«Абай» мәдени-іскерлік үйінің атқарар міндеті мол

«Абай» мәдени-іскерлік үйінің атқарар міндеті мол

«Абай» мәдени-іскерлік үйінің атқарар міндеті мол
ашық дереккөзі
Бүгінде жер-жаһанның 43 елінде тұратын этникалық қазақтардың қарасы 7 миллионға жетіп жығылады, алайда, ақпарат көздерінен белгілі болғандай, шекараның арғы шебіндегі отандастар саны 5 миллион шамасында деген де дерек бар. Бір анығы, тағдыр тауанымен тарыдай шашырап, әлемнің әр шалғайын мекендеген қандастардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдер – Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан мен Түркіменстанда тұрады. Қандастардың көпшілігі тарихи Отанымен байланысын жоғалтпай, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап қалуға барынша талпынып бағады. Оның үстіне, бүгінде этникалық жастар арасында қазақтың мәдени құндылықтарын үйренуге деген үлкен қажеттілік бары байқалады. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық мәдениетін ұмытпай, ана тілін меңгеру бағытында басты рөл бүкіл әлемде «жұмсақ күш» ресурсы деп саналатын мәдени орталықтарға берілетіні белгілі. Соның арқасында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тарихи тамырын сақтап қалуға мүдделі әрбір мемлекеттің өз мәдениетін, ғылымы мен тілін дамыту арқылы өз елінің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы орайда шетелдегі қазақ қоғамдастығымен қарым-қатынасты және өзара байланысты дамыту инфрақұрылымы ретінде «Abai Yui» мәдени-іскерлік үйлер желісін құру «Отандастар қоры» қоғамының негізгі жобасы. «Абай үйі» қоғамдық жоба, яғни саяси немесе коммерциялық құрылым емес. Негізгі миссиясы – дүние жүзіндегі 250-ден астам барлық қазақ ұлттық мәдени ұйымдарын біртұтас желіге біріктіру. Штаб-пәтері ел ордасы – Нұр-Сұлтан қаласында. Аймақтардағы өкілдіктермен күні бүгінге дейін 67 келісімге қол қойылды. «АБАЙ ҮЙІ»: «Абай» мәдени орталығы – мәдени-гуманитарлық байланыстар, «Атамекен» іскерлік үйі – іскерлік дәнекерлік жасау, «Атажұрт» – шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығын қамту,  «Жас қазақ» жастар клубы сынды 4 тармақтан жасақталған. «Абай үйі» бұрыннан жұмыс істеп тұрған қоғамдық бірлестіктер базасында, шеттегі қазақ диаспорасының өкілдерінің қолдауымен ашылады. Жоба мәдени мұраны көпшілікке тарату, алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық һәм іскерлік байланыстарды нығайтып, одан әрі дамыта түсу мақсатында ұлттық ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді бірыңғай желіге шоғырландыруға бағытталған. Бүгінде әлемде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарында 250-ге жуық қазақ бірлестігі жұмыс істейді. «Отандастар қоры» олардың басым көпшілігімен тығыз байланыс орнатқан. «Абай үйі» ұстанған басым бағыттың бірі – дүние жүзіндегі қазақтардың мәдени мұрасын насихаттау. Атап айтсақ: Қазақ тілі мен білім беру бағдарламаларын ілгерілету; Ұлттық мәдени брендтерді ілгерілету; Мәдени іс-шараларды өткізу; Ағарту қызметі; «Отандастар»  кітапханасы желісін құру. Аталған біртұтас орталық арқылы қазақтың мәдени мұрасын көпшілікке тарату, сондай-ақ этникалық қазақтармен мәдени-гуманитарлық, білім беру жұмыстары бойынша негізгі блок қамтылатын болады. «Абай» мәдени орталығы дүниежүзі бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізеді. Күні бүгінге дейін мәдени бірлестіктердің қызметіне талдау жасалып, олардың деректер базасы құрылды. Орталықтың жұмысындағы ең басты басымдық «Іс шаралар күнтізбесі» мәдени іс-шаралар порталының жалпы мәдени, ақпараттық кеңістігін және мәдени-білім беру жобаларының бірыңғай тізілімін құру. Соның арқасында