Дипломатия жемістері

Дипломатия жемістері

Дипломатия жемістері
ашық дереккөзі
Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып жария­лан­ғанына 30 жыл толады. Осы тарихи датаға байланысты өмірімнің жиырмаға жуық жылын осы салаға арнаған дип­ломатия ардагері хақында, дербес еліміздің сыртқы сая­сатының қалыптасуы мен даму жолы жөнінде әңгіме қозғауды жөн көр­дім. Әуелі қазақ халқының тарихына аздап көз жүгіртіп өтсек. Қазіргі тәуелсіз Қазақ­стан дипломатиясы Ұлы дала дипломатиясының жалғасы деу өте орынды. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу мәселесін қалың жұртшылыққа таныстыру жо­лында тер төккен ғалымдар мен жазушылар арасындағы Ә.Марғұланның, С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, С.Кеңесбаевтың шоқтығы биік. Олар Ұлы дала дип­ломатиясының бағзы заманнан бастау ала­тынын бірнеше деректермен дә­лел­деген. Мысалы, Республика Академиясы жар­шы­сының (1957, 1969, 1985 жыл­дардағы) басылымдарында:  «Қазақстанның ХV–ХVIII ғасырлардағы әлеуметтік-саяси  тари­хын зерттей келе, бұл тек сол дәуірде бол­ған оқиғалар ғана емес, сондай-ақ ол күл­лі қазақ халқының қалыптасуы мен өту жол­дары, ата-бабаларымыздың тарихы, ежел­гі тайпалардың бет-бейнесі мен олар сөйлеген тілдің орта ғасырға дейін жетіп, бүгін­гі таңға көп өзгеріске енбей келуі, қазақ хал­қының данышпандығын баяндайтын та­ри­хи ғұмырнама» делінген. Оқымыс­ты­лар­дың айтуынша, тайпа көсемдері әрі әскер ба­сы, әрі сот, әрі ұлттық дін мен дәстүр сақ­тау­­шысы болумен қатар, олардың бейбітшілік пен соғыс мәселелері жөніндегі келісімдерге қол қоюға құқылары да бар болған. Ежелден қазақ халқы өзінің төл та­ри­хын, туған жерін, тілін, ділін, салт-сана­сы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәс­түрлерді құрметтеуді, оларды көзінің қара­шығындай сақтап қастерлеуді ұрпақтан-ұр­паққа аманат етіп қалдырған. Бір дерек­терде (б.ж.с. дейінгі VIII–VIғғ.) сақтар мен массагеттер бірігіп көршілес тайпалармен бей­біт және сауда-саттық байланысқа түс­кен­дігі жөнінде және олардың Ассирия және Мидиеямен, көп кешікпей Персиямен өзара тиімді шарт жасасқаны туралы жазылған. Бейбіт өмір сүру, бөтен елдермен дос­тық қарым-қатынаста болу – қазақ хал­қының ежелден бойына біткен абзал қа­сиеттерінің бірі. XVII-ХIX ғасырларда Орта Азия аумағында дипломатиялық, сауда, әс­кери байланыстар шеңберінде орын алған дәс­түрлердің бірі – елшілер құқығына қол сұқ­пау, сапар кезінде елшілердің қонып шығуы­на, көліктердің тынығуына мүмкіндік ту­ғызу, сондай-ақ белгіленген мөлшердегі ке­дендік баж салығын төлеу болды. Аймақта қа­лыптасқан дәстүрлер бірте-бірте мемле­кеттік ережелер мен халықаралық норма­ларына ауысқаны – бүгінгі дипломатияның негізі екендігінің куәсі. Елшілердің құқықтық дәрежесі тек шарттармен шектеліп қана қой­май, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына тән салт-дәстүрлерге, дініне, мемлекеттің іш­кі заңдарына негізделді. Қазақстан 1991 жылы өзін Тәуелсіз мем­лекет деп жариялағаннан кейін, Сыртқы істер министрлігі қызметі мүлде өз­герді. Қазақстан Республикасының тәуел­сіздігін мойындаған халықаралық қауым­дас­тық елдерімен терезесі тең, сыртқы саясатын өзі анықтайтын мемлекетке айналды. Қысқа мерзім ішінде Сыртқы істер министрлігі ал­дында ұлттық мүддеге сай маңызды да жауап­ты міндет – дипломатиялық жұмысты дұрыс жолға қою мәселесі тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сырт­қы істер министрі болып тағайындал­ған Төлеутай