Максим СПОТКАЙ: Қиындықта көрген қамқорлық ешқашан ұмытылмайды
Максим СПОТКАЙ: Қиындықта көрген қамқорлық ешқашан ұмытылмайды
Шын мәнінде, қазақ – ерекше алғысқа лайық халық. Себебі қазақтар қиын-қыстау заманда осы мекенге жер аударылған түрлі этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті. Сондықтан ата-бабаларымыздың өмірін сақтап қалған қазақ еліне, қазақ жұртына мың да бір алғыс айтамын! Қасиет қонған қазақ еліне, қастерлі Отаныма алғыс айтамын!
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» дейді. Расымен, біздің барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміз ата-анамызбен, олардың берген тәлім-тәрбиесімен тікелей байланысты. Сол себепті, мен бүгін білім алуыма, тіл үйренуіме, патриот болып қалыптасуыма барлық жағдайды жасаған жақындарыма айрықша алғыс білдіргім келеді.
Биыл 1 наурызда алғыс айту күнін бесінші мәрте тойлағалы жатырмыз. 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Алғыс айту күнін тойлауды ұсынған еді. Бастаманы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы да қолдады. Бұл шынымен де үлкен идеологиялық мәні бар мереке.
Тағы да бір айта кететін жайт – 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Бұл – қоғамдық келісім моделін қалыптастыру, ынтымағымыз бен бірлігімізді, бейбітшілігімізді сақтаудағы Ассамблеяның үлесін, айрықша рөлін көрсетеді. Дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы да түрлі аймақтарда, ауылдар мен қалаларда арнайы шаралар ұйымдастырады. Әрине пандемияға байланысты көптеген шараларға шектеу қойылып жатыр ғой. Дегенмен, рақмет айтуға, алғыс білдіруге ешқандай шектеу жоқ деп ойлаймын.