ДИМАШ – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

ДИМАШ – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

ДИМАШ – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН
ашық дереккөзі
Әр ұлттың өніп-өскен, мекен еткен жеріне орай өзгеше болмысы қалыптасатыны ақиқат. Ұлы дала төсінде мыңдаған жылдар бойы еркін өмір сүрген, империя құрып ғасырлар бойы Еуразияны дүбірлетіп өткен халықтардың бүгінгі жалғасы – қазақтардың жан дүниесінде ғажайып бір еркіндік бар. Ол азаттық атты құдіретті терең түйсінуден туған қасиет. Содан болар, аласапыран кезеңдерде тағдыр тәлкегіне ұшырап, бір жарым ғасырдай жаттың боданында болған ел еркіндік таңы атып, тәуелсіз мемлекетке айналғанда ұлтымыздың тұншығып келген қабілет-қарымының жарқырап көрінетініне, талантты ұл-қыздарымыздың түрлі әлемдік додаларда топ жарып, алты әлемді таңдай қақтыратынына сенгенбіз. Ұлтыңа деген сенім мен махаббат алға ұмтылдырмай, мақсат биігіне талпындырмай тұрмайды. Бір кезде одақтас рес­публикалардан құралған үлкен мем­ле­кеттің ішінде заманауи ғылым-білімді иге­ріп, ақыл-ойы мен таланты өзгелерден кем түс­­песе де «үлкен ұлттың» шовинистік пи­ғылының қиянатына ұшырап талай жолы ке­­сілген халықтың перзенттері үшін Тәуел­сіздік – ешқандай қысымға бағынбай, әлем­дік үдерістерге өз үлесін қосып, даңққа бө­­ленуге ашылған төте жол болды. Оған сая­­сат, экономика, спорт пен өнер са­ла­сында жеткен талай жетістіктеріміз дәлел. Алайда солардың арасында ерекшелеп айту­ға тұратын қазақтың бір үлкен жетіс­тігі – есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, әлемге Ди­маш атымен танылған феномен әнші Дінмұхаммед Құдайберген болды. Әрине, қазақ – қазақ болғалы талай ке­ремет ұлы өнерпаздар мына дү­ниенің есігін ашып-жауып кеткені мәлім. Ары­дағы Әміре, берідегі Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Аманкелді Сембин, Ерік Құр­манғалиев секілді дауысы даласындай кең, тауындай биік, тас бұлақтың суындай сың­ғырлаған әуезді  талай әншілеріміз болды. Өз кезінде олар да әлемнің көптеген ме­м­лекетінің жеріне табаны тиіп, небір ду­лы орталарда ән шырқап, қазақ әнінің құ­­діре­тін танытқаны мәлім. Бірақ «Әр за­ман­ға – бір зауал» демекші, ол тұста со­лардың талантын әлемге танытуға бүгін­гі­дей пәрменді тарату құралдары болған жоқ. Газет-журналдарда жазылып жатқанымен оның да мүмкіндігі шектеулі еді. Ал әншінің өнерпаздық деңгейін тікелей танытуға себі тиетін радио-телевидениелердің өзі ай­мақ­тық, ары кетсе мемлекеттік деңгейдегі құ­рал болатын. Сондықтан қазақтан шыққан та­лантты өнерпаздардың әлемдік мәдениет тарихынан лайықты орын алып, кең түрде таныла алмай қалғаны саясаттың қыты­мыр­лығы мен өркениеттің күллі адамзат­тық деңгейде дами қоймағанының себебі­нен еді. Міне, осы олқылықтардың орнын тол­тырып қана қоймай, өнер әлемінде бұ­рынғы шыққан биігімізді одан әрі көтеріп отыр­ған Димаштың бұрынғылардан асқан екі бағы бар, оның біріншісі әлемде өте си­рек кездесетін дауыс диапазоны болса, екін­шісі – күллі адамзатты бір-бірімен жа­қын әрі тығыз байланыстырып тұрған ақ­па­раттық технология дәуірінің азаматы еке­ні. Сөзімізді ұзақтан орағытпай бірден ті­кесіне көшуге болар еді, алайда өй­тетін болсақ, Димашқа қатысты әңгімені «Жал­ғыз шапқан ат – жүйрік» дәрежесіне тү­­сіріп, бүгінде қазақтың бағына айналған ба­ланы өнердің құйрық-жалсыз кереметі қы­лып, онымыз жұрттың көңіліне келетін жел сөз