Ғылым болашаққа қызмет етуі керек

Ғылым болашаққа қызмет етуі керек

Ғылым болашаққа қызмет етуі керек
ашық дереккөзі
Дутан СЕКЕНҰЛЫ, дәрігер, емші: Дутан Секенұлы – өкпе ауруларын емдеу арқылы отандық медицинаның дамуына үлес қосып жүрген қандасымыздың бірі. Былтырдан бастап «Алтын тау» емдеу жеке клиникасын ашып, дертіне дауа іздеген жандарды емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Дутан Секенұлы дәрігерлікке қалай келдіңіз, оған не себеп болды? – 1996 жылы Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚХР ШИНЖАҢ жалпы ұлттық  Дауалау мединститутына түстім. 2003 жылы  Өкпе аурулары емханасына жұмысқа тұрдым, 2019 жылға дейін осы сала бойынша Шанхайда білімімді жоғарлаттым. Жалпы бұл салаға келуіме себеп болған сол кездегі халық арасындағы дәрігерлерге деген сый-құрмет пен сұраныстың жоғарылығ еді. Халыққа пайдам тисе деген кішкентай арманымды орындағым келді. Құдайға шүкір, қазірге дейін емдеу, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатырмын. – Біздің кейбір ғалымдар қазақтың халық емшілігіне Тибеттен әкелінген деген пікір айтылып жүр.  Өтебойдақ бабамыздың жазып қалдырған мұрасы «Шипагерлік баянының» өзі таза көшірме дейді. Бұл қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? – Дүниежүзілік шығыс медицинасына жеті түрлі ұлттың медицинасы енеді. Олар: қытай, қазақ, ұйғыр, тибет, моңғол, жаңзу, мёңзу медицинасы. БҰҰ, ДДСҰ сынды ұйымдар «Шығыс медицинасы» деген атпен жалпыадамзаттық бекзаттық мұраға енгізді. Шығыс медицинасының түп-төркіні – табиғатпен үндесу. Барлық ем тәсілдерін табиғатпен селбесе отырып емдеу. Сонымен қатар Азиялық болғандықтан атаулары ұқсас болуы мүмкін. Бірақ бұл бір-бірінен көшірді деген сөз емес. Қазаққа тек қазақтың емі ғана жұғады. Себебі көшпелі және отырықшы халықтың организмі әртүрлі. Соған  сай ем түрлері жасалады. Ал «Шипагерлік баян» – ұлтымызға, салт-дәстүрімізге сай жазылған еңбек. – Ал қазақ пен қытай медицинасының ерекшелігі неде? – Айырмашылығы – қытай медицинасы алда. Себебі Қытай үкіметінің оған бөлетін қаржысы, зерттеу қосындары көп. Ал біздің қазақ медицинасы енді дамып келе жатыр. Мысалы, 1987 жылы Қытайдың қазақтар тұратын аймағында қазақ медицинасы емханалары болды. Қытай олардан өз ғылымына сіңіру процесін жүргізді. Сөйтті де керегін алып, керексізін тастады. Соның барлығына қаржы молынан бөлініп тұрды. Ғалымдары да соған сай зерттеу жұмыстарын емін-еркін жүргізді. Осылайша қытай медицинасы заманға сай жасақталды. Ал біздің еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Бірақ ғылыми тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Үнемі басқа елдерге жаутаңдап отырамыз. – Халықтық ем дәстүрлі медицинадан көп қалып қойды. Бірақ халық әлі емшілерге баруды жөн санайды. Бұның себебі неде? – Емханаға барсаңыз, ең бірінші сізді күтіп тұрған – кезек. Одан өтіп болдым-ау деген кезде – анализ. Сараптаманың қорытындысы шыққанша сіз жазылып кетесіз немесе қай жеріңіз ауырып тұрғанын ұмытып қаласыз. Ал қарапайым халықтық емшілерде ешқандай кезек жоқ. Бірден емдеуге кірісіп кетеді. Анализдің өзін тамыр ұстап біліп жатады. Жалпы алғанда уақыт жағынан ұтады. Емі де тез. Бұл тұрғыдан халықтық ем жақсы дамып келеді. Бірақ бұл ұзағынан болмайды. Оған себеп медицинаның қарыштап дамуы. Мысалы, бүгінгі медицина ғылымы адамзат үшін