Жамбылдың мерейтойы Қазақстанда және шет елдерде жаппай өткізілетін болады – Мемлекеттік хатшы

Жамбылдың мерейтойы Қазақстанда және шет елдерде жаппай өткізілетін болады – Мемлекеттік хатшы

Жамбылдың мерейтойы Қазақстанда және шет елдерде жаппай өткізілетін болады – Мемлекеттік хатшы
ашық дереккөзі
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысымен және Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына дайындық жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Сапарда Мемлекеттік хатшымен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бірге жүріп, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарда болды.  width= Ресми өкілдер алдымен Үшқоңыр ауылында ашылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының  «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына атбасын тіреді. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіндегі, тәуелсіздікті қалыптастырудағы, ішкі-сыртқы саясатты бекемдеудегі тарихи рөлін айшықтайтын музейлік экспозициялармен танысты. Музейдің арнайы тілек кітапшасына Мемлекеттік хатшы өз қолтаңбасын қалдырды.  width= Сол сияқты Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жер» жобасының аясында салынған «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Кешен ішіндегі бассейнді, спорт залдарын аралап, даладағы футбол алаңын көріп, спорттық жаттығулар мен ойындардың барысына куә болды. Осы күні Қ.Көшербаев  Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне де арнайы барды. Алдымен музей алдына қойылған ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жыр алыбының өзі тұрған үй музей ретінде жабдықталған. Оның ішкі бөлмелерін, ақынның тұтынған бұйымдарын, музей қабырғасына жағалай ілінген өмірі мен творчествосы туралы жәдігерлерді тамашалады. Облыс әкім Амандық Баталовтың айтуынша, әдеби музей кейінгі жылдары кеңейтіліп, қосалқы ғимаратпен толықтырылған. Осы арада облыс басшысы биылғы мерейтойларына байланысты Жетісу өңірі арнайы шығарған Жамбыл мен Мұқағали ақындардың кітаптарын қонақтарға сыйға тартты. Жиналғандар Ж. Жабаевтың және өнердегі пірі, рухани ұстазы Сүйінбай Аронұлының, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің зираттарына тәу етті. Сапар қорытындысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев эпик ақынның 175 жылдық мерейтойлық іс-шараларын ұйымдастыру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын, келесі аптада комиссияның бірінші отырысы өтетінін айтты.  width= - Бәрімізге белгілі, 28 ақпан – алып ақынның туған күні. Соның қарсаңында мерейтойлық іс-шаралар Нұр-Сұлтан қаласында басталып, Қазақстанның барлық өңірлерінде және шет елдерде жаппай өткізілетін болады. Бүгін біз Елбасының және Президенттің тапсырмаларымен Алматы облысына арнайы келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, іс-шаралардың алғашқы қадамын бастап отырмыз. Өткен жылы хәкім Абайдың 170 жылдығын атап өтсек, биыл Жамбыл бабамыздың мерейлі жылы. Екеуі де бір дәуірде, бір заманда өмір сүрген – алыптар. Жамбыл ақынды айтыс өнерінің шыңында тұр десек, оның сондай биікке өрлеуіне ықпал еткен, өзі «пірім» дейтін - Сүйінбай Аронұлы. Сондықтан XXI ғасырдың түрлі үн қатуларына лайықты жауап беру үшін біз осындай үлкен рухани сабақтастық пен игі дәстүрді жалғастыра отырып, өзіміздің рухани бастауларымызды, ұлы тұлғаларымызды танып-білуіміз керек, - деді Қырымбек Көшербаев. Атап өтсек, Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың мерейтойына байланысты іс-шаралар жоспары әзірленген. Онда ақын туралы биографиялық фильмнің түсірілімі, өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар шығару, ақындар айтысын өткізу, мәдени ескерткіштер орнату, суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу және т.б. шаралар қарастырылған.