бүкіл әлем бойынша МІҮ мәдени және білім беру іс-шаралары туралы толыққанды  ақпарат беріліп, оларға қатысуға тартылатын болады. Мәдени және білім беру жобаларының бірыңғай тізілімі жасалады, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы туралы жүйелендірілген мәліметтер алу, қазақ халқының мәдени мұрасы және Қазақстанның көрнекті жерлері туралы ақпарат, Білім, мәдениет және спорт саласындағы демеушілер мен меценаттар пулы жасақталады. Қордың барлық бағыттары мен жалпы іс-шараларды қамтитын жыл сайынғы бірыңғай желілік іс-шаралар жоспары жасалады. Сондай-ақ жоспарға шетелде өткізуге жоспарланған қазақстандық ұйымдардың іс-шаралары (жалпы концерттер, фестивальдар, форумдар, лагерьлер, байқаулар, акциялар, көрмелер, жәрмеңкелер және т.б. бағдарламалары) енгізілетін болады. Бұл тұрғыда жаңа жобаны жүзеге асыруға сол мемлекеттегі Қазақстан Елшілігі де өз мүмкіндігі шеңберінде қолдау көрсетіп, оның қызметін үйлестіруге атсалысады. Жүктелген міндеттің тағы бірі – барлық іс-шаралар мен бастамалардың үйлестірілген күн тәртібін қамтамасыз ету. Қазақтар қалың яки жинақы шоғырланған елдегі өңірлік мәдени-іскерлік үйі (қалалар бойынша) аймақтарда жұмыс істейтін барлық қазақ ұйымдарын тарта отырып, өңірлер бөлінісінде бірыңғай желілік жоспарды, сондай-ақ өз жоспарларын да тиісінше іске асыратын болады. Сондай-ақ басқа да жергілікті қазақ бірлестіктерінің қажеттіліктерін жинау және қамтамасыз етуді де жіті назарда ұстайды. Шығармашылық қоғамдастықпен, бизнес-компаниялармен және жұртшылықпен жұмыс істеудің айқын тетіктерін (жобаларға өтінімдер жүйесі және оларды сүйемелдеу, әріптестік типологиясы) сонымен қатар жобалардың нәтижелілігін бағалаудың міндеттілігін (талдау, нақты және символдық көрсеткіштердің мониторингі, қатысушылар және көрермендермен кері байланысты) ұдайы бақылауда ұстау керек. «Абай үйінің» штаб-пәтеріне келіп түскен барлық өтінімдер орталық органдармен және өңірлік әкімдіктермен бірлесе қаралып, ортақ мәмілеге сәйкес өзара іс-қимыл жасайтын болады. Жаһанды індет жайлаған күллі әлемдік күрделі жағдайдың өзінде де Қордың қолдауымен көптеген мәні зор мәдени шаралар іске асты және ағымдағы жылда да ауқымды жобаларды жүзеге асыру эпидемиологиялық ахуалға қарай жоспарлануда. Егер карантиндік шектеулер ішінара алынып, шет елдермен шекара ашылса, «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі, жастарға арналған шығармашылық конкурстар мен қазақстандық әртістердің шетелдегі концерттері, «Отандастар» кітапханасы аясында өтетін іс-шаралар және  шетелдік отандастарға, соның ішінде жастарға арналған білім беру (киелі жерлер бойынша саяхаттар, Назарбаев зияткерлік мектептері және «Балдәурен» базасындағы жазғы лагерьлер) жобаларын «офлайн форматта» ұйымдастыру мүмкіндігі туар еді. Өйткені, осындай маңызды жобалар шетелде тұратын отандастармен мәдени-гуманитарлық байланысты байытып, қарым-қатынасты  нығайтуға оң әсер етеді, шығармашылық және білім әлеуетін арттырады, қазақ диаспорасы өкілдерінің назарын тарихи отанындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне аударады. Қазақ диаспорасы өкілдерінің тарихи отанына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруды, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ескерткіштерімен және қасиетті жерлерге саяхат ұйымдастыруға, қазақ диаспорасына ана тілі мен мәдени құндылықтарды зерделеуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, өнерлі отандастарды анықтайды және тиісінше қолдайды. «Абай» мәдени орталығының барлық жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыру үшін біз  ҚР Сыртқы істер