Мессидің шоуына қатысқан қандасымыз «Дю Солейде» өнер көрсетеді
Мессидің шоуына қатысқан қандасымыз «Дю Солейде» өнер көрсетеді
«Дю Солей» циркі (Cirque du Soleil) – әлемдік цирк өнерінде көш бастап тұрған ұжым. Сахнада өнер көрсететін жануарлардан толықтай бас тартқан олар түрлі қойылымдарды қоюға 4 000-нан астам әртісті жұмылдырады. Осындай атақты цирк ұжымының құрамында отандасымыз Ернұр Сыздықов та бар. Кезінде батутта секіруден Қазақстан ұлттық құрамасында болған ол соңғы екі жылда «Дю Солей» ұжымы мен аргентиналық футболшы Лионель Мессидің Messi 10 шоуына қатысып жүр. Пандемияға байланысты қазір елге оралған Ернұрмен хабарласып, әңгімелескен едік.
– Сіз туралы дереккөздерді ақтарсам, осыдан бірнеше жыл бұрын батутта секіруден Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болыпсыз. «Қайтсем де Олимпиада чемпионы атанамын» деп жүрген Ернұр спорттан неліктен ерте қол үзді екен?
– Иә, түрлі әлемдік жарыстарда ел намысын қорғадым. Азия чемпионатының жүлдегері атандым. Жалпы, елде өтетін біріншіліктерде үнемі бірінші, екінші орынды иеленетінмін. Алайда 2014 жылы спортпен қош айтысуға мәжбүр болдым. Ұлттық командаға мүше акробаттардың арасынан жоғары нәтиже көрсетіп жүргендіктен, Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен XVII жазғы Азия ойындарына баруым керек болатын, алайда ол айтулы жарысқа бапкерлер мені апармай қойды. Сөйтсем, олар Туризм және спорт министрлігіндегілерге «Ернұр үнемі қисық секіреді, нәтижесі онша емес» деп, мені тізімнен алып тастапты. Ақырында Инчхондағы жарысқа Қазақстан атынан нәтижелері менен әлдеқайда төмен акробаттар қатысты. Бірақ мен бұл әділетсіздікке шыдай алмай, астанаға барып, министрмен тікелей кездесіп, болған жағдайды баяндап, шағымымды айттым. Ірі жарыстарға іріктейтін бөлім басшыларына соңғы үш жылда көрсеткен нәтижелерімді көрсетіп, менен төмен орын алып жүргендер неге Азия ойындарына барады, ал мен неліктен бармаймын деп ренішімді білдірдім. Содан бапкерлерге ескерту жасалғанымен, ештеңе өнбеді. Біздегі бапкерлер жеке шәкірттерін жақын тартатын, ал ол атлеттің нәтижесі төмен бе, әлде жоғары ма, оларды қызықтырмайтын. Сөйтіп, құлшынысым кеміп, спортты тастап кеттім. Дегенмен, жатсам да, тұрсам да Олимпиада чемпионы атануды армандап жүрген маған бұл шешімді қабылдау оңай болмады. Жалпы, мен кішкене күнімнен тынымсыз бала болып өстім. Бір орында тұрмайтынмын. Сөйтіп, ата-анам асып-тасып тұрған энергиямды пайдалы бір іске жұмсасын деп, гимнастика секциясына ертіп апарса керек. Бапкерім «Ернұр, мынадай қиын бір трюк жасап көрсек қайтеді?» десе, ойланбастан бірден келісетінмін. Осылайша, деңгейі қиын жаттығулар жасауды үйреніп алған соң, әлбетте, үлкен спорттан қол үзу қиынға соғады.
– Ал Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркіне қалай келдіңіз?
