Жаңалықтар

Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» қазақ тілінде «сөйледі»

ашық дереккөзі

Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» қазақ тілінде «сөйледі»

Мемлекетіміздің қазақстандық жастардың жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес сапалы білім алуын қамтамасыз ету және бұл мәселеде тың көзқарастар қалыптастыру, осы істе халықаралық тәжірибеге сүйену мақсатына орай, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының үшінші кезеңінде аударылып, басылған туындылардың бірі – Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» (History of Western Philosophy) деп аталатын еңбегі. Батыс философиясының бүкіл болмысына терең бойлап, өз заманында интеллектуалдық зерденің жауһары санатына жатқызылған бұл еңбекте философия тарихы ежелгі дәуірден бастап қазіргі заман философиясы аралығы қамтылып, егжей-тегжейлі кешенді түрде талданып баяндалады. Кітап – ауқымды зерттеудің нәтижесі. Еңбек 3 кітаптан, 7 бөлімнен құрылған. Автор «әр философ өз заманының туындысы» деген принципке сүйене отырып, «философтар бір мезгілде әрі салдар, әрі себеп болып көрінеді; олар өз заманының әлеуметтік жағдайы, саясаты мен қоғамдық құрылымының салдары ретінде көрініс тапса, кейінгі ғасырлардың саясаты мен қоғамдық құрылымын айқындайтын сенімдердің салдарына айналған» дей келіп, философия тарихының көбі әр ойшылдың бейтарап сипатын, олардың оқшаулану үрдісін анықтай отырып, ойлар шашыраңқылығын бір ой мен ортақ санаға шоғырландыру әрі олардың ішкі байланысының сырын интеллектуалдық өремен ашу мақсатын көздеген. Сонымен бірге, осыған байланысты автор, философиялық ойларға барынша ықпал еткен тарихи дамудың негізгі бағыттарына талдау жасау ниетімен, оқырманға беймәлім кейбір тарихи кезеңдерді тілге тиек етеді. Бұл, әрине, батыс философиясын тарихи-логикалық тұрғыда жүйелеудің жаңа әдіснамасы деуге болады.  Осы тұста ендігі бір айта кетерлігі, ол аудармашылар мен ғылыми, әдеби және жауапты редакторлардың теориялық-әдіснамалық сауаттылығының биік деңгейі әрі автордың өте күрделі хоронотроптық ой иірімінің қазақ тілінде берілуі қуантарлық жағдай болғанын мойындаймыз. Мәтіндегі ойдың тұтастығын сақтай отырып, тілдің дәлдігі мен анықтығы, стильдік үйлесімділік, бәрі ойды түсінікті әрі тартымды түрде оқырманға жеткізу міндетіне бағындырылған. Еңбекте автор, «философия – қоғамның ажырамас бөлігі» (14 б.), –дейтін соны (бұл көзқарас ғалымдар арасында бұрын-соңды айтылмаған) ғылыми концептіні алға тарта отырып, «философия – өмір мен әлем концепциясы» (15 б.) деген тіпті тың бастамаға барады. Осы ретте, автор бір жағынан, философия жөніндегі діни және этикалық концепцияларға, екінші жағынан, ғылыми зерттеулерге сүйенеді. Философия ұғымы кең мағынада алынып, философия – теология мен ғылым арасындағы дәнекер универсум ретінде танылады. Осыған байланысты автор философия да теология секілді, құпиясын толық аша қоймайтын құбылыстар туралы болжамдардан тұрады, бірақ ол әлдебір тылсым дүниенің үстемдігіне бойұсынғаннан гөрі, ғылым сияқты адамның ақылына жүгінгенді жөн көреді деп тұжырымдайды. Бұл