министрлігімен, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігімен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, жергілікті атқарушы органдар және мәдениет және білім саласындағы қоғамдық ұйымдармен, отандастар тұратын елде халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен тікелей өзара іс-қимыл жасаудамыз. Басым бағыттарды баяндай келе, енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Өткен 2020 жылы әлемнің 5 елінде «Аbai Yui» мәдени-іскерлік үйлерін ашу жоспарланған болатын. Атап айтсақ, Омбы қаласында (Ресей Федерациясы), Берлин қаласында (Германия), Ыстамбұл қаласында (Түркия), Ташкент шаһарында (Өзбекстан) және Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы). Қыр астындағы қырғыз ағайындардың еліне күрт өзгеріс енгізген күрделі саяси жағдайлар салдарынан жаңа жобаны жүзеге асыру кейінге шегеріліп, оның орнына бесінші «Абай үйі» Украина астанасы Киевте ашылды. Ал, алғашқы «Abai Yui» ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде қазақстандық және ресейлік мемлекеттік органдардың ресми тұлғаларының, Қазақстанның дипломатиялық қызметі өкілдерінің және біздің отандастарымыздың қатысуымен Омбы қаласында ашылды. Осы орайда мәдени іскерлік үйлерін ашарда қалаларға таңдау қалай жасалатынын тәптіштеп айта кетейік. Бұл тұрғыда біз бірнеше критерийлерге сүйендік. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық келісімді іске асыру негізге алынды. Ол бойынша тараптардың теңдігіне сәйкес Алматыда РФ мәдени орталығын және Омбыда қазақстандық мәдениет орталығын ашу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Омбы қаласында 78 мың қазақ тұрады (2010 жылғы халық санағы бойынша), олар саны жағынан орыстардан кейінгі 2 этнос. Қазақ қауымы белсенді қоғамдық қызмет атқарады, тек осы өңірдің өзінде 10 шақты қазақ қоғамдық ұйымдары тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдағы кезде де жүйелі жұмыс жалғасын тауып, осындай іс-шаралар басқа елдерде де өтеді. Біздің мақсатымыз - этникалық қазақтар қалың шоғырланған, отандастар жинақы тұратын барлық елдерде қазақ мәдени-іскерлік үйлерін ашу. Жаңадан жасақталған орталықтар арқылы Қазақ ұлттық мәдениеті мен өнерін шет елдерде танымал ету және ілгерілету, сондай-ақ отандастарды қолдау және олардың ұлттық-мәдени сәйкестігін қалыптастыру жүзеге асырылатын болады. «Abai Yui» қызметінің басым  бағыты - қазақ қоғамдастығы өкілдерінің қазақ тілін үйренуі және олардың ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап қалуы. Мәдени-іскерлік үйінің екіншісі 1-қазанда іргесі бірге жатқан өз-ағамыз - өзбек елінің астанасы - Ташкент қаласында тұсауы кесілді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы келмеске кеткен кешегі Кеңестер Одағынан енші алып, егеменді ел атанып, өз Тәуелсіздігін жария еткенде алты алаштың алды болып сүйіншілеп, мемлекетіміздің дербестігін мойындаған бауырлас Түркияның алып шаһары, алтын төрі - Ыстамбұл қаласындағы «Қазақ-түрік білім беру» қоғамы жанынан 2020 жылдың 29-қазанында «Абай үйі» бой көтерді. Кезінде түбі бір түріктің ғұлама ойшылдары: «Егер бүкіл әлем, бүтін дүние бір ғана мемлекеттен тұрса, Ыстамбұл анық соның астанасы болар еді» деген екен. Тұрғыны Қазақстанның күллі халқының жиынтық санынан асып түсетін осы алып шаһарда біздің «Абай» үйін ашуымыз да бекер емес. Тарихына үңілсек, тағдырдың жазуымен жан сауғалап, үдере көшкен қалың қазақтың табан тіреп, тамыр тартқан жерінің бірі - осы Ыстамбұл. 