп, мәселесін созбаққа салып келген. Жуырда ғана бетпе-бет кездескен шаһар басшысы Мұрат Қадырбек үйіңді жөндеп береміз деп тағы уәде беріпті. Қарыз алқымынан алып, тұрмыс тауқыметі арқаға батса да, Медетовтердің күткеннен басқа шарасы жоқ. Әкім бұл жолы алдамайтын шығар, уәдесінде тұрар деп үміттерін үзбей отыр.
Абайлықтардың базынасы көп
Өзге әріптестерінің көшінен қалмай
2 ақпанда Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та халыққа онлайн есеп берді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов пен БАҚ өкілдері қатысқан бір сағаттық жиынның тең жартысы аудан басшысының баяндамасына арналса, қалған жарты сағаты жауыр болған кезекші сұрақ-жауаптармен тәмам болды.
Жергілікті жұрттың сөзінше, Абай ауданы – қаладағы төрт ауданның ішінде түйткілі көп аудан. Себебі ауданға қарасты елді мекендердің біразы қалаға осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан өткен. Қала құрамына қосылған ауылдардың кейбірі әлі күнге дейін қарапайым тұрмыстық игіліктерге қол жеткізбеген, әлеуметтік мәселелері шешімін таппаған. Алайда аудан әкімінің есебін тыңдасаңыз, Абай ауданы тұрғындарын мазалайтын мәселе жоқтай көрінеді: ауылдарға ауызсу тартылған, жолдар жөнделген, жарықтың мәселесі шешіліп, көшелер жарықтандырылып жатыр.
Алайда ауданның тұрғындарын сөзге тартсаң, көз алдыңда мүлдем басқа картина көлбеңдейді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекені тұрғындарының айтуынша, аудан басшылығы былтыр халыққа берген уәдесін орындамаған. Ауылдағы ең өзекті мәселе – ауызсу. Жергілікті халық әлі күнге дейін құдықтың суын ішеді. Былтыр әкімдік ауызсу құбырының құрылысын бастап, қазан айында аяқтауға сөз берген. Алайда құрылыс аталған мерзімде бітпеген. Желтоқсанда қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекенінде ауызсу құрылысының аяқталғанын, мердігер мекеме тарапынан абоненттеу жұмыстарын жүргізу, қазылған жерлерді қайта қалпына келтіру, көшелерге шағалтас төсеу жұмыстарының атқарылып жатқанын жариялады. Алайда тұрғындар құбырдан су ішіп көрмегендерін алға тартып отыр. Шенеуніктердің көшеге тас төселді дегендері де шындыққа жанаспайды дейді жергілікті жұрт.
Шенеуніктер былтыр берген тағы бір уәдесі – ауылдағы жекеменшік трансформаторлардың мәселесін шешіп, мемлекеттің балансына алу. Алайда бұл уәде де орындалмаған. Ал көгілдір отыннан тұрғындар мүлдем күдерін үзген. Жақын жылдары газ келмейтін болған соң, әр отбасы 275 мың теңгеден ақша жинап, газды жекеменшік компания арқылы кіргізудің амалына кіріскен. Халық жекеменшік компания тындыра алатын шаруа әкімдіктің қолынан келмейтініне таң.
Бір қызығы, жоғарыда аталған мәселелердің бірде-бірі әкімнің есебінде қозғалған жоқ. Карантинге байланысты уақыттың шектеулі екенін сылтауратқан аудан басшысы көп мәселені жабулы күйінде қалдырып, сын атаулыдан құтылып кетті.
Өзге әкімдер де сол. Дау-дамайсыз, жүйкеге жүк, миға салмақ түсіретін шымшыма, тұқыртпа сұрақтарсыз өткен онлайн есеп беру оларға майдай жаққаны анық. Халыққа бетпе-бет кездесуде берген уәделерін ұмытып қалатын атқамінерлер экранның арғы бетінде отырып айтқан сөздерін есте сақтай қояр ма екен? Күмәнді...