Көші-қон заңы көңілден шықты ма?
Көші-қон заңы көңілден шықты ма?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 2019 жылдың маусым айында Парламент Мәжілісінде қаралды. Жұмыс тобының 20-дан астам отырысы болды. Онда қандастардың мәселесімен қатар, сыртқы және ішкі көші-қонды реттеуге байланысты жағдайлар қарастырылған еді. Заң жобасын дайындауға қатысқан белсенділер бұл жолы оң өзгеріс көп болатыны жайлы жиі айтып жүрді. 2019 жылы этникалық қазақтарға арналған Көші-қон заңына енгізілгелі отырған өзгертулер мен толықтыруларды естіп, көңілде үміт ұялаған еді. Өйткені онда қазақ көшіне біршама кедергі болып отырған қағазбастылық пен кеңселік кедергілер ретке келеді деген еді қайсыбір белсенділер. Сонымен көптен күткен заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 15 маусымда қол қойды. Мемлекет басшысы қол қойған заң 2021 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді.
Сонымен не өзгерді, не өзгермеді?
1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы», 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңдар көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон үдерісінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілеп берді. Сөйтіп, атажұртқа оралған қандастардың жаңа қоныста өмір сүру жағдайын жасау мәселесі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды. Осыған орай, Қазақстанның Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, Көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сынды мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар құрылып, көші-қон саясатын жүргізуге атсалысты. Алайда көші-қон саласы әлі де қағазбастылық пен бюрократиядан көз ашпай келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті көпшіліктің көз тіккені Көші-қон заңы болып отыр. Олай дейтініміз қандастардың атажұртқа алғаш орала бастағанына міне, 30 жыл толса да, заң талаптары әлі жетілмей, мәселе шешілмей келеді. Қордаланған көп түйткілдің бір ұшы айналып келіп заңға тіреледі. Зерттеушілердің дерегіне сенсек, 1997 жылы 13 желтоқтанда қабылданған «Халықтың көші-қон туралы заңына 5-6 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті. Тіпті мүлде алынып тасталған баптар да бар. Бұдан өзге Үкіметтің шығарған қаншама қаулысын қосыңыз. Бірақ сонда да заң шеттен көшіп келген ағайынның шетін мәселесін шеше қойған жоқ. Азаматтық алу кезінде талап етілетін құжаттар, баспаналы болу, жер алу тағы басқа құқықтық және әлеуметтік мәселелер бар. Осының салдарынан қандастар арасында көптеген күрделі мәселелер анықталып отыр. Мәселен, отбасы мүшелерінің бөлініп қалуы (депортациялау), азаматтық алу (тұрақты тіркеуді талап ету, ұлты қазақ екенін растайтын анықтама, шығу парағы (визасы), сотталмаған туралы анықтама және медициналық анықтама т.б.) секілді басы артық нормалар қаншама ағайынды делдалдарға жем қылып отыр. Көші-қон заңындағы түйткілдерді өзгертіп, қайта түзету мәселесін қоғам белсенділері айтудай-ақ айтып келеді. Бұл ретте газетіміздің қандастарға арналған ATAJURT бетінде де осы көші-қон заңындағы нормалар жайлы көптеген мәселе көтерілді.Тұрақты тіркеу тұрақты проблема болып қала ма?
Көші-қон заңында уақытша тіркеуге тұру, бейімделу, ықпалдастыру деген ұғымдар бар. Бірақ бұл заң толыққанды жүзеге асып жатқан жоқ. Мәселен, кейбір өңірлерде бір жылға берілетін әлеуметтік жатақханалар бар. Алайда бұл еліміздің барлық өңірінде жоқ. Тұрақты тіркеуге тұру үшін бір адамға ең кемі 90 мың теңге кетеді. Кейбір көпбалалы отбасы үшін бұл көп шығын. Ал бұл қаржыдан мемлекетке бір тиын түспейді. Тек делдалдардың қалтасы қампаяды. Осыған байланысты аталған заң жобасын жасаған жұмыс тобының мүшесі, бұрынғы Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманнан заңдағы өзгерістер туралы сұрап көрдік. – Қандастарға жақсы жаңалықты бөліскім келіп отыр. Былтыр Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша тұрақты тіркеу арқылы азаматтық алуды жеңілдету мақсатында заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Онда әр қандасқа бір уақытта Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұру үшін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын қабылдауға мүмкіндік берді. Осыған байланысты, енді ықтиярхат алмай-ақ, тұрақты тіркеуімен азаматтыққа бір-ақ рет құжат тапсырады. Құжаттарды қараудың жалпы мерзімі 6 айдан, 3 айға дейін қысқартылды. Аталған норма 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Алайда аумақтық Көші-қон қызметі азаматтық беру кезінде қандастар тұрақты тіркеуге тұрған соң одан ықтиярхат талап еткен жағдай болса, онда менің әлеуметтік парақшама жазса болады. Оларға тиісті шара қолданамыз, – дейді Көш-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов. (Ал ықтиярхат алмай-ақ азаматтыққа құжат тапсыру Көші-қон заңында бұрын да болған).Жеңілдіктер де жоқ емес
Өткен жылы Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетілгені жайлы яғни, қандастардан талап етілетін құжаттар тізімі 46-дан 20-ға дейін қысқартылғанын айтқан болатын. Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарға құжат рәсімдеу едәуір жеңілдеп, «бір терезе» қағидасы енгізілді. Соның нәтижесінде қазір қандастар 5-6 құзырлы орынды аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады, оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарады делінген. Бұл қандастар үшін қуанышты жаңалық болды. Сонымен бірге бұрынғы «оралман» атауы заң жүзінде «қандас» болып өзгерді. Бұл заң Ішкі істер министрлігінің арнайы бұйрығымен 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Қазір «қандас мәртебесін» ХҚКО арқылы алуға болады. Жаңа заңға сөйкес, биылдан бастап қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алу үшін тиісті құжаттарын жинап, бірден азаматтық алуға мүмкіндігі бар. Қазақстан аумағына келгеннен кейін 30 күн уақытша жүруге және осы уақыт ішінде тұрақты тұруға құжат тапсыруға болады. Бұрын анықтаманың жарамдылығы 3 ай болса, қазір 6 айға дейін ұзартылды. Яғни 90 күннің ішінде азаматтық алып, әрбір қандас өзі қалаған жерде өмір сүруіне болады. Сонымен қатар бұрын кейбір елдерден келген қандастардың құжатын Сыртқы істер министрлігінің консулдық департаменті арқылы заңдастыратын (легализация). Яғни анықтамалары жалған емес екенін растайтын. Қандастар әр анықтама үшін 8 751 теңге төлейтін. Сонда барлығы 26 253 теңгеге жеткен. Енді 2021 жылғы 8 ақпаннан бастап әр анықтама ақысыз беріледі. Тек қана салық бөліміне 1 456 теңге төлейді. Ал бұрынғы заң талабында шетелден көшіп келген қазақ Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша құқық бұзған жағдайда азаматтық беру процесі 1 жылға, тіптен 5 жылға дейін шегерілетін. Бұл нормаға жеңілдік жасалды. Сондай-ақ Үкіметтің қаулысы бойынша виза беру (кейбір визамен жүретін елдерден келетін қандастар үшін) мәселесі тоқтап тұрған болатын. Өйткені қаулы болғанымен, стандартқа кірмеген. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты «СБОР» (1 459 теңге) деген виза берілетін болды. Алайда ол соттың шешімі арқылы жүзеге асады.