да бүгінгі философиялық ақылды қандай да бір жаңа сатыға көтеретін әлі де өзекті көзқарас. Өйткені бұл адамзат болмысындағы танымдық қостектілік ұстанымның егіз өмір сүруі өзінше ғажап құбылыс болатындығынан хабар бермек. Автор, алайда теология мен ғылымның арасындағы бейтарап ортаны анықтауға талпына отырып, сол бейтарап ортаны – философия деп көрсетеді. Осы шешімін философ, ең алдымен, ойшыл ақылды қызықтыратын сұрақтардың бәріне бірдей ғылым жауап бере алмайды, ал теологтардың кесімді уәждері адамдарды өткен ғасырлардағыдай сендіре алмайды деген көзқараспен дәлелдемекші. Мұны ғалымның философияның зерттеу нысаны мен пәнінің аясын анықтауға арнап жасаған қадамы деуге болады. Осы ретте, философ өзінің еңбегінде философияға қатысты он үш түрлі сауал қояды. Олардың негізгілері: Әлем рух пен материяға бөлінген бе? Егер бөлінсе, рух деген не, материя деген не? Рух материяға бағынышты ма немесе тәуелсіз бе? Ғаламның бірлігі мен мәні бары рас па? Табиғаттың заңдары бар ма? Адам кім, ол жаратылыс иесі бола ала ма? Мәңгі ізгілік бар ма? Адам ізгілікке ұмтылуға қаншалықты тиісті? Ақыл деген не? Бұл сұрақтардың жауабын ғылым зертханасынан таба алмайсыз, ал теологтардың осы сұрақтарға мейлінше дәл жауап беруге тырысқанымен олардың дұрыстығына бүгінгі ақыл иелері күмәнмен қарауға мәжбүр деген метасфералық мәселені көтереді. Автордың пікірінше, ғылым біздің таным қабілетіміздің бар екенін білдіреді, бірақ оның көкжиегі шектеулі болғандықтан, тылсым шектің арғы жағындағы маңызды мәселелерді түйсінуден тыс қаламыз. Ал теология бізге беймәлім мәселеде бізді догмалық сенімге жетелейді деген ұстанымда болады. Осыған байланысты автор оқырманды: бір жағынан діни догмалармен өмір сүруге болмайды, екінші жағынан одан бас тартуға тағы болмайды дейтін философиялық дилеммаға әкеліп тірейді. Сайып келгенде Бертран Рассел адамзатты сенімсіздік пен дәрменсіздік құрсауында қалып қалмауға ұмтылдыра отырып, біздің заманымызда философиямен айналысатын жандардың басты мәселесі – осы деген қорытынды жасайды. Осыдан келіп автор бұл мәселенің толық шешімін таппаса да, оларды зерттеуді философияға табыстайды. Демек, Расселдің сонау антикалық дәуірден қазіргі заманға дейінгі ойшылдардан іздейтіні осы бір «бейтарап орта – философия» туралы ойлары мен көзқарастарындағы сабақтастықтың алтын жібін тауып, сырын ашу. Әрине, бұл ақылды иеленген пендені үрей империясынан үміт империясына  қарай жетелеген – батыстың пассионарлық тұлғасының философиялық мінезі әрі ерен де еркін позициясы. Оқырманның, әсіресе, кәсіби маманның санасын сергіту, ойлау жүйесін ұйыту тұрғыдан алғанда кітаптың ұтымдылығының эпицентрі де, мәні де осында дер едік. Адамдардың еркін ойлау мүмкіндігіне ие болғаннан бастап, саналы ғұмыры мен танымдық күш-қуатының дүние мен адам өмірінің мазмұны, мәнін іздеумен тығыз байланысты екеніне айрықша мән беруін еңбектің маңызды тұстарының бірі ретінде атап айтамыз. Сонымен бірге бұған адамзат қауымының ізгілік пен зұлымдық туралы теорияларға кеше де, бүгін де тәуелді күйіне тарихи-логикалық талдаулардың кітаптың өн бойына