болар еді. Шын мәнінде Димаш қа­зақ әншілігін өзінен бұрынғылар жеткен биік­тен де асырып қана қоймай, ізіне  Ернар Садырбаев (Әміре сахналық есімімен «Славянский Базар» конкурсында бірінші орын алды), Дәнелия Төлешова (Украи­на­лық «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы, «Аме­рика таланттарды іздейді» шоуының фи­налисі), Ержан Мақсым (Ресейлік «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы, Junior Eurovision конкурсының жүлдегері) секілді талантты іні-қарындастарын ертіп, соларға дем беруші тұлғаға айналды. Бұл енді әлем­дік ән өнерінде Димаштың Қазақстан, қа­зақ деген ұғымдарды брендке айналдыруы деген сөз. Сондықтан ендігіден былай қарай дүниежүзі өнерде қазақтан, Қазақстаннан ерекше таланттарды іздеп отыратын болса, оның Димаштың арқасында қол жеткен жақсылық деп санап, өз елімізде феномен әншімізді бөлекше құрметтеу дағдысын қалыптастыруымыз керек. Бір кезде Saz alemi жобасында әділ­қа­зылар тарапынан өнері сыналған кез­де халықтың көбі Димашты онша біл­мей­тін. Бірақ дауыс мүмкіндігі бар жас ән­ші­ге дұрыс кеңес берудің орнына оны мүл­де тұқыртып тастағысы келгендердің әре­кеті сол кезде де, қазір де ақтауға кел­мей­тін еді (Бағым Мұхитдинова бастаған қа­зылар алқасының сол сындарын жа­қын­да ресейлік «Привет, Андрей» теле­бағ­дар­ла­масында орыстың белгілі әншілері қалай күл­кіге айналдырды десеңізші). Сол Saz alemi жобасынан екі жыл өткенде Димаш «Славянский базар» конкурсында қалай өнер көрсетті! Одан тағы екі жыл өткенде Қы­тайда өткен  I am Singer шоуында тама­ша өнер көрсеткен Димаштың талантын бү­кіл әлем таныды. Одан бергі жерде сол дең­гейден түскен емес. Бірақ өз ішімізде әлі күн­ге танудан гөрі таңдану басым. Осыдан бірер күн бұрын YouTube бей­нехостингіндегі Qasqa Jol арна­сына сұхбат берген танымал жас әртіс­тер­дің бірі Қайрат Әділгерей Димаштың жас кезі, бір кездегі сыналған сәттері туралы ай­та келіп, мынадай пікір білдірді (айта кету керек, ол Saz alemi жобасында сын­шы­лардың Димаш туралы пікірін құптайды екен): «Осыдан бір апта бұрын Димашты отырып қарадым. Кез келген әңгімесі – ұлт. Сонда ол өзінің амбициясын ойламайды, тек қана қазақты, ұлтын ойлайды. Олай өмір сүру өте қиын ғой. Ондай жауапкер­шілікті ала алатын адам болса, тағдыр оған сондай бақ береді. ...Жалпы, қазақ биікте жүрсе де Димаш­ты әлі танымайды. Димаштың өнеріне мұқ­таж емес. Неге? Өйткені біздің музы­ка­лық сауатымыз, деңгейіміз жоқ. Қазір бүкіл әлем­ге қазақты танытып жүрсе де, бізде Ди­маштың деңгейіндегі музыка тыңдайтын адам аз. Өйткені фонограммамен айтатын ша­ла сауатты әншілер құлақты бітеп тас­таған. Соларды дәріптейді бізде. Егер те­леви­зиядан симфонияны, жақсы әндерді тың­дата берсе, халықтың музыкалық деңгейі өсер еді. Өйткені талғамды қалып­тас­тыратын өнерпаздар». Өнердің бело­р­та­сында жүрген азаматтың пікірі бұл. Демек, біз өзіміздің дарынды әншіміздің шы­нында қандай биік екеніне көзіміз жете бастады деген сөз. Әрине, өз ортамызда мұндай пікір­дің бірінші рет айтылуы емес, дегенмен осы­лай ойлайтындардың қатарының кө­бейе бастауы жақсы құбылыс. Сыншылдық деңгейінің жоғары болуы әдетте өнердің өркендеуіне себі тиеді деп жатады. Қате демейміз. Бірақ тек сынап-мінеу қандай да бір таланттың шы­ғармашылық ерекшелігін ашып бере бер­мейді. Талдап, түсіндіріп отырса ғана өнердің құдіреті халықтың ойына сіңіп, қабылдауын жеңілдетеді. Міне, осы жа­ғы­нан алғанда, қуаныштысы – бізде Ди­маш­тың әншілігін, ерекшелігін түсіндіріп бере алатын кісі бар екен. Қызығы – ол музыка маманы емес. Әдебиетші, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат төрт жылдай уақытын Ди­маш туралы кітап жазуға арнап, жиыны мың беттен асатын екі том кітап жазыпты. «Димаш. Когда жаждут крика» («Димаш. Шыған дауысты аңсау») атты орысша, қазақша жазылған бұл кітапта Димаштың әншілік талантының ерекшелігі маман музыка сыншысы деңгейінде талданған. Баспасөзде аздаған үзінділері жариялан­ғанымен әлі кітап болып шықпаған еңбе­гінде Мақсат Тәж-Мұрат былай деп тол­ғай­ды: «Бүгінге дейін мәлім болып отырған фактілер Димаштың әншілік дауысы дәл лирикалық тенорға жататынын анықтайды. Мұны Singer өтіп жатқанда әншінің ал­ғашқы вокал ұстазы, оның табиғи дауы­сын одан әрі тәрбиелеген Марат Әйтімов бір­ден ескерткен болатын. Кейінірек «Ме­нің дауы­сым – лирикалық тенор» деп Димаштың өзі де айтқан. Сондай-ақ М.Әйтімов «Димаш контртенор емес, себебі ол төмен нота­лар­ды да еркін ала береді» деп және бір кәсіби ескерту жасаған-ды. Әншіні бозбала ша­ғы­нан білетін, жылдар бойы аптасына төрт рет баулыған маманның бұл сөзіне құлақ асу керек. Бүгінде осы пікірді шетелдік во­-кал педагогтар да қуаттап отыр. Солардың бірі Elena Limon-ның жазуынша, «Димаш – фальцеттік дауысты шеберлікпен меңгерген тенор». Сонымен бірге мамандар әншінің қажет жерде баритональдық тенормен де, драмалық тенормен де айта беретініне назар аударады. Мысалы, кейінгі «Грешная страсть», «Любовь уставших лебедей» композицияларында бұл дауыс түрлері ән драматургиясында ішінара қолданылса, әнші 2013 жылғы «7 ән» телеконкурсында «Кінәлама» әнін бастан-аяқ баритональдық рок стилінде, 2017 жылғы Singer бай­қауын­да Konfesso-ны түгелдей драмалық тенор ретінде орындап шықты. ...Димаштың әншілік дауысы еш алайдасыз, ...қазақтың ер әншілерінің «мен­шікті» дауыс түрі – тенорға, соның ішінде әлемдегі ең бәсекеге қабілетті жоғары те­норға жатады. ...Сол сияқты оның дауысын бірыңғай сопраноға апарып телу де еш сын көтер­мейтін пікір. Сопрано – негізінде дауыс ауқымы (диапазоны) – до 1 октавадан басталып, – до 3 октаваға дейін жететін опе­ралық әйел әншілер вокалы. Орт­а­ғасырда, Италиядағы барокко дәуірінде ерлердің жоғары, биік дауысына эсте­ти­калық ділгерлік туып, осындай барокколық репертуарға арнап Росси, Кариссими, Франческо ди Милано, Заннетти, Гендель сияқты белгілі композиторлар сопранолық кантаталар жаза бастағанда оларды орын­дауға ер адамдарды, дәлірегін айтқанда, арнайы ақта етілген ер балаларды тартқан. Бірақ дүниеде сирек те болса азбан (каст­рат) емес еркек сопранолар да кездеседі, олар­ды «таза сопранистер» деп атайды. ...Біздің заманымызда таза сопраншы жалғыз әнші бар, ол – молдаван опералық солисі Раду Марьян. Дауысының биіктігі С4 – С6 диапазонындағы таза сопраноға дейін жететін Раду табиғи кастрат («эндокриндік кастрат»), яғни дауыс биіктігі ағзадағы эндокриндік ерекшеліктермен байланысты әнші ретінде бағаланып отыр. Басқаша айтқанда, ол ер бала сопраносын («періште дауыс») еске салатын табиғи дауыстың иесі. Осы бірегей дауыстың сақталып қалуына негіз болған нәрсе дейді мамандар, Радудың дауысының бозбала шақта мутацияға ұшырауы әдеттегіден ұзаққа созылған және дәл осы сын кезеңде оған итальян композиторы Флавио Колуззо кездесіп, соның жетекшілігімен вокал өнерінен сабақ алғандықтан дауысының бірегейлігі жоғалмай сақталады. Димаштың әншілік тарихы бір есептен Марьянның басында болған осы жағдайға келіңкірейді. Қазақ әншісі әкесінен лирикалық мақпал тенор дауысты еншілеген, сонымен бірге оның дауысынан да, бойынан да анасынан біткен асыл қасиеттер көрініп тұр, әсіресе бұлақтың үніндей, хрустальдай таза, биік сопрано дауысы. Содан болуы керек, Димаштың бала кездегі негізгі дауысы сопрано түрінде белгі береді... ...