Қостанайлық полицей боранда қаңтарылған көліктерді бастап, жаяу жүгірді

Қостанайлық полицей Амантай Байжанов боранда қалған көліктерге жол көрсету үшін жаяу жүгірген. Видео облыстық полиция департаментінің Instagram парақшасында жарияланды.

Сол жерде болған жүргізушілердің сөзінше, тәртіп сақшысы боран мен суыққа қарамастан, жолда тұрып қалған 10 көлік адаспай қалаға жетуі үшін екі шақырым жүгіріп өткен.

«Көліктің, автотізбектің алдына шығып, қалаға қалай жету керегін көрсетіп жүрген осындай полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Қатты боран соғып тұр! Жол көрінбейді», – дейді ол.

«Полиция лейтенанты Амантай Байжанов патрульдік көліктен шығып, Назарбаев көшесімен «Қостанай плаза» жаққа қарай қозғалып бара жатқан автотізбектің алдына шығып, жүгірген. Жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін автотізбектің соңында белгі беріп патрульдік көлік жүрді» деп пікір білдірді мекеменің баспасөз қызметі.

Бұл – Амантай Байжановтың алғашқы батылдығы емес екен. 2020 жылдың сәуірінде ол әріптесімен бірге 15 адамды, оның ішінде 5 жасар баланы өрттен аман алып қалған. Амантай Байжанов полиция органдарында 2014 жылдың қаңтарынан бері қызмет етіп келеді.

Back to top button