– Ұлттық командада сарбаз секілді жүретінмін, таңнан кешке дейін жаттығатынмын. Сол режимге үйреніп қалған мен спорттан кетсем де, жаттығу залынан шықпай, шынығып жүрдім. Сол залда Алматы циркінде жұмыс істейтін жігіттер де жаттығатын. Олар «Бізбен бірге циркке жүрсеңші» деп ұсыныс айтты, сөйтіп цирк деген жөні «бөлек» әлеммен таныстым. Негізі, циркке жұмысқа тұрамын деп ешқашан ойланбаппын. Құрамадан шығып қалған соң, нәпақа табу, ата-анама көмектесу үшін фитнес-жаттықтырушы боламын деп жүргенмін. Алайда циркте жұмыс істеу маған ұнап қалды. Онда мені көп нәрсеге үйретті, әсіресе алтыбақан арқылы секіруді үйрендім. Бір секіргенде сегіз метрге дейін секіретінмін. Сөйтіп, Алматы циркінде үш жылдай жұмыс істеп, кейіннен «Дю Солей» циркінің труппасына қабылдандым.
– Сол «Дю Солей» циркінің өкілдері бірінші рет сізді ұлттық құрамамен әлемдік жарыстарда өнер көрсетіп жүрген жеріңізден байқап, труппаға шақырған деседі. Сол рас па?
– Иә, ол рас. 2010 жылы Францияның Мец қаласында өткен әлем чемпионатын ұйымдастыруға «Дю Солей» циркі демеушілік етті. Жалпы, цирктің жұмысы біздің спортпен тығыз байланысты болғандықтан, олар гимнастшылар мен акробаттар өнер көрсететін ірі жарыстарға үнемі қолдау білдіреді. Ал әлем чемпионатына кілең мықты атлеттер қатысатындықтан, цирк өкілдері өз шоуларына қажетті мамандарды қарастырып жүреді. Сөйтіп, сайыстың барысын бақылап, спортшылардың нәтижелері мен трюктерін түртіп алады. Ал мен жоғарыда айтып өткендей, трюк жасау десе, ішкен асымды жерге қоямын. Әсіресе, винт жасағанды ұнатамын. Сол жаттығуды жасағанымда тіпті Олимпиада чемпиондарының өзі санай алмай, таңғалып «Жаңа сен қанша винт жасадың?» деп сұрайтын. Сол жаттығуды жасап біткен соң, «Дю Солейдің» өкілдері қасыма келіп, өздерін таныстырып: «Өнеріңізді тамашаладық. Жақсы секіреді екенсіз. Біздің циркте өнер көрсетуге қалай қарайсыз?» деп ұсыныс білдірді. Әлі есімде, сол кезде олардың беттеріне қарап: «Жоға, рақмет! Қайдағы цирк? Мен Олимпиадаға баруым керек!» деп күлгенмін (күліп). Ол уақытта 19 жастамын, цирк өнерінің құдыретін байыбына барып түсінбейтінмін.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан байқағанымыздай, қазір Алматы циркінің әртістерімен бірге жаттығып, небір қиын трюктер жасап жүр екенсіз. Соған қарағанда «Дю Солейде» жүріп, жиған-терген тәжірибеңізді бұрынғы әріптестеріңізбен бөлісіп жүргенге ұқсайсыз?
– Негізі, мен бар білгенімді бөлісуге әзір болғанмын. Бірақ, басшылық мұны қаламады. Айта кетерлік жайт, Алматы циркіндегі әріптестермен кезінде бір нанды бөлісіп жеп, гастрольге жиі шыққандықтан, қазір бір үйдің баласындай етене араласамын. Оларды ерекше жақын тартамын. Екі жыл бұрын демалыста елге келгенде Алматы циркіне өз тәжірибеммен бөлісейін деп алып-ұшып жетіп барғанмын. Оның үстіне, шетелден әрқайсысына сыйлықтар алып келгенмін. Ғимаратқа кіргенде, күзетшілер «Саған кіруге болмайды. Циркке қатысың жоқ» деп кіргізбей қойды. Арғы беттен шыққан манеж инспекторы қызметін атқаратын үлкен кісі де маған циркке кіруге болмайтынын жеткізді. Үш жыл қалтқысыз қызмет еткен өнер ордасына неліктен кіргізбей, кеудемнен итергенін түсіне алмай қойдым. Сосын екі айдан соң, отандық бір телеарнаның журналистері хабарласып, Алматы циркінің