сіңірілуі әрі оған интеллектуалдық өре арқылы өзіндік рухани интенттік жауаптың ұсынылып отыруында қосуымызға болады. Осы тұста тағы бір айта кетерлік мәселе – адамзат өз дәуірін, өз ұлтын түсіну үшін оның философиясы пайымдалуы қажет болатынын, ал олардың философиясын бағамдауымыз үшін өзіміз белгілі бір дәрежеде философ болуға тиіспіз деген парадигмасы. Автор біздің ойлау, пайымдау, түсіну қарым-қабілетімізді тұрмыстық сана қамалынан шығарып, жоғары жалпы адамзаттық парасат, ізгілік деңгейде пайымдауға жетелейді. Осы адамзатының тіршілік философиясы, оның болмыстық сыр-сипатын, барлық болмысын ашып көрсету Рассел еңбегінің бүкіл философиялық рефлексия қызметі жүйесінің арқауы болғаны анық. Осы ретте автор ұзақ тарихи мерзім бойына созылып келе жатқан философия мен теология арасындағы өз сырын ішіне жасырған құпияға толы күрес иерархиясы механизмдері мен идиократия технологиясын жан-жақты қырағылықпен кешенді қарастыру, олардың арасындағы дүрдараздыққа негіз болған мәселелердің астарына үңілу, оның көріну формасының өзіндік ерекшеліктерін анықтау, екі ағымның да кейде дұрыс, кейде бұрыс болған көзқарастарының өзіндік бет-бейнесін жасап көрсетіп баян­дауда табанды еңбек еткен. Осында ескеретін ғажап жағдай автордың қоғамдағы әлеуметтік бірлік мәселесінің әр кезде абсолютті константа құбылыс болуы, бірақ әлеуметтік бірлікке ақылдың күшіне сүйенген дәлелдермен қол жеткізе алмайтындығымыз туралы парадокстың алға тартылуы. Автордың пайымдауынша, кез-келген қоғамда бір-біріне қайшы келетін екіжақты қауіптің болу шарттылығы: біріншіден, шамадан тыс қатаң тәртіптің қыспағы және адамдардағы дәстүрге бас июі болса, екіншіден, әлеуметтік ынтымаққа дес бермейтін адамдардың жеке дарашылдығы мен жеке бас тәуелсіздігінің өршуі салдарынан болатын әлеуметтік ыдыраудың болу қаупі. Осы жерде әлеуметтік қатынастағы «мүдделер қақтығысы» құбылысының орны мен рөліне көңіл бөледі деген ой түйіндеуге болады.. Шындығында сонау ежелгі дәуірден бері «мүдде» мен «жеке даралық»  категориялары әлеуметтік қатынаста басты әрі принципті түрде шешуші болғаны рас. «Мүдде», «жеке даралық»   ұғымдарының феномендік дәрежеде болғаны әрі болатыны соншалық, түптеп келгенде, ел намысымен, халықтың рухымен теңестірілетіні кешегі де, бүгінгі де саясаттан белгілі. Осы тұрғыда бұл кітапта сол ұғымда әсте айтыла да, жазыла да бермейтін қырларын көрсетуге қадам жасалған. Бұл бүгінгі жас мамандарға кәсіби шыңдалу үдерісінде маңызды мағлұмат  болатыны анық. Сонымен бірге, кітапта автор азулы державалардың билігі басында қатал, діні берік жүйеден басталып, бірте-бірте қуатын жоғалтады және белгілі бір дәуірде ғажайып даналарды өмірге әкеледі, ал ескі дәстүрлі игіліктер сақталады да оны жойып жіберетін зұлым күштер әлі қалыптаса алмай жатады дейтін идеяны көтереді. Бірақ зұлымдық бас көтерген бойда қоғамды анархияға ұрындырып, соңынан міндетті түрде жаңа тиранияны дүниеге әкеледі де, ол тың догмаларға сүйенген билік философиясы синтезін жасайтынын мойындайды. Бұдан түйіндейтін ойдың бірі, біздің пікірімізше, жалпы бұрыннан келе жатқан ұлы державалардың