Сүлейменов басқарған ұжым қиын да күрделі шараларды үлкен жауап­кер­шілікпен атқара білді. Күрделіліктің біріншісі – Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанның дербес сыртқы саясат жүргізу тәжірибесінің аз бол­ған­дығы; екіншісі – Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстанның өзіне тән сыртқы саясат жүргізуде геосаяси ақиқатқа сай бейімделуін­дегі қиындықтарға төзе отырып, өзіндік сыртқы саясат жолына түсуі. Елде болған жағдайды шешу барысында жас мемлекеттің дипломатиялық қыз­ме­тіне шет елдерде жұмыс істеген маман­дар­ды және сол кезде КСРО Сыртқы істер ми­нистрлігі (СІМ) мен халықаралық ұйым­дар­дағы дипломаттарды Қазақстан Республи­ка­сының СІМ-не қызметке шақыру қажеттілігі туды. Тәуелсіз еліміздің Сырқы істер ведомст­во­сын­дағы алғашқы ұйымдастыру шара­ларының бірі министрлік жұмысына құқық­тық негіз беру болды. Бұл тұрғыда сырт­қы байланыстарда тәжірибесі мол шет елдер­дің сыртқы саясатына сараптама жасай оты­рып, Қазақстанға сай халықаралық құ­жат­тардың құқықтық принциптерін зерттеп, зерделеп, оларды заң арқылы бекіту болды. Ұжымның алғашқы қолға алған құ­жаты – «Қазақстан Республикасы­ның Сыртқы істер министрлігі туралы Ережесі». Үкімет басшыларының жан-жақты талдауы­нан өткен бұл құжат Президент Жарлығымен 1992 жылғы 2 шілдеде бекітілді. Жарлық кү­шіне енгеннен бастап, Сыртқы істер ми­нистрлігі Қазақстан Республикасының ат­қарушы органы болып есептелініп, оған шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату құқығы берілді. Сыртқы істер министрлігі өміріндегі аса маңызды туынды – тәуелсіз, жас Қа­зақстан Республикасының сыртқы саясат жөніндегі тұжырымдамасы (концепция) болды. Тұжырымдамада егеменді еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі қағидалары мен ба­ғыттары, мақсаттар мен көзқарастар жүйесі жан-жақты айқындалды. Дипломатиялық қызметтің басты мақ­саты – Қазақстан Республикасын­да әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін сыртқы саясатта қолайлы жағ­дайлар жасау және елімізге қажетті шет­ел­дік инвестициялар тарту. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты – халықаралық ұйымдардың қолдауымен шет елдермен сауда–эко­номикалық байланыстарды барынша дамыту. Елі­міздің ішкі және сыртқы саясатының үндестігін еске ала отырып, республикамызда демократиялық қоғам құру, әлеуметтік жағ­дайды одан әрі жақсартуға бағытталған на­рық­тық экономика жүйесін жасау, Ота­ны­мызда тұрып жатқан азаматтардың конс­ти­туциялық құқығын сақтау – тәуелсіз мем­­­лекетіміздің ең басты мақсаты екенін ес­тен шығармауға тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаев үнемі назар аударып отыр­ды. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негіздері – тепе теңдік, көп­векторлық, әріптестерімен сыртқы қаты­настарды орнатуда прагматикалық принцип ұстау, өз елінің сыртқы саясатына қайшылық келетін іс-қимылдар кезінде сабырлы да са­лиқалы, істің мән-жайына терең талдау жасау ар­қылы елімізге келген шетелдік инвес­ти­цияларды барынша қорғау. Сонымен қатар екі­жақты не көпжақты қарым-қатынастарды нығайтуда халықаралық құқық қағидаларын дұрыс пайдалану. Елбасының ядролық қарудан бас тарту жөніндегі тарихи шешімі қазақ еліне бедел мен абырой әкелді. Халықаралық қауым­дастыққа мүше елдер республиканың бұл қадамына өз ризашылығын білдіріп, жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниежүзілік қауіп­сіздік ісіне қосқан үлесін шексіз деп ба­­ға­лады. 1992 жылдың мамырында Қазақ­стан Республикасы Лиссабон хаттамасына қол қойып, өзін ядролық қарусыз мемлекет ретінде жариялады. Егеменді еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына едәуір ықпал жасаған оның Біріккен Ұлттар Ұйымында өз ұста­ны­мына берік болғаны. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға 1992 жылғы 2 наурызда мүше болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан шекаралас ел­дер­мен халықаралық құқыққа негізделген, дос­тық пен тату-тәтті көршілікті көзінің қара­шығындай сақтауды алдына мақсат етіп қой­ды. 1991 жылдың желтоқсанында қа­был­данған Алматы Декларациясында Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылған­дығы әлемге жария болды. ТМД-ның жұмысы оған мүше елдердің бір-бірімен тең құқық­тығы негізінде құрылғаны, олардың терри­ториялық тұтастығын құрметтеу, осы күнге дейін қалыптасқан шекаралардың беріктігін сақтау және бөтен елдер тарапынан көршілес мемлекеттер шекарасына қауіп-қатер төнсе, бірігіп тойтарыс беру жөнінде келісімге келді. Осындай қиын-қыстау заманда, яғни 1994 жылғы 13 қазанда Қазақстан Рес­публикасының Сыртқы істер министр­лігіне басшылық ету Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұйырды. Ол баянды еңбек еткен 1994-1999 жылдар еліміздің сыртқы саясатындағы елеулі кезеңдердің бірі болды. Еліміз дербес мемлекет ретінде үлкен әлемге алғашқы қадамдарын жасай бастады. Мемлекетаралық қатынастар орнату тәжірибесі жоққа жақын болатын. Алайда жас қазақ дипломатиясы бұл құрметті де қиын миссияны абыроймен орындап шықты. Қасым-Жомарт Тоқаевты шет елдерде «кәнігі дипломат» деп бағалайды, оның жоғары кәсіпқойлығын құрметтейді, қазіргі қазақ дипломатиясы мектебінің негізін қалаушы ретінде біледі. Мемлеке­ті­міздің талай жоғары лауазымды қызмет­терінде абыройлы жұмыс атқарған Қ.Тоқаев мырза 2002 жылы Сыртқы істер министрі бо­лып, дипломатияның сара жолына қайта орал­ды. Әлемдік ауқымдағы дипломат дең­гейі­не көтерілген Қасым-Жомарт Ке­мелұлы – ірі халықаралық форумдардың қалаулы қонағы, дүниежүзілік дипломатиялық қоғам­дастықтың танымал өкілі. 2007 жылға дейін өзіне тапсырылған  жауапты қызметке бар білімі мен күш-жігерін арнаған Қ.Тоқаевтың есімі Қазақстан сыртқы саясатымен байла­ныста бола тұра, жаһандық саясатта да әбден танымал тұлға. Бұған Қасым-Жомарт Ке­мелұлы­ның 2011-2013 жылдарда Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас хатшысының орын­басары лауазымында табысты жұмысы дәлел бола алады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдарында, өз елінде халықаралық жоғары деңгейдегі кездесулер, жиындар, форумдар өткізумен, дұниежүзілік қауымдас­тық елдерін  өз назарына аудара бастады. 2010 жылғы Қазақстан Республика­сы­ның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынты­мақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ – ОБСЕ) төрағалық етуі – еліміздің сыртқы саясаты мен ха­лық­аралық қатынастарын әлемге паш етудегі тарихи оқиғалардың бірі болды. Бұдан бұрын бұл мәртебе ешбір мұсылман еліне, сондай-ақ посткеңес кеңістігі елдеріне бұйырмаған еді. Төрағалық жөніндегі шешім ұйымға мүше мемлекеттердің Қазақстанның  әлемдік процестегі позитивті рөлі, оның құқықтық, демократиялық мемлекет құруға шынайы ұмтылыстарын ресми бағалауы болды. ХХІ ғасырдың басында елордамызда өт­кізілген ЕҚЫҰ-ның бірінші басқосуы және онда қабылданған Астана Деклара­циясының маңызы жоғары деңгейдегі халықаралық шара­лардың санатына жатады. Сәтті өткен төрағалық жылынан кейін, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның «Үштік» шеңберінде өз жұмысын бел­сенді жалғастырды. 2011 жылдың қыркүйе­гінен желтоқсан айына дейін біздің мемлекет қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына басшылық етті. Белгілі қазақ дип­ломаттарының келіссөздер жүргізудегі ше­берлігі, декларация мәтініндегі кейбір келіс­пеушіліктерді алып тастауы, не ымыраға келу­дегі аймақ өкілдерімен жеке-жеке дөң­гелек үстел басында күні-түні өткізген кез­десу­лері нәтижесінде Астана Декларациясы қа­былданып, ЕҚЫҰ-ның болашақ тағдыры айқындалды. Дүниежүзінде болып жатқан әртүрлі әскери қақтығыстар мен дау дамай­ларға тоқтау бере алатын саяси құралдардың бірі – әлемдегі дін өкілдерінің бір жерге бас қосып, дүниеде болып отырған келеңсіз жайттарды дөңгелек үстел басында, диалог пен өзара пікір алмасу арқылы бейбіт түрде шешу. Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың баста­масымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  сьезін өткізу шешімі қабылданды. Осыған дейін конфес­сияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған іс-шаралардың бірі Италияның Ассизи қаласында 1986, 2002 жылдары өткен болатын. Кең көлемде сьезд мәртебесінде бұрын болып көрмеген осындай саяси шара­ны өз елінде өткізуге Қазақстан бел байлады. Бұл 2003 жыл болатын. Астанамызға ислам, хрис­тиан, иудаизм, будизм, сондай-ақ көп­теген дәстүлі діндердің көшбасшылары жиналды. Форум нәтижелері бойынша дек­ларация қабылданды, онда рухани лидерлер адамзат үшін бейбітшілік пен өзара сыйлас­тықты сақтау, сондай-ақ келешекте бейбіт­шілік негізінде қоғамда тұрақтылықты  қам­тамасыз ету арқылы бірлесе атқаратын іс-әрекеттер туралы өз ойларымен бөлісті. Өткен іс-шараның жеңісі сьезді 3 жылда бір рет өткізу туралы келісім болды. Осыдан кейінгі   2006 жылы Астанада өткен ІІ сьезге 17 конфессиялық делегация қатысқан болса, 2009 жылғы ІІІ сьезге келген делегациялар саны 77-ге жетті. Келісілген мерзімде өтіп тұратын – 2012 жылғы IV Сьезд; 2015 жылғы          V Сьезд; 2018 жылғы VI Сьезд делегаттары көтерген мәселелер – адамзат алдында тұрған күрделі проблемалардың өрістеп келе жатқан өзектілігін мойындап, қоғамның әр мүшесінің өз жауапкершілігін сезіну; діннің өскелең рөлін және дінаралық өзара түсініс­тік пен қазіргі кездегі әлемдегі ынтымақ­тас­тықтың қажеттілігін ескеру; дінге сенетіндер­ді өзара құрметтеу мен үйлесімдікке ықпал ету; мәдени және рухани мұраны қорғау мен дамытуға ұмтылыс көрсету; этнос және дінаралық араздыққа, өшпенділікке ымыра­сыз қарсы шығып, әртүрлі сенімдегі адамдар­мен бейбіт өмір сүру адамзат қауіпсіздігінің маңызы деп атап көрсетілді. 2010-2011 жылдары аралығында Қазақ­стан Республикасы Шанхай Ынтымақ­тас­тық Ұйымына (ШЫҰ-ШОС) төрағалық етті. Өзара сенімділік пен теңдіктің, мәде­ниет­тердің әртүрлілігіне құрметтің және өзара тиімді біріккен дамуға талпыныстың «Шанхай рухын» басшылыққа ала отырып, Қа­зақстан бұл ұйымға басшылығын іс жүзін­дегі нақты нәтижелерімен іске асырды. Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта ай­тарлықтай жұмыс көлемін атқарды. Атап айтқанда, ШЫҰ елдерінде, тұтастай алғанда, әртүрлі деңгейде өткен 90-ға жуық іс-шаралардың нәтижесінде ұйымға мүше елдер арасындағы ауқымды және жан-жақты ынтымақтастық одан әрі нығая түсті. ШЫҰ мемлекет басшылары бірауыздан Қазақстан төрағалығына жоғары баға бере келе, нәти­желі бастамалардың жалғасын табуды ұсынды. Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай мүше болған бұл ұйымның негізгі мақсаты – ау­мақта қауіпсіздікті сақтап қана қоймай, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды барынша дамыту. Елді елең еткізген оқиғалардың бірі – 2011 жылы Қазақстанның Ислам Ынты­мақтастық Ұйымына  (ИЫҰ) төрағалық етуі болды. Мүше елдердің саны жағынан (57 мемлекет) БҰҰ-нан кейін екінші орында тұрған бұл үйым – мұсылман мемлекеттерінің басын біріктіретін халықаралық маңызды саяси, экономикалық, гуманитарлық құры­лым. 2011 жылғы 28-30 маусымда  Астанада ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өтті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. Жаңғырту мен реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жарияланған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогрессивті құжаты болған  сол кездегі Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың мұсылман үкіметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады. Сыртқы істер министрлері кеңесі (СІМК) жүзден астам қарар қабылдады, соның ішінде Қазақ­станның бастамасымен ұсынылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру, Ауғанстандағы заңсыз есірткі өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірлерін сауықтырып, қалпына келтіру жөніндегі құжаттар бар. Ұйым шеңберінде қабылданған шешімдер салиқалы да байсал­ды, төзімді де икемді болды. Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы экономикалық қарым-қатынастар мен саяси әрекеттер, өркениеттер мен дінаралық диалогтар «Батыс пен Шығыс» елдерін байланыстыратын көпір болатыны сөзсіз. Тәуелсіздік алған күннен бастап Ел­ба­сы бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың басын біріктіретін экономикалық жүйе құру бастамасын қолға алған болатын. Соның бірі – Еуразиялық экономикалық ұйым мен Кедендік Одақ. Аталмыш интеграциялық бірлестік Қазақ­станның ұлттық мүддесін қорғайтын, көптен бері экономикалық ізденіс жолында жүрген миллиондаған халқымыздың үміт-арманы еді. Еуразия континентінде дүниеге келген бұл ұйым болашақта еуроатлантикалық және азиялық таралымды бекітетін ең басты түйін болмақ. Қазақстан Республикасы өзін егеменді мемлекет деп жариялаған уақыттан бері дүниежүзі елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақыруда. Қазақстан тарапы 2011 жылы Нью-Иоркте өткен БҰҰ Бас Ассам­блея­сында әлем жұртшылығының назарын адам­зат өміріне төніп тұрған қатерлі қауіп­тен сақтануға аударды. Сондықтан да ядролық қарулары бар мемлекеттердің осындай жойқын күштен бас тартып оны пайдаланбау және ол арқылы қоқан-лоққы көрсетпеу жөнінде Конвенция қабылдауды ұсынды. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ дип­ломатиясының қол жеткен ірі же­тіс­тіктерінің бірі еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енуі және оған төрағалық етуі болды. Бұл тек біздің мемлекетіміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілет­тілік етпеген бүкіл Орталық Азия өңірінің де табысы болды. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, осы ұйымға мүше 193 мемлекеттің Қауіп­сіз­дік кеңесіне тұрақ­ты емес мүше елдері атынан жарты жыл­­ға төрағалық ету құқығы бар. Күллі әлем­нің назарын өзіне аударатын осын­дай лауа­зым­ға Қазақстанның қол жет­кізуі оның БҰҰ-на мүше болған жылдардан бастап дәйек­­ті де салиқалы жүргізген сыртқы сая-са­ты­ның нәтижесі деп түсінген абзал. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде БҰҰ Хатшылығы­ның көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің үздіксіз күнделікті жұмысын қамтамасыз етті және мандатқа сәйкес жүктелген функцияларды орындады.  Қазақстанның төрағалығы бары­сында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық оты­рыс өткізілді. 2018 жылғы 18 қаңтарда Ел­басымыздың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгей­дегі  тақырыптық брифинг Қазақстан­ның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуінің басты іс-шарасы болды.  Отырыс сенімді нығайту шаралары, сондай-ақ преветивті дипломатия құралдарын нығайту әлемдік державалар арасындағы саяси коньюнктура нәтижесінде уақытылы шешілмейтін көпте­ген  маңызды мәселелер бойынша прогреске қол жеткізудің негізі бола алатынын көрсетті. Төрағалық ету мерзімінде Қазақстан өзі­не бауырлас мемлекет – Ауғанстан­ның әл-ахуалына баса назар аударды. Қазақ дипломаттарының бастауымен Ауған жеріне келген өзге елдердің дипломаттары, бұл игі бастаманы қолдайтындарын және де бұдан былай осы елдің бейбіт өмірге оралуына бар күш-жігерін жұмсайтындарын білдірді. Тұңғыш рет елімізді әлемге танытқан Азия континентіндегі өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК–СВМДА) құру бастамасы еді. Кеңес­ті шақыру жөніндегі идеяны Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы қазанда  өткен БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47 сессиясында ұсынған бо­ла­т­ын. Елбасы бұл бас­таманың негізгі мәні әлемнің өзге өңір­леріне қарағанда әлі тиісті тетігі қалыптасып бол­маған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ықпалды әрі әмбебап құрылымын қайта құруға деген ұмты­лыс еке­нін атап көрсетті.  Міне, содан бері 29 жыл өтті. Кеңес Жарғысына сәйкес, мүше елдердің бұл форумға басшылық етуі, кесте бойынша өзгеріп отырады. Мұндай маңыз­ды бас­та­маны мақаламның  соңына қалдыруымның  өзіндік себебі бар. Бастапқы жылдары кеңес­ке сәтті басшылық еткен Қазақстанға – 2020-2022 жылдары төрағалық ету мәртебесі қай­тып оралды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев кеңес жұмысына ерекше назар аударуда. Қасым-Жомарт Кемелұлының тап­сыр­масымен Сыртқы істер министрлігі жа­ны­нан арнайы Хатшылық құрылды. 2022 жы­лы форумның құрылғанына 30 жыл тол­мақ. Қазіргі таңда Кеңеске мүше елдер саны 26-ға жетті. Қазақстан тарапы төраға­лығы бары­сында АӨСШК-нің аты Азиядағы қауіп­сіздік және даму ұйымы деп өзгеріп, (АҚДҰ) оған толыққанды ұйым статусын беруді ұсын­бақ. Сарапшылардың пайым­дауын­ша, бұл қадам кеңестің атын ғана жаңартып қой­май, оның мәртебесін де биік­тетеді. Әлемдік қауымдастық елдерімен ор­натылған тиімді қарым-қатынас­тар­дың нәтижесінде Қазақстан Республика­сының елшіліктері мен консулдық мекеме­лері сыртқы саяси басымдылық елдерінде ашылуда. Олардың саны 70-тен асты.  Қазіргі таң­да Қазақстанның тәуелсіздігін мойын­даған дүниежүзінің  170-тен астам елімен жан-жақты пәрменді қарым-қатынас орнап жатыр. Қорыта келе айтарым, егер  кейбір елдердің Сыртқы істер мекемелері жо­ғарыда баяндалған халықаралық шара­лард­ы іске асыруға бір ғасырдай уақытын сарп етсе, ал біздің қазақ дипломатиясының дарынды да талантты дипломаттарының мұн­дай мағыналы да мазмұнды, абыройлы істерді 30 жыл аралығында ойдағыдай орын­дауы – қуаныш пен  мақтаныш, зор жеміс пен толағай табыс нәтижесі. Бұл келер ұрпақты сәулелі болашаққа жетелейтін ашық та айқын жол болмақ.

Қайрат Исағалиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген

дипломаты, Сорбонна – Қазақстан институтының профессоры