Жаңалықтар

Атырауда Қайтпай сұлтан мешітінің іргетасы қаланды

ашық дереккөзі

Атырауда Қайтпай сұлтан мешітінің іргетасы қаланды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылында атақты Қайтпай сұлтан мешітінің іргетасын қалады,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. «Тәуелсіздік жылдары руханиятымыздың өзегі қайта жанданды. Дәстүрлі дініміз дәріптеліп, аясы кеңейіп келеді. Соның жарқын көрінісінің бірі – бүгін іргетасы қаланып жатқан Еркінқала ауылында бой түзейтін 500 орындық мешіт. Алла үйі әрқашан жақсылық пен ізгіліктің алтын ұясы. Жамағаттың жарыса жетіп, жанына руһ алатын жаймашуақ мекені. Мейірімділік, кішіпейілділік пен жомарттық сынды игі қасиеттерге шақыратын бірегей орын. Бастама құтты болсы! Халықтың игілігіне жарап, имандылықтың ордасына айналсын! Руханиятымыз кемелденіп, еліміздің ынтымағы мен бірлік-берекесі арта берсін!»,- деді Махамбет Досмұхамбетов. Мешіт ауыл тұрғындарының өтінішіне сай, жергілікті кәсіпкерлердің қаражатымен салынады. Жоспар бойынша бір жылда құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек. Мешіттің ішінде  құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары мен дәрісханалар болады, сондай-ақ жанынан асхана мен имамның үйі салынады деп жоспарлануда. Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Атырау облысында 34 мешіт жұмыс істеуде.