мүддесінен өрбитін интервертивтік ниеттерінің экстровертивтік тенденциясының философиялық ойлау өңіріне ықпалдық доктрина әлемін көрсету болғаны анық. Осы арқылы бір-біріне ықпал жасау ұстанымының дүниетанымдық тұрғыдағы константтық сипатын бекіте түседі. Осыдан азулы держава аясы философиялық ойдың қалыптасуы мен өрбуінің жүзеге асу алаңы болатыны автордың басты ой желісін құраған сияқты. Осыдан кейін дүниетанымдық сергелдеңнен арылудың бірден бір жолы ретінде дүниеге либералистік көзқарастың келетінін айтады. Рассел оның мәнін дүниетанымда иррационалдық догмаларға негізделмеген тәртіп орнату мен қоғамды сақтау жолында шамадан тыс шектеулерді енгізбей-ақ, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылыстан көрінетінін негіздеуден көреді. Оның табысты болу немесе болмауын келешектің еншісіне табыстайды. Бұны автордың батыс философиясындағы дүниетанымдық иерархияның тарихи-логикалық лабиринтін баяндаудағы рухани тактикалық әдіснамасы деуге болады. Автор осындай көпқырлы тарихи тәжірибеге негізделе отырып, талдау жасау арқылы оқырман назарын адамзат дүниетанымының күрделі әлеміне енуге жол ашады. Осы арқылы жас маманның интеллектуалдық интуициясын жетілдіруге бағыт сілтей отырып, оның дүниетанымдық сауатын ашуға тырысады. Кітаптың тағы бір айта кететін ерекше тұсы – автордың «католик философиясы» терминін талдай келіп, оның астарына үңіле отырып, ішкі сырын ашуға және шіркеудің рухани әрі әлеуметтік мәртебесін анықтауға деген талпынысы. Осы ретте, Б. Рассел католик философиясының басты ерекшелігі ретінде шіркеу билігінің үстем ықпалын көрсетеді. Оның пікірінше, «шіркеу – жартылай философиялық сипаттағы, жартылай киелі тарихпен байланысты діни ілімге негізделген әлеуметтік институт» болып есептеледі. Автордың пайымдауында шіркеу философиялық көзқарастар мен сол кезде қалыптасқан қоғамдық жағдайлар арасындағы алшақтықтарды еңсере білген. Б. Рассел орта ғасырдағы католик философиясының басты ерекшелігі ретінде оның тұсындағы болмыстық мәселедегі дуализмнің санқырлы формада көрініс табуын айтады. Мәселен: дінбасылар мен діни қауым дуализмі; Құдай патшалығы мен фәни дүние дуализмі; жан мен тән дуализмі және тағы басқалар. Осы орайда кітаптың теориялық-эмпирикалық әдіснамасы мен өзіндік анализ және синтез амал-тәсілдері оқырманға танымгерлік әрі талдамгерлік тұрғыда ой салары сөзсіз. Міне, бұл тұста әлеуметтік-философиялық интуицияның маңызының қаншалықты зор болатыны аңғарылады. Бұл философиялық интеллектінің ішкі менін әр кезде жасырып тұратын өте күрделі құбылыс болатынын білдірмек. Кітаптың теориялық тараулары автордың батыс философиясы тарихына талдау жасауы арқылы барлық адамзатына жалпы философиялық ойлаудың күш-қуаты мен маңызын, әдіснамалық ұстанымдар әлемінің өзіндік ерекшеліктерін, оның ішкі сырын ашуға ұмтылысын көрсетеді. Бұл  кітаптың айрықша құндылығы болмақ. Ол оқырманды философия әлеміне енудің экстровертивтік және интровертивтік әдіс-тәсілдер эпистемасын түсінуге жетелейді.  

Дәулетбек Раев,

Абылай хан атындағы ҚХжӘТУ

профессоры, философия ғылымының

докторы, профессор