Жаңалықтар

Жамбылдың мерейтойы Қазақстанда және шет елдерде жаппай өткізілетін болады – Мемлекеттік хатшы

ашық дереккөзі

Жамбылдың мерейтойы Қазақстанда және шет елдерде жаппай өткізілетін болады – Мемлекеттік хатшы

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысымен және Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына дайындық жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Сапарда Мемлекеттік хатшымен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бірге жүріп, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарда болды. Сол сияқты Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жер» жобасының аясында салынған «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Кешен ішіндегі бассейнді, спорт залдарын аралап, даладағы футбол алаңын көріп, спорттық жаттығулар мен ойындардың барысына куә болды. Осы күні Қ.Көшербаев  Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне де арнайы барды. Алдымен музей алдына қойылған ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жыр алыбының өзі тұрған үй музей ретінде жабдықталған. Оның ішкі бөлмелерін, ақынның тұтынған бұйымдарын, музей қабырғасына жағалай ілінген өмірі мен творчествосы туралы жәдігерлерді тамашалады. Облыс әкім Амандық Баталовтың айтуынша, әдеби музей кейінгі жылдары кеңейтіліп, қосалқы ғимаратпен толықтырылған. Осы арада облыс басшысы биылғы мерейтойларына байланысты Жетісу өңірі арнайы шығарған Жамбыл мен Мұқағали ақындардың кітаптарын қонақтарға сыйға тартты. Жиналғандар Ж. Жабаевтың және өнердегі пірі, рухани ұстазы Сүйінбай Аронұлының, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің зираттарына тәу етті. Сапар қорытындысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев эпик ақынның 175 жылдық мерейтойлық іс-шараларын ұйымдастыру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын, келесі аптада комиссияның бірінші отырысы өтетінін айтты.