Жаңалықтар

Сапарбаев: Бұл жерде құрылыс сапасына қатысты мәселе бар

ашық дереккөзі

Сапарбаев: Бұл жерде құрылыс сапасына қатысты мәселе бар

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы жойқын желден бүлінген тұрғын үйлер мен нысандарды аралап шықты, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі. Жамбыл даңғылындағы №123 үйдің 120 шаршы метрлік шатырын жел ұшырып әкетткен. 60 жыл бұрын іргесі қаланған тұрғын үй бұған дейін бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Аймақ басшысы тұрғын үйдің жағдайымен танысып, тұрғындарды әңгімеге тартты. - Жаңбыр жауған шатырдан су ағып кетуіне жол бермеу үшін уақытша жабын орнатылады. Дегенмен, күн жылығаннан кейін терможаңғырту бағдарламасы аясында үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, - деді Б.Сапарбаев тұрғындарға. Үйге ПИК қызмет көрсетеді, терможаңғырту бағдарламасына қатысу үшін тұрғындардың қолдары жиналып үлгерген. Сондай-ақ, шаһардың 15-ші шағын ауданындағы №16 үйдің шатыры да қатты желден зардап шеккен. Бес қабатты ғимарат өткен жылы пайдалануға берілген. Мұнда аумағы 1000 шаршы метрден асатын шатыр бұзылып, ұшып кеткен. Шатырдың құлауы кезінде көрші үйдің балконы мен аулада тұрған бірнеше көлік бүлінген. Айта кетерлігі, адам шығыны орын алған жоқ. Қазіргі таңда ауланы қоқыстан тазарту, электрмен қамтуды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімін көрген бірқатар тұрғындар, аймақ басшысымен бірген мәселені талқылауға жиналды. Үйдің құрылысын жүргізген мердігер барлық жұмыстар нормативтер мен бекітілген жобаға сәйкес атқарылғанын айтып сендіруге тырысты. - Шатыр мен көрші үйдің зақымданған бөлігін қалпына келтіру мердігер компанияның мойнына жүктелуі тиіс. Шатырды қысқа мерзімде қалпына келтіру қажет. Енді мұндай оқиғалардың қайталануына жол берілмеуі керек. Егер тек ауа-райы ғана себеп болса, онда басқа үйлердің де шатырлары ұшып кетер еді ғой. Бұл жерде құрылыс сапасына қатысты мәселе бар,- деп атап өтті облыс әкімі. Еске сала кетейік, Таразда жойқын дауыл салдарынан бірқатар нысан зардап шеккен болатын. Желдің екпіні 25 м/с-қа жетіп, 10 көп қабатты тұрғын үй мен 3 мектептің шатыры бүлінген, электр желісінің 3 бағанасы және 40-қа жуық ағаш құлаған. 20 бағдаршам істен шыққан. Қазіргі уақытта дауылдың салдарын жою бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Құлаған ағаштарды тазалау жалғасуда. Ең алдымен көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жолдар тазартылды. Тұрғындардан электр қуатымен қамтудағы ақауларға қатысты өтініштер түсуде. Дәл қазір бұл шараларға 20 бригада жұмылдырылған. Бердібек Сапарбаев қала әкіміне жел зардаптарын жою жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. - Бүлінген мектептер дүйсенбіге дейін қалпына келтірілуі тиіс, - деді облыс әкімі.