Желідегі хабарландыру арқылы ШҚО тұрғынының 1 млн теңгесін үптеп кеткен алаяқ ұсталды

Қызылорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы Шығыс Қазақстан облысының тұрғынын алдап соқты,  деп хабарлайды Polisia.kz.

20 ақпан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына Шығыс Қазақстан облысының 1988 жылы туған тұрғыны арызданды. 2020 жылдың қараша айында оны белгісіз біреу “Инстаграм” әлеуметтік желісіндегі жалған парақшада күзен тон мен алтын бұйымдарды сатамын деген хабарлама арқылы алдап, соның салдарынан жәбірленушіге 1 078 000 теңге көлемінде шығын келтірілген.

Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 1996 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып табылатын азаматша ұсталды. Күдікті кінәсін толық мойындады.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Back to top button