Қатонқарағайда Дидахмет Әшімханұлының атына көше берілді

Белгілі журналист, жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханұлының туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданында қаламгердің атына көше берілді. Бұл туралы жазушының ұлы Дәулет Әшімхан хабарлады.

Қатонқарағай ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында аудандағы 27 көшенің идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары өзгергені туралы жазылған. Аталған ауданға қарасты Үлкен Нарын ауылдық округ әкімінің 2021 жылғы 28 қаңтардағы №1 шешімімен осы ауылдағы бұрын Садовая деп аталатын көше енді Дидахмет Әшімханұлының атымен аталатын болды.

Сонымен қатар, Үлкен Нарын ауылындағы Шолохов көшесі енді қазақтың белгілі қаламгері Оралхан Бөкейдің атымен аталады. Бұл ауылдағы бас-аяғы 7 көшенің атауы өзгерді.

eskertk sh
Дидахмет Әшімханұлының ескерткіші.

Айта кетейік, Дидахмет Әшімханұлының 70 жылдық мерейтойына орай туған жерінде қаламгердің ескерткіші ашылған болатын.

Дидахмет Әшімханұлы – «Түркістан» халықаралық газетінің қазіргідей салмақты, салиқалы басылым болып қалыптасуына, танылуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Қаламгердің атына көше беріліп, ескерткішінің бой көтергені газет редакциясы үшін де зор мерей екенін анық.

Back to top button