Мәулен Әшімбаев: Біз бойымызды да, ойымызды да Абай сөздеріне қарап түзейміз
Мәулен Әшімбаев: Біз бойымызды да, ойымызды да Абай сөздеріне қарап түзейміз
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының «Абай-Тоғжан» қойылымына жоғары баға берді.
«Былтыр елімізде Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтті. Соның аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, ұлы ойшылдың өсиеттерін дәріптеу жолында бір жылмен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Өйткені біздің ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздың қалыптасуында хакім Абайдың рөлі ерекше. Біз бойымызды да, ойымызды да Абай сөздеріне қарап түзейміз. Сондықтан ақын мұрасын дәріптеу, әсіресе, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру қашанда маңызды», - деп жазды Сенат Төрағасы Facebook парақшасында. Осы орайда ол елордамыздағы Музыкалық жас көрермен театрының игілікті ісін ерекше атап өтеді.
«Таяуда аталған өнер ордасында «Абай-Тоғжан» қойылымын тамашалап, керемет рухани кештің куәсі болдым. Бұған дейін көбіне ақынның ұлғайған шағын көріп келсек, бұл жолы біз жас Абайды көрдік. Оның кемеңгер болып қалыптасуының алғашқы кезеңдеріне үңілдік. Ақын лирикасының бастауына назар аудардық. Сол себепті, аталған спектакльді Абайтану іліміне тың серпін берген туынды деп қабылдаймын. Шын мәнінде, ойшылдың өмір жолы – күреске толы күрделі жол. Оны Абай мен Тоғжанның махаббатынан да аңғару қиын емес. Сондай кезеңдер ақын философиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізгені сөзсіз. Қойылымда соның бәрі ерекше тапқырлықпен суреттелген», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикерінің айтуынша, бұл театрдың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан Абай өмірін сахналау арқылы көрерменге айтары мол өнер ордасы ретінде танылып отыр. Оның репертуарында Мұқағалидің, Шәмшінің шығармашылығына арналған қойылымдар да бар.
«Осы ретте театрдың актерлер құрамына да тоқтала кеткен жөн. Олардың қатарында Самал Еслямова, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов сияқты белгілі дарын иелерімен бірге жас таланттар да бар. Өнерсүйер қауымға ғажайып көңіл-күй сыйлап жүрген театр актерлеріне және осы ұжымның басшысы, кәсіби режиссер, шебер ұйымдастырушы Асхат Маямеровке айрықша алғысымызды білдіреміз. Театр – классикалық өнер. Ал, классика қашанда биік тұрады. Сол себепті, жас театрдың ғұмыры ұзақ боларына сенеміз және соған тілекшіміз. Алар асуларыңыз көп болсын. Індеттен тезірек құтылып, зал көрерменге лық толатын күн тусын. Қазақ өнері жасай берсін!», - деп ізгі тілегін жеткізеді Сенат Төрағасы.