Ертісбаев Путиннің беделін көтеретін факторды атады (видео)

Ертісбаев Путиннің беделін көтеретін факторды атады (видео)

Ертісбаев Путиннің беделін көтеретін факторды атады (видео)
ашық дереккөзі
«Спутник V» вакцинасы бүкіл әлемде мойындалса, бұл жетістік Ресей үшін алғашқы Жер серігі ғарышқа жіберілген сәттегі КСРО-ның даңқымен пара-пар болуы мүмкін. Мұндай пікірді Yertysbayev Live Youtube-арнасында жарияланған сұхбатында белгілі саясаткер Ермұхамет Ертісбаев білдірді.
«Ресейде дәл қазір революциялық жағдай жоқ. Билік елді бұрынғыша басқарып отыр. Осыдан жарты жыл бұрын Хабаровскіде 100-150 мың адам наразылыққа шыққанда, ел билігі қарсы тұра алды. Ал 23, 31 қаңтарда ереуілге шыққандарға қарсы полицияның қатаң шаралар қолдануы өткір сынға алынды. Алайда мемлекет басында отырғандардың басқа амалы болмады. Егер полиция жұмсақтық танытса, бүгін алаңға шыққан 30 мың адамның қатары ертең 300 мың адамға жетуі мүмкін. Ондай жағдайда билік органдары шұғыл шаралар қолдануға мәжбүр болып, арты қантөгіске ұласуы ғажап емес», – дейді Е.Ертісбаев.
Саясаткер революциялық жағдайдың негізгі екі белгісіне тоқталды.
«Революциялық жағдайдың алғашқы белгісі – биліктің әлсіздігі, әрекетсіздігі. Ресейдегі қазіргі ахуалды сырт көзбен бақылай отырып, елдің басқарушы органдары мығым отырғанын көруге болады. Екінші белгі – халықтың бұрынғыша өмір сүруден бас тартуы. Жуырда Ресейдегі қоғамдық пікірді зерттейтін іргелі ұйым жүргізген зерттеу нәтижелерін көзім шалды: ресейліктердің тең жартысы қазіргі өміріне разы. Олар елдің қазіргі басшысының биліктен кетпегенін қалайды. Халықтың жартысы деп отырғанымыз – азат ойлы жастар, олар КСРО құлағаннан кейін өсіп-өнген буын», – деп түсіндірді ол.
Е.Ертісбаев Ресей басшысының беделі 2018 жылдан бері айтарлықтай төмендей бастағанын атап өтіп, алдағы уақытта елдің халықаралық аренадағы мәртебесін көтеретін факторды атады.
«Ресейліктердің 31 пайызы Алексей Навальныйдың ісін дұрыс деп санайды. Дей тұрғанмен, ел тұрғындарының 37 пайызы блогердің ісін қолдамайды. Халықтың үштен бірін басқа сұрақ мазалайды. Таразының басы тең деуге болады. Соған қарамастан ел билігінің қолында Путиннің айтарлықтай төмендей бастаған беделін бірден көтеріп жіберетін қауқар жеткілікті. Қазірдің өзінде вакцина өндірісінің арқасында Батыста Ресейдің беделі артты. Қаншама мемлекет ресейлік препаратқа қол жеткізу үшін кезек күтіп отыр. Егер жыл соңына дейін Ресей вакцинасы бүкіл әлемде мойындалса, Батыс сарапшыларының пікірінше, бұл жетістік 1957 жылы Жердің алғашқы жасанды серігі – «Спутник-1» ғарышқа аттанған кездегі КСРО-ның даңқымен пара-пар болуы мүмкін», – деді саясаткер.
https://www.youtube.com/watch?v=9VrzTONzXWA&feature=youtu.be