елу жылдығына байланысты пікір білдіруімді өтінді. Сондай-ақ, олар мені басты кейіпкер етіп, сюжет жасамақшы екен. Бірақ, мен бірден бас тарттым. Сізге өтірік, маған шын, олар маған «Ойланып көріңізші!» деп он рет хабарласты. Журналистердің жұмысын, еңбегін бағалаймын, бірақ цирк директорының маған қарсы жасаған әлгі қылығы есімнен кетпейді. Сол үшін де цирк туралы еш пікір бермедім. Сосын бірер күннен соң, директордың өзі хабарласып, журналистерге сұхбат бермеуімнің себебін сұрады. Мен «алдында барғанда үйіңізге кіргізбей қойдыңыз, енді қонаққа шақырып тұрсыз ба?» деп тұтқаны қоя салдым. Қазіргі таңда балаларды жаттықтырып жүрмін. Айтпақшы, ұмытып барамын, өткенде YouTube платформасында елімізге белгілі бір продюсерге сұхбат берген соң, ұлттық командаға мүше болғанда мен жаттыққан жаттығу залының бұрынғы директоры хабарласты. Негізі, спорттан кетуімнің басты себептерінің бірі сол кісі болатын, себебі ол мені ұлттық құрамадан шығарып жіберген. Сөйткен ол маған қоңырау шалып: «Ернұр, мені таныдың ба? Мен сияқты адамдарды қазір танымай қалған боларсың? Есіңде ме, екеуіміздің арамызда бір жанжал болған, сол кезде сені түсінбеппін. Менікі дұрыс емес екен. Батутта секіруден сені мықты үйретеді деп барлығы шулап жатыр. Менің бір танысымды үйрете аласың ба?» дейді. Ол кісіге де көмектесуден бас тарттым. Негізі, мен кекшіл адам емеспін. Бірақ, кезінде дамиын, айналамды да дамытайын деп құрақ ұшып жүгіріп жүрген мені аяқтан шалып, адам құрлы көрмегендер көңілімді қатты қалдырды. Ал бірақ үйренемін деп талпынып, тырмысып жүрген жастарға бар білгенімді үйретіп, тыңғылықты жаттықтырып жүрмін.
– Өзіңіз атап өткендей, былтыр Қазақ циркінің құрылғанына 50 жыл толды. Біздің цирктерді «Дю Солеймен» салыстыруға келмейтіні белгілі жайт, десек те қазақстандық көрерменді дәл сол «Дю Солейдің» қойылымдарын тамашалауға асығатындай деңгейге жеткізу үшін бізге не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мен қазіргі жүйені жойып, барлығын басынан бастар едім. Цирк басшылығына циркке қатысы бар мықты маманды тағайындар едім. Қазақ цирк өнеріне жаңа ой, тың идея керек. Ал мұның барлығын тек жастар ойластыра алады. Біздікілерге Кеңес Үкіметінен келе жатқан әдіс – ит пен мысықты жаттықтыра беруді доғару керек. Елге келгенде цирктегі хореографтарға, әртістерге менде осындай қызықты ойындар, ойлар бар деп айтқанмын. Жоғарыда айтып өткендей, жарты жыл бойы үйреткен PPP кәсіби бағдарламасында бар үйренгенімді цирктегі өз әртістерімізге үйретейін деген едім. Оған да мүмкіндік бермеді ғой.
– Ал өзіңіз Олимпиада алтынын ала алмай кеткен акробатика спортынан қазақстандық спортшылардың аяқ алысын ара-тұра бақылайсыз ба?
– Әлбетте, бақылаймын. Жалпы, біздің спортпен айналысатын спортшы жарысқа бір барғанда үш медаль ала алады, ал гимнастшы он медаль иелене алады. Сол себепті бұл спортқа ерекше мән берілсе екен деймін. Сөздің шыны керек, қазіргі спорттық гимнастиканың жағдайы мәз емес. Бұрынырықта Ернар Ерімбетов десе, көпшілік бірден оның кім және қай спорт түрімен айналысатынын білетін. Ал қазір біздің спортта ондай адам жоқтың қасы. Бізде акробатикамен кәсіби түрде шұғылданып жүрген жастар жетерлік, алайда олар өз-өздерін танытуда айтарлықтай белсенді емес.