Жаңалықтар

Бағаның негізсіз өсуіне жол берген кім?

ашық дереккөзі

Бағаның негізсіз өсуіне жол берген кім?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарында әкімдіктердің  қадамдарын сынға алды. «Әрине, бірінші кезекте біз бағаның негізсіз өспеуін бақылап отыруымыз керек. Маусымдық және басқа да себептермен тауар құнының жоғарылауы орын алады, бірақ та бағаға қатысты тиісті шешімдер жасалғанымен,  көп жағдайларда жұмыстардың атқарылмауы салдарынан өсіп жатады. Бізде өндірісті және өнімнің саудасын іске асыруды ынталандыруға байланысты, бағаны ырықтандыруға тетіктер жеткілікті. Алайда, бұл тетіктер жұмыс істемей тұр. Отырыста байқағанымыздай, жергілікті жерлерде әкімдіктер тарапынан қадағалау болмай тұр»,-деді Премьер-Министр Үкімет отырысында. Осы ретте Б. Сағынтаев бағаны ырықтандыруда жүйелі шаралар қабылдау керектігін қадап айтты. «Біздің кейбір әріпстестеріміз лауазымдарын алғаннан кейін базарларға барып, бағаларды инспекциялап жатады. Дегенмен де олар барған кезде, базарларда тауарлар мен өнімдер бағасын саудагерлер лезде төмендетіп тастайтынын өте жақсы біледі. Олар кеткеннен кейін саудагерлер ескі бағаны қайта қояды. Бұл өз кезегінде беделқұмарлықтан басқа ештеңені бермейді. Сондықтан нақты қажетті жүйелі шараларды жүзеге асырыңыздар»,-деді ол. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы Қазақстанда өндірілетін өнімдер бойынша бағаны ұстап тұруға толық негіз бар екенін жеткізді. Сонымен қатар Б. Сағынтаев ҚР Ұлттық экономика министрлігіне баға саясатында реттегіш тетіктерді тиісті деңгейде пайдалануды ескертті.