2014 жылы Түркия Үкіметі түгендеп, иісі қазаққа санақ жүргізген екен. Сол ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Түркиядағы қазақтың қарасы 30 мыңға жетеқабыл, соның дені осы алып шаһар аумағында тұрады. Сондықтан да «Бармасаң, келмесең – жат боласың» деп, мейлінше жақындасуға және алыс-беріс пен барыс-келісті арттыруға септігі тиер деген сеніммен «Отандастар» қоры «Абай үйінің» түндігін түріктің көне қаласында түріп отыр. 2016 жылы 6-ақпанда Қазақстанға ресми сапармен келген Түркияның сол кездегі Премьер-Министрі Ахмет Дәуітоғлы түрік пен қазақты туыс, қаны да, жаны да бір ұлыстар екенін айтып, «Түркияда мені қосқанда 78 миллион 600 мың қазақ бар» деп ағынан жарылған еді. Мұны қазақты қарыс-қарыс, сүйем-сүйем жақын тұтудың жарқын үлгісі десек те жарасады. Түркия – Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық сенімді серіктесі екені бесенеден белгілі. Экономикалық әріптестік еселеп артып, 2019 жылы екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 3 млрд долларға жетті. Сонымен қатар былтырдан бері түрік тарапымен бірлесе пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы 6 млрд доллардан асады. Бүгінгі таңда бауырлас екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастық кезеңімен дамып келеді. Ал, біздің мақсатымыз – сол бауырлас елдегі қандастармен қарым-қатынас аясын анағұрлым кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланыста барынша ұлғайта түсу болмақ. Тағы бір «Абай үйінің» тұсаукесері «Германия-Қазақстан» қоғамының қолдауымен биылғы 1 қарашада Берлин қаласында өтті. Бұл таңдау да бекер емес, бүгінде Германиядағы қазақтың қарасы 17 мыңға жетеқабыл, соның дені осы алып шаһар Берлин аумағында тұрады. Германия да Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық сенімді серіктесінің бірі. 2019 жылғы 22-қазанда Қазақстан астанасында неміс бизнесінің 3-конференциясы өткені баршаға мәлім. Бүгінде экономикалық әріптестік еселеп артып, былтыр екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 5 млрд долларға жетті. Қазір де екі елдің сан саладағы ынтымақтастық аясы анағұрлым ұлғайып келеді. Ал, біз осы елде тұратын отандастарымыздың ұлттық жадын жаңғыртып, тарихи тамырына нәр берумен қатар іскерлік серіктестікке сеп болатын дәнекерлік жасауға да ниеттіміз. Сәтін салса, биыл жыл соңына дейін тап осындай үйдің тағы үшеуін   көршілес Қырғыз елінің астанасы – Бішкекте, іргелес Ресейдегі қандастарымыз тығыз қоныстанған өлке – Астрахан қаласы мен Моңғолиядағы қалың қазақтың қаймағы тұнған Баян-Өлгей аймағынан ашу да жоспарда бар. Жасыратыны жоқ, көптің көкейінде «Абай үйі» ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Кұнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында айтақтаумен ашыла салған орталықтың бірі шығар» деген жаңсақ ой тууы да бек мүмкін. Осы орайда «Отандастар қоры» қолға алған бұл батыл бастама -  әбден елеп-екшелген, июі қанып,  пісіп-жетілген тың жоба екенін атап айтқан жөн. Қазақта «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деген қанатты сөз бар. Әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап, шама-шарқынша қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген ұйымдарды бір желіге біріктіріп, бірегей орталыққа айналдыру ілкімді істердің ілгері басуына тың серпін берері анық. Тоқ етері, орталық біреу болса, ұсақ ұйымдар оған тіреу болса, шеттегі қалың қазақтың тілеуі де қапысыз орындалары хақ. Шығыс ғұламалары «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» деген екен. Ендеше, қалың қазақтың қамын көздеген жаңашыл қадамның сәтті болуына ұлт болып ұйысатын кез келді, ағайын!

Серік ӘБДУӘЛІ, «Отандастар қоры» КеАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің бас менеджері, «Ақпарат саласының үздігі»