Әдетте тенор тесситуралы әншілердің бой-сопрано дауысы 10-12 жаста жоғалып кетеді, ал дауыстың сынуының жалпы ран­домдық мерзімі 12-20 жас аралығын қам­тиды, яғни осы кезеңде негізгі, табиғи дауыс қалыптасып болуы керек. Соған сәйкес Димаш шамамен он бес-он алтыға келгенде онда тенор, баритон, тіпті бас сияқты еркекке тән табиғи дауыс түрлері нышан тастайды, бірақ ғажабы сол, бас­қаларда бұл кезеңде әйелдік сопрано дауыс жоғалып кетіп жатса, Димашта ол жоғал­май, дәл Марьяндағыдай таза қалпын бұз­бай қала береді. Раду Колуззоны кезіктіргені сияқ­ты, Димашқа тағдыр Әйтімовты жо­лық­тырған. Мұндағы гәп өзі де ән айта­тын соңғысының педагогтік дарынында ғана емес, оны ұстаз ретінде тәрбиелеп шығар­ған кеңестік музыкалық білім беру жүйе­сінің ерекшелігінде, яғни классикалық ба­ғы­тының күштілігінде». Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, ав­тор Димаштың әншілік қабілетін аша түсу үшін көптеген салыстырулар жа­сайды. (Үзінді көптеу көрінгенімен кітап­тың мың беттік жойқын еңбек екенін ескер­сек, біз мысалға алып отырған аз ғана мә­тін теңіздің тамшысындай-ақ). Үлкен әнші тудыра алған ел ол туралы да үлкен әңгіме айта алғаны қандай ғанибет! Бұған қарап бүгінгі қазақ өз дарындарын тани алуға қабілеті жететін ел екенін мақт­а­нышпен айтуға болады. Әлемдік деңгейде жұрттың назарын аударып отырған Димаш Құдайбер­ген туралы БАҚ-тарда жиі әңгіме болуы заңды құбылыс. Дегенмен кейінгі кезде сен­сация қуалаған адамдар мен басылым­дардың ұлт мерейін көтеріп отырған ән­шіміз жайында жиі жөнсіз қауесет тара­тып жататыны ұят нәрсе. Өткен жылдың соңына таман Димаш Құдайберген «Привет, Андрей» атты бағ­дар­ламаға Лев Лещенко, Валерий Леон­тьев, Григорий Лепс, Лолита, Николай Бас­ков, Филипп Киркоров, Дима Билан, Сергей Л­азарев секілді ресейлік эстрада жұлдыз­дары және композитор Игорь Крутоймен бірге қатысқан еді. Онда кеңестік кезеңнен бастап бүгінге дейін­гі үздік жыл әндерін орын­даған талантты ән­ші­лер шақырылып, олар­дың әндеріне, жеке өмірлеріне қа­тысты қы­зық­ты жайт­тарды көр­сете оты­рып ән сал­дырды, пікірлерін тыңдады. Сол бағдарламада Димашқа қатысты Saz alemi конкурсында айтқан әділ­қазылардың пікірі ресейлік өнер жұл­дыздары арасында күлкі шақырып, қыл­жаққа азық болды. Өйткені олар Димаштай та­лант­ты адамға музыка әлемінде өз елінен сырт­қа беделі жоқ әлдебіреулердің әнді өй­тіп айтпа, бүйтіп айтпа дегенін қабылдай алмады. Тіпті Басков Димашқа қарата «Мұ­ны не үшін сынау керек, ол идеал адам ғой» деп те жіберді. Сосын аталған конкурстағы «сы­налуына» орай Димаштың айтқанынан бір­деңенің ұшығы байқалғандай болды. Ди­маштың айтуынша, ол Saz alemi ән сайы­сында басқа ән айтпақшы болған, бірақ ұйым­дастырушылар «Көркемім» әнін орын­дауын, сондай-ақ, одан дауыс мүмкіншілігін көрсетуді сұраған. Кейін содан өздері ілік тауып, сынаған көрінеді. Демек, Димашты сынау үшін біреулер әлгі «ұсыныстарын» әдейі жасамады ма екен күдікті ой келеді көңілге. Ал енді