Алматының айшықты қадамдары
Алматының айшықты қадамдары
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала халқына есеп беріп, онлайн форматтағы кездесу өткізді. Кездесу 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы қысқаша фильммен басталды. Одан кейін әкім биыл атқарылмақ шаруалар мен шешімін табатын мәселелерге тоқталды.
Алматылықтардың бірлігі пандемияны тежеуге көмектесті
– Әлемдік пандемия біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. Менталитетімізге, өмір сүруімізге де айтарлықтай әсер етті. Әлеуметтік және экономикалық салаларға зиянын тигізді. Бірақ «Алматы біргеміз» деген ұранымыз тек сөз жүзінде ғана қалмады, ауызбіршілік бізге пандемияны ауыздықтауға көмектесті – деп, қала әкімі сөз басында алматылықтардың ынтымақтастығын ерекше атап өтті.
Одан кейінгі сөз ауаны эпид-ахуалға қарай ауысты. Бақытжан Сағынтаев былтырғы бірінші толқын қазақстандықтар үшін оңай болмағанын, осыған байланысты қала әкімдігі бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдағанын айтты.
Қалада инфекцияның кең таралуына жол бермеу үшін Алматы әкімдігі керексіз шығындардан бас тартып, бюджетті бақылауға алған. Коронавирусқа қарсы күреске 19 108,4 млрд теңге бөлініпті. Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде қысқа мерзім ішінде 2 модульді клиника салынып, РВ-90 инфекциялық стационардың, патологоанатомиялық бюроның құрылысы аяқталғаны да айтылды. Клиникалардың материалдық техникалық базалары 41,8 млрд теңгеге нығайтылыпты. Медициналық қызметпен қамтамасыз етудің үш жылдық қалалық жоспарының аясында 16 амбулатория іске қосылған. Жедел жәрдем қызметі жаңа реанимобильдермен қамтамасыз етіліп, заманауи құрылғылармен жабдықталған 135 жедел жәрдем көлігі сатып алыныпты. Сонымен қатар, кадрлық резерв жасақталғаны, медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтерілгені, 50 мыңнан астам медицина қызметкеріне 16,7 млрд көлемінде жалақыларына қоса үстемеақы төленгені туралы да айтылды.
Медицина препараттары мен дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін қала бюджетінен 10 млрд теңге бөлінген. Оның 5 миллиарды дәріханаларды қамтамасыз етуге, 5 миллиарды ауруханалар мен емханаларға үлестіріліпті. Әкім енді қалада дәрі-дәрмек тапшылығы болмайтынын сенімді түрде айтты.
– Карантиннен кейін барлығымыз босаңсып қалдық. Дүрбелең басталып, адамдар дәріханалардағы барлық дәрі-дәрмектерді сатып алды. Біз дереу іске кірісіп, тұрақтандыру қорын құрдық. Ұшақтармен медицина құралдарын, дәрі-дәрмектерді және желдеткіштерді Үндістан мен Беларусьтен тасымалдадық. Барлығы 48 миллион пакет препарат пен қорғаныс құралы қалаға жеткізілді. Қазіргі кезде 24 миллионға жуық пакет айналымда және 8 миллион дана қор да бар. Қалада дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау үшін 300-ден астам дәріханаларға мониторинг жүргізілді. Біз тапшылыққа жол бермейміз, – деді әкім.
Қазір Алматыда фармацевтикалық кластердің өкілдері фармацевтикалық зауыттардың құрылысын бастады. VivaPharm ЖШС сұйық, жұмсақ және қатты дәрілік формаларды шығаруға арналған өндіріс кешендерін іске асырмақ. Инвестиция көлемі – 4,6 млрд теңге. Сондай-ақ, DolcePharm ЖШС жеке қорғаныс құралдарын шығаратын зауыт салып жатыр. Инвестициялар көлемі – 19,5 млрд теңге. Одан бөлек тағы 3 инвестор дәрі-дәрмек шығаруға арналған жобаларды іске асыруға кіріскен.
Қала әкімі пандемияға қарамастан Алматы экономикасының өсуі байқалғанын да атап өтті.
2021 жылы Алматыда 40 шақырымнан астам жаңа жол салынады
Қолда бар ресурс пен күштің едәуір бөлігі коронавирусқа қарсы іс-қимылға жұмсалғанына қарамастан, 2020 жылы Алматыны дамытудың басым бағыттары бойынша жұмыс тоқтаған жоқ. Бақытжан Сағынтаев мегаполис шетіндегі инфрақұрылымдардың дамуы одан әрі жалғасатыны туралы айтты. Қала маңындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін «Жаңа Алматыны» дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары қабылданған. Жалпы 200 млрд теңгеге 504 жобаны іске асыру басталыпты.
– Пандемияның экономикаға тигізген қысымына қарамастан, біз «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамуды жалғастырдық. Өздеріңіз білетіндей, бұл – менің түбегейлі таңдауым. Мен осы бағытта жұмысты жалғастырамын. Әрбір алматылық тұрғылықты жеріне қарамастан тең өмір сүру құқығына ие болуы керек – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалаға қосылған ықшамаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 2020 жылы 50 мыңнан астам адамды қамтитын 300 шақырым су құбыры мен кәріз желілері салынған. 16,1 шақырым жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылыпты. Алматының төрт ауданы 100 пайыз жарықпен қамтамасыз етілген. 42,8 шақырым жол салынып, 219,1 шақырым жол жөнделіпті. Ұзындығы 86 шақырымға жететін жаяу жүргіншілер жолы да назардан тыс қалмаған.
Ал биыл осы жұмыстар жалғасын таппақ. 40,4 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізіп, үш жол айрығының құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларының құрылысын аяқтау жоспарда бар және «Қалқаман» стансасының құрылысы да одан әрі жалғаспақ. Инженерлік желілер бойынша бірқатар проблемаларды жүйелі шешу үшін «Ақсай» су жинау стансасы