Білім саласының бір орында тоқтап қалған кезі жоқ

Білім саласының бір орында тоқтап қалған кезі жоқ

Білім саласының бір орында тоқтап қалған кезі жоқ
ашық дереккөзі
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек Ері: – Тәуелсіздік алған жылдары жалпы халықтың жағдайы жақсы болды, мына саланың дамуына ерекше жағдай жасалды дей алмаймыз. Қоғам өмірінің барлық саласы тоқырауға ұшырады. Алайда Елбасының көрегендігі, ерік-жігері мен көшбасшылық қасиетінің арқасында тұралап қалған экономикамыз аяғын тәй-тәй басып, келелі жұмыстар атқарылып, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеле бастады. Тәуелсіздік алған жылдары ең үлкен тоқырауға ұшыраған білім саласы болды. Себебі Қазақстан білімге қатысты барлық дүниені, оқулықты, оған қажетті дидактикалық құралдарды, тіпті мектепке, пәндерімізге керекті құрал-жабдықтарды Ресейден алатын. Оқулық тапшылығынан бөлек, біз өз ісінің кәсіби мамандары, нағыз ұстаздардан айырылып қалдық. Олар күнкөріс қамымен базар жағалап кетті. Мұның соңы мектептерде кадр жетіспеушілігіне алып келді.  Бір қуанарлығы, қандай қиын жағдай болмасын, Елбасы білім саласына келгенде қаржыны аяған жоқ. Соның арқасында баспадан өз авторларымыздың кітаптары жарық көріп, төл оқулықтарымыз білім ошақтарына қарай жол тартты. Мектептер оқулықпен толықтай қамтамасыз етіліп, оқушыларға кітаптар тегін таратылды. Жалпы елімізде 1992 жылдан бастап инновациялық лицейлер ашыла бастады. Ал 2007 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында  мектептер салынды, олардың материалдық-техникалық базасы соңғы технология негізінде жабдықталды. Сол мектептерге қызмет етуге барған ұстаздар үймен қамтамасыз етілді. Ал қазіргі салынып жатқан мектептер тіптен керемет. Мысалы, Алматы қаласында бір жылдың өзінде 8 мектеп салынып жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Президент Қ.Тоқаевтың балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету, мектептер салу және оқулықтармен қатар білімнің сапасын арттыру туралы тапсырмасы жүзеге асырылып келе жатыр. Жалпы білім саласы деген кезде есімізге «Болашақ» бағдарламасы түседі. Жастарымыздың шетелдің үздік оқу орындарында алған білімін еліміздің дамуына жұмсауы үшін өте үлкен қаржы бөлінді. Бүгінде сол мақсат орындалып, «Болашақпен» оқып келген жастар мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосып жатыр. Одан бөлек, шетелдік университеттерден кем түспейтін Назарбаев университетінің ашылуы біздің болашағымызға құйылған көлемді инвестиция болды. 2009 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде дарынды балалар тәрбиеленіп келеді. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен зияткерлік мектептердің ашылуы аймақтардағы дарынды балаларды танытты. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласында біздің оқушылардың халықаралық конференцияларға, байқауларға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі болып жатқаны білім саласының жетістігін көрсетеді. Бүгінде мектеп оқушыларының қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгеруі арқылы жаһанданған әлемге жауап бере алатындай дәрежеге жеттік. Дегенмен әлемді әбігерге салған пандемия  білім саласына үлкен соққы болды. Қашықтан оқытуға біздің білім жүйесі дайын болмады.  Оқушыларға онлайн режимде білім беру ұстаздарға оңайға түсіп жатқан жоқ. Интернет жүйесі жетпеген ауылдағы мұғалімдер мен балалар қиындыққа тап болды, алайда министрлік барлық мүмкіндікті қарастырып,  тығырықтан шығудың жолын тауып жатыр. Әрине, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету, апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді жою мәселесі әлі де өзекті. Дей тұрғанмен қазір мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Кәсіпкерлер балабақша ашамын, мектеп саламын десе, мемлекет қосымша жәрдем беріп, бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Білім саласы бір орында тоқтап қалған кезі жоқ. Қазір Тәуелсіздік алғанға дейінгі және кейінгі кезді салыстырсақ, адам сенгісіз жағдайда дамығанымызды көреміз. Бүгінгінің баласы өте қағілез, икемді, технологияларды тез меңгереді. Ұстаздарымыз да заманға сай бейімделіп, жаңартылған білім жүйесі бойынша өздерін жетілдіріп жатыр. Тәуелсіздік кезінде түрлі қиындықтарға байланысты мұғалімдердің беделі көп төмендеп кеткені баршамызға мәлім. Кезінде Елбасымыз бастап, кейін Президент Қ.Тоқаев қостап, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңінде білім саласындағы басты жетістіктердің бірі. Мемлекет басшысы жыл сайынғы өзінің Жолдауында айтқан уәдесін орындап келе жатыр. Заң аясында мұғалімдердің жалақысын арттырудың механизмі қайта қаралып, жақсы ұсыныстармен толықтырылды. Өзіндік жетістігі бар, шәкірттерінің бойына білім нәрін құятын, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаздар еңбектерінің көрсеткішіне қарай жемісін көріп отыр. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің бізге әкелген жемісі деп санаймын.