осының ертеңіне қазақ­стан­дық бір сценарист әншіні сынап, өзінің Instagram парақшасына шулы пікір қал­дырды. Сол-ақ екен, қазақстандық медиа оның пікірін жарыса жариялап, бір жырғап қалды. Ал шынында мәселе мүл­де басқа еді. Бағдарламада Димаш біреуден кек алғысы келген жоқ, керісінше, бір кезде өзін сынағандарға түсіністікпен қарай­ты­нын жеткізді. Сосын, ғаламторда жүрген «сын­шылардың» бейнежазбасын орыстар бая­ғыда-ақ көріп, Қазақстанда Димашқа сын айтатын да біреулер бар екен-ау деп күл­ген. Ал оған әнші баланың қатысы қан­ша?! Оны біздегілер саясатқа айналдырып, Димаш­ты қазақтың намысын орысқа жы­ғып бергендей қылып көрсеткісі келетіні есі дұрыс адам үшін шындыққа қиянат, ұят­сыздық (кезінде біреулердің Димашты «Қы­тайдың жобасы» дегені сияқты). Асылы, өнер мен саясатты шатастырмаған дұрыс-ау… Бірақ Құдай бақ беріп тұрса, оған дауа бар ма, осыдан көп өтпей Димаш АҚШ президенті Джо Байденнің инаугу­ра­циялау апталығының ашылуына арналған салтанатты іс-шараға шақырылды. (Бұл АҚШ президентінің таққа отыру рәсіміне арналған шараға қазақтың әншісі тұңғыш қатысуы болатын). Онда әнші ағылшын және қазақ тілінде АҚШ-тың жаңа прези­денті мен вице-президентін құттықтап, қазақтың халық әні «Самалтауды» нәшіне келтіре орындады. Ал салтанатты шараны ұйымдастырған Sister Cities International бас директоры Лерой Аллала өз кезегінде қа­зақстандық орындаушының шығарма­шы­лығы адамдарды, олардың мәдениеті мен тілін біріктіретінін атап өтті. Осындай биік құр­мет қазақ өнеріне бұрын-соңды көрсе­тіліп пе екен сірә?.. Алайда тыныш жатса қазақ – қазақ бола ма? Осыдан бірер жыл бұрын біреулер бық­сы­тып жүрген бір іштарлық әңгімесін біреу­лер сайттарға салып, тағы шулатты. Тағы Димаш туралы... Бұл жолы қазақтың жанды жері – рушылдықтың әңгімесін қоздырды. Яғни «Димаштың руы қазақ ішіне сіңген қырғыздардан тарайды екен» екен деген бықсық сөз. Құдай-ау дейсің, этникалық негізіне қарасаң, кімнің кімге жақындығын кім біледі? Барлық ұлт түрлі тайпалардан бі­­­рігіп, елге айналады емес пе? Шежіреде жа­зылғандай, барлық рудың түбі ұлтты құрайтын бір кісіден тарайтынына кім кепілдік береді? Есте жоқ ескі заманға кете­тін тарихтың бар әңгімесі түгел деп кім айт­ты? Тіпті кейбір ұлттар өз атын ХХ ға­сыр­дың басында алды емес пе? Мұның өзі қоз­ғап абырой алатын әңгіме емес, бірақ өз іші­міздегі кейбіреулердің әлі майда әңгіме қуып, бәрін өз бойымен өлшеуге дайын тұра­тынын көргенде күйінбей тұра алмай­сың... Жақында Димаш өнерін өрістету үшін біраз жыл АҚШ-та тұрып ең­бек ететінін айтыпты. Ал оны түсінбей, «ел­ден мүлдем кетеді екен» деп шулап жүр­гендер қаншама... Үлкен кемелердің еркін жүзуі үшін мұхитты қажет ететіні секілді, әлемдік шоу бизнестің ең үлкен орталы­ғына Димаш бармағанда кім барады?!. «Болам деген баланың бетін қақпа, бе­лін бу» дейді халқымыз. Әлемнің үлкен дер­жавасына барып, халқының атын да, за­тын да танытамын деген баланы неге қуа­на қолдамасқа?.. Бүгінде ғаламторда Димаш туралы ай­тылған ойлар мен жазылған пікір­лерде есеп жоқ, тіпті оны түгел санап шығу үшін бір адамның өмірі жетпейтін шығар. Дегенмен әр жерде шашырап жүрген үзік-үзік пікірлер (көбісінің мәні де ұқсас)  жи­нақ­талып, қорытылмаған соң, одан жұртқа ән­шінің өнері туралы терең түсінік қалып­тасуы қиын. Ал Димаш туралы кәсіби дең­гейі жоғары зерттеу еңбектердің өз елінде пай­да болуы және оның әлемге жетуі  – өте маңызды іс.