Жаңалықтар

АҚШ туы төмен түсірілді: Америкалықтар 5 күн аза тұтады

ашық дереккөзі

АҚШ туы төмен түсірілді: Америкалықтар 5 күн аза тұтады

АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандарды еске алу мақсатында 5 күн аза тұту жарияланды. Елдің федералды және әскери нысандарында мемлекеттік ту төмен түсірілетін болады, деп хабарлайды «Америка дауысы».  Ел президенті Джо Байден кеше кешке коронавирус індетінен көз жұмған АҚШ-тың 500 мың халқын 1 минут үнсіздікпен еске алып, отандастарын әлдебір түсініспеушіліктерді кейінге қалдырып, пандемиямен бірлесіп күресуге шақырды. «Бүгін бізде өте қаралы, жанға батарлық кезең – 500 071 адам қайтыс болды. Пандемияның бір жылында ажал құшқан америкалықтар саны Бірінші дүниежүзілік соғысты, Екінші дүниежүзілік соғысты және Вьетнам соғысын қоса алғандағы санға қарағанда – көп», - деді ол. Президент сөз сөйлегеннен кейін вице-президент Камала Харис, бірінші ханым Джилл Байден және екінші джентльмен Даг Эмхофф Ақүйде бір минут үнсіздікте болды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің мәліметінше, АҚШ басшысы алдағы 5 күнде федералды және әскери нысандарда мемлекеттік ту түсірілген күйі тұруын тапсырды. Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, пандемия басталғалы АҚШ-та 28 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Індетке шалдыққандардың 500 мыңнан астамы қайтыс болды. Ал әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 111,7 миллионға жетті. Қатерлі вирус 2,5 миллионға жуық адамның өмірін жалмады.