Жаңалықтар

Қат мамандық қайсы?

ашық дереккөзі

Қат мамандық қайсы?

Еңбек нарығы заман ағымына қарай үздіксіз өзгеріп отырады. Бүгін бәсі жоғары тұрған маман­дық­тар уақыт өте келе сұраныстан шы­ғып қалуы әбден мүмкін. Окс­форд университетінің ғалымдары 2045 жылға қарай барлық қызмет түрлерінің шамамен 50 пайызы автоматтандырылып, маман­дық­тардың біразы жойылады деген қо­рытындыға келген.  2016 жылы өт­кен Бүкіләлемдік экономика фору­мында 2021 жылға қарай да­мыған елдерде 7 млн адам жұмыс­сыз қалатыны, сонымен қатар за­ман талабына сай 2 млн жаңа жұ­мыс орны пайда болатыны айтыл­ған. Жалпы, еңбек нарығы қоғамның қы­зығушылықтары мен экономи­ка­лық, технологиялық және саяси тренд­тердің ықпалынан қалыптасады. Сол се­бепті де әр мемлекеттің еңбек нары­ғы әрқилы. Мысалы, біздің жағдайда жұ­мыссыздық цифрландыру мен ав­томаттандыруға байланысты деу жаң­сақ болар еді. Дипломы бар, жұ­мысы жоқ мамандар мен дамытатын маман табыл­май тоқырап тұрған салалар. Бұл қарама-қайшылық неден туындап отыр? Жалпы, еліміздегі жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы сұра­ныспен санаса ма? Еліміздегі еңбек на­ры­ғына толықтай зерттеу жүргізіп, сарап­тап, болжам жасайтын мамандар бар ма, болған жағдайда, сол зерттеу нә­ти­жесін қолданып жүрміз бе? «Жаңа кәсіптер атласын» кәдеге жарата аламыз ба? Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ, экономист-сарапшы: – Жақында елімізде жарық көрген «Жаңа кәсіптер атласы» туралы білемін. Бұл жалпы Қа­з­ақстан нарығында жастарға, талапкер­лер­ге болашақта қандай мамандықтардың маңызы бар, қандай мамандықтарға сұраныс болады, қандай маман дайындауымыз керек деген сұрақтар төңірегінде жүргізілген зерттеулердің қорытындысы. Атлас – бола­шақ­тың шамшырағы болады деп сеніммен айта аламын. Себебі бұл – тек жас түлектерге ғана емес, қазір қоғамда, еңбек нарығында өз жолын, бағытын таба алмай жүрген аза­мат­тарға жол сілтейтін үлкен жоба. Атласта бо­ла­шақта жаңадан пайда болатын 239 ма­ман­дық еліміздің экономикасындағы 9 сала бойынша көрсетілген. Оның ішінде, 30 ма­ман­дық жойылады деген сияқты нақты ста­тистикалық деректер де бар. Бірақ, бір айта кетерлігі, бізде еңбек на­ры­­ғына, тілге, білім саласына қатысты бол­сын қаншама қабылданған жақсы рефор­ма­лар болды. Қағаз жүзінде бәрі керемет, нә­ти­жесінен зор үміт күттіреді. Ал оны жү­зеге асыру­ға келгенде біздің механизмнен қан­дай да бір ақау шығады да, нәтиже әлсіз не­месе ха­лықтың көңілінен шығатындай бол­майды. Ақ­шаны далаға шашқанмен бір­дей. Осы ат­лас жобасы да соның кебін киме­се екен дей­мін. Бұл жоба, сөз жоқ, жақсы жоба. Бірақ ба­­ға­­нағы 9 өндірістік сектор аталған өзге­ріс­терге дайын бола ма? Әлде осы бары­мыз­бен жүре берейік дей ме? Мұндай жағдайда өз­геріске бейім мамандар даярлап шығар­ға­ны­мызбен, ешқандай пайда болмайды. Сон­дық­тан да біз тек бағыт сіл­теумен ғана шектеліп қал­мауымыз керек. Кәсіпорындар мен сала­лар­дың техникалық-базалық жағын қада­ға­лап, еңбек нарығына қарай икемдеуіміз ке­рек. Еңбек нарығына талдау жүргізетін де­партаменттер болсын, арнайы сарапшылар бол­сын зерттеу жүргізіп жатады, бірақ, ол сол күйі қалады. Оларда сол зерттеулерін жүзеге асы­ратындай құзыреттілік жоқ. Жоғары оқу орын­дары қандай маманды даярлап шығара­мын десе де, өз еріктері. Гуманитарлық ба­ғыт­тағы оқу орындары техникалық ба­ғыт­тағы мамандарды даярлап жатады немесе ке­рісінше. Осы сияқты әртүрлі фактор­лар­дың әсерінен осындай қарама-қайшы­лықтар туындап жатады. Үкіметтің 1999 жылғы 15 ақпандағы №125 қаулысы негізінде «Қазақстан Респуб­ли­­касы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің Жұмыспен қамту жө­ніндегі ақпараттық-талдау орталығы» құрылған. 2016 жылғы 1 шілдедегі № 391 қаулы бойын­ша орталық «Еңбек ресурстарын дамыту ор­талығы» акционерлік қоғамы болып өзгерді. Орталықта Еңбек нарығын талдау депар­та­менті, Болжау департаменті, оның ішінде Еңбек нарығын болжау басқармасы бар. Атал­ған департаменттер жұмысының жай-жап­сарын біліп, жасаған зерттеу нәтижелері қан­шалықты ескерілетіні, білім гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министр­лігі­мен арада байланыс бола ма деген сұрақтар­дың жауабын білу үшін орталыққа хабар­лас­тық. Баспасөз қызметі маманы Анар Шай­ке­нованың сөзінше, enbek.kz жүктелген резю­мелер мен бос жұмыс орындарына қарай еңбек нарығына талдау жасалады. Сонымен қатар, білім гранттарын анықтау кезінде Білім және ғылым министр­лігі­не талдау қорытындылары жіберіледі. Бірақ, білім гранттары тек Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қолдау министрлігінің сараптамасы арқылы ғана бөлінбейді. Әр сала өздеріне керек, сұранысқа ие маман­дық­тарды өзі ұсынады. *мәлімет «Жаңа кәсіптер ат­ласынан» алынды Расымен де, қазіргі таңда көптеген елдер бәсекеге қабілетті болу үшін жаңа эко­номикаға – білім экономикасына өтуге талпынып жатыр. Ал ол үшін шығармашы­лығы дамыған, еңбек өнімділігі жоғары, қиын тапсырмаларды шапшаң орындайтын және әртүрлі жағдайда жұмыс істеу мүмкіндігі бар еңбек ресурсы болу керек. The Boston Consulting Group зерттеуінше, қазірдің өзінде алдыңғы қатарлы дамыған елдерде (Жапония, Германия, Сингапур, Ұлыбри­тания) мұндай қабілетті адамдардың еңбек нарығындағы үлесі – 25 пайыз. Қазақстанда жоғары білікті зияткер адамдар еңбек нарығының тек 11 пайызын құрайды деп көрсетіліпті. Жалпы болашақ білікті маман қандай болады деген мәселеге жүргізілген көптеген зерттеулер бір арнаға келіп тоғы­сады. Болашақта табысты жұмысқа орналасу үшін ең алдымен когнитивтік, әлеуметтік-коммуникативтік және цифрлық дағдылар талап етіледі. «Өмір бойы оқу» – басты қағида болады. Пандемияның әсерінен қашықтан жұмыс істеуге үйрендік. Дамыған елдерде көптеген мамандықтар үшін қашықтан жұмыс істеу яғни фриланс қызметі бұрыннан қалыпты жағдай болатын. Forbes. The Rise of Freelancer Economy зерттеуі 2020 жылы АҚШ-та әрбір екінші адам фрилансер болады деп болжаған екен. Сонымен қатар, жұмыс беруші бір қызметкерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып $10,000 үнемдей алады. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта жалпы еңбек нарығын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Автоматтандыру мен цифрлы технологиялардың дамуы талай кәсіпті нарықтан ығыстырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді. Біздің сол көшке ілесу, ілеспеуіміз қазір қабылдаған шаралар мен атқарған жұмыстарға тікелей байланысты болатыны анық.