қауіпті аурудың бірі рактың генін тапты, аталық, аналығын айырып ем қабылдайтын деңгейге жетті. Ал оны аюдың өтімен, бөкеннің мүйізімен емдеуге болады деп біз оның емін табиғаттан іздеп жүрміз. Қараңызшы аюды қайдан атып жүрмексіз, оның саны онсызда шектеулі. Қоршаған ортаға қашанғы зиян тигізбекпіз. Сондықтан барынша батыстық емдеу тәсіліне ауысқан жөн. Бұл тәсілге халықтық емді енгізуіміз керек. Себебі бұл жерде біздің сан ғасырдан келе жатқан тарихымыз бар. Шығыс пен батым медицинасын ұштастырып алып кетсек, болашағы өте жақсы болмақ. Еуропа, Америка, Жапония елдерінің ғылымы қарыштап алға кетіп бара жатса, біз әлі тарихты түгендеп жүрміз. Бірақ ғылым болашаққа қызмет етуі керек қой.
  • Өз медицинамызды қалай дамытамыз?
– Коронавирустан елімізде бірнеше мыңдаған адам көз жұмды. Сол кезде ешқандай халықтық ем көмектесе алмады. Әрине біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Бір білетініміз ешқендайда науқасты таза халықтық еммен жазып шығу мүмкін болмады. Біз адамдарды батыстық медицинаның көмегімен аман алып қалып отырдық. Әрине адамның иммундық қуатын күшейтуге көмектесті. Бірақ бұл аман алып қалады деген сөз емес. Біздің медицинада отандық фармакология дамымаған. Өзіміз ойлап тапқан қыл аяғы бас ауруына дәрі жоқ, бәрі шетелдікі. Демек ең бірінші осы салаға қаржыны аямай бөлу керек. Одан кейін жалпы медицина мен биология ғылымына көбірек көңіл бөлген абзал. Сосын орыс медицининасына жабыса бергенді қою керек. Олардың ғылымы Кеңестік кезеңнен шыға алмай келе жатыр. Бізде де сол. Ғылым жаңашылдықты талап етеді. Жастардың ағылшын тілін білуі өте маңызды. Кез келген дәрі дәрмектің сипаттамасы бірінші ағылшын тілінде жазылады. Сонымен қатар елімізде, шетелдердегі мықты-мықты қазақ дәрігерлерін елімізге тартып, олардың қызметіне сай еңбекақы қою керек. Осыған дейін талай азаматтарымыз келгенімен елден орын таппай шетел аралап кетті емес пе?! Міне ең бірінші солардың жағдайын жасау керек. Қалғанын жастар өздері алып кетеді. Ең бастысы оларды қызықтыра білу. Ел үкіметі осыған жетерлік көңіл бөлсе жақсы болар еді. – Дәрі-дәрмекті дамыту керек деп қалдыңыз. Оған не істемек керек? – Теңіз деңгейінен бір метр биіктік пен екі метр биіктікте өскен емдік шөптердің айырмашылығы жер мен көктей. Ал оны танитын арнайы мамандар болған. Қазір елімізде шөп танитын адам қалмады. Біз сол мұраны сақтап қала алмадық. Енді батыстық, шығыстық үлгіде қайта жасақтау қажет. Шөп танитын шеттегі азамтаттарымызды елге әкелу керек. Әкеле алмасақ оларға арнайы барып ауыздарынан сөзбе-сөз барлық білетіндерін құжаттап алуымыз керек. Оның бәрі қаражатқа келіп тірелетіні тағы бар. Бізде барлық мүмкіндік бар. Тек соны дұрыс жолға қоя білсек, әлемдегі ең мықты дәрілерді шығара аламыз. Сонымен  арнайы медициналық сөздік құрастырылса деймін. Қазір сөздіктер жоқ емес бар, бірақ жеткіліксіз. Дені сау ұрпақ – дені сау ұлт. Бүгін отырғызған ағашымыз ертең өз жемісін берері анық. Сондықтан ешбір істі ертеңге қалдырмай істесек біз әлемдегі озық мемлекеттердің бірі болар едік. Сан ғасырлық тарихымыз бар, өзіміздің ем тәсілдеріміз бар. Бұның бәрі өткеннің еншісі. Біз енді ұрпақ қамын жасайтын кезеңге келдік. – Әңгімеңізге рақмет!  

Ераман ТАЛАПҚАНҰЛЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және саясаттану факультетінің 4-курс студенті