Жаңалықтар

Аскер ПИРИЕВ: Бірліктің арқасында талай жеңіске жетеміз

ашық дереккөзі

Аскер ПИРИЕВ: Бірліктің арқасында талай жеңіске жетеміз

– Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының фору­мында айтқан болатын. Ал 1995 жылғы 1 нау­рызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мем­лекет басшысы жанындағы консуль­тативті-кеңесші орган мәртебесімен құру тура­лы Президенттің Жарлығы шықты. Әлем­де теңдесі жоқ мұндай ұйым өзінің мис­сиясын жауапкершілікпен атқарып отыр. 90-жылдарға шолу жасайтын болсақ, әлемнің бе­делді саясаттанушылары Қазақстанның ішкі этносаралық қарым-қатынасында қиын­дықтар туады деп жорамал жасады. Сол жыл­дары Югославия мен Чехословакия мемлекеттері ыдырап, чехтар мен словактар бө­лініп жатқан болатын. Дәл уақытында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда аталған тұжырымды толықтай жоқ­қа шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпұлтты азаматтық қоғам құру және ел бір­лігін сақтау үшін Қазақстан халқы Ассам­блея­сы өте қажет болды. Бүгінде бүкілқазақ­стан­дық бірліктің бірегей үлгісін қалып­тастыруда, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруда, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қам­тамасыз етуде, мемлекеттік және азамат­тық қоғам институттарының этносаралық қаты­настар саласындағы өзара іс-қимылы­ның тиімділігін арттыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. 2016 жылдан бастап дәл осы 1 наурыз Ал­ғыс айту күні ретінде белгіленді. Бұл күн мейі­рімнің, достықтың, сүйіспеншіліктің жар­қын мерекесі. Сондай-ақ елімізді мекен ете­тін барлық ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне, оларды туғанындай бауырына басқан қазақ­тарға алғыс айтатын күні. Тағдыр та­лайын бастан кешірген өзге ұлт өкілдерін бауы­рына басып, өз шаңырағының астына бірік­тірген, қанатымен су сепкен, қамқор­лығына алған қазақ халқына алғыс айтсақ, әділетті болады. Тағдырдың тәлкегімен сол кездегі шолақ саясаттың кесірінен Кавказ аймағынан түрлі этнос өкілдері Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер аударылды, депортация жа­салды. Сол жылдары қазақ халқы өзінің қиын жағдайда болғанына қарамастан, шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне құшақ жайып, қонақжайлылық танытты. Бір үзім на­нын бөліп жеді. Үйінің бір бұрышынан орын берді.  Бұл рас, бұл ақиқат, бұл тарих. Мұны ұмыту опасыздық болады. Елбасы ұсынып, халқымыз қолдаған Ал­ғыс айту мерекесінің арқасында жас ұрпақ бүгінгі Қазақстанның қалай құрылғанын, қандай қиындықтарды бастан кешкенін, Тәуелсіздіктің бір күнде келмегенін, елор­даның бүгінгі дәрежеге қалай жеткенін мін­детті түрде білуі керек. Сонымен қатар жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері арасында Қазақстанның индустрия, инженерия, медицина, білім беру және мәдениет сала­сының дамуына үлес қосқандар да көп болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған. Қазақ халқы қашанда бірліктің маңызын білген, оны бағалаған. Тарихқа шегініс жасап, соңғы 100 жылды алып қарайықшы. Ашаршылық нәубеті, Екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі қайта құру кезеңі де қиындыққа толы болды. Халқымыз ел басына түскен бүкіл қиындық­ты бірліктің, татулықтың арқасында жеңіп шықты. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару деген осындайда айтылса керек. Арыста болған жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, былтыр пандемия кезінде қиын­дыққа тап болған халықты  алып шыққан тағы да оның ауызбіршілігі болды. Алғыс айту күніне орай еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болсын деймін. Ортақ Ота­нымыздың үлкен жетістіктерге жетуі үшін бәрі­міз бірігіп өз үлесімізді қоссақ, Қазақ­станның екінші аты Гүлстан болады. Оған сенімім мол.

Аскер ПИРИЕВ,

ҚХА мүшесі, «Ахыска» түрік мәдени орталығының жетекшісі,

қоғам қайраткері