Жаңалықтар

Қытайдағы боксшы қандасымыз Токио Олимпиадасына жолдама алды

ашық дереккөзі

Қытайдағы боксшы қандасымыз Токио Олимпиадасына жолдама алды

Осы аптада People Daily ақпарат порталында бокстан Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алған қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлының сұхбаты жарияланды. Айта кету керек, өткен жылы Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алған болатын. Қандасымыз Қытайдың Шыңжаң өңірінде 1996 жылы дүниеге келген. Ол бүгінгі таңда 75 келі салмақта аталған елдің ең мықты боксшыларының бірі. Ол бұл жолғы тілшіге берген сұхбатында, жолдама алғаннан бері ешқандай демалыссыз дайындық үстінде жүргенін айтады. «Намыс бәрінен де жоғары» - бұл Шыңжаң бокс командасының командалық ұраны, дейді боксшы Тоқтарбек. Ол 14 жасында осы командаға 2011 жылы қосылғаннан бастап, бұл командалық ұранды өзінің жүрегінде мықтап сақтағанын тілге тиек етеді. «Ең жоғарғы мінбеде тұру - менің мақсатым мен бағытым», дейді қытайлық қандасымыз. Мемлекеттік бокс командасының жаттықтырушысы, Шыңжаң бокс спортын басқару орталығының меңгерушісі Әбдүшкүр Мижитте журналистерге Тоқтарбектің күнделікті жаттығуы туралы өз ойын айтқан. «Күнделікті жаттығулардан басқа, Тоқтарбекке қарсыластардың әртүрлі типтеріне бейімделуіне мүмкіндік беру үшін түрлі деңгейдегі қарсыластарды ұйымдастырамыз. Сонымен бірге қорғаныс, шабуыл және қорғаныс трансформациясы бойынша негізгі жаттығулар өткізіледі», дейді Әбдүшкүр. Сұхбаттың соңында боксшы Тоқтарбек өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін спорттың басқа бір түрін жиі жалғастырып отыратынын айтады. «Мен өзіме қатты ұнайтын баскетболды жиі ойнап тұрамын. Спорттың бұл түрі біздің аяғымызды және физикалық икемділігімізді дамыта алады және баскетбол қолымызды дәлдікке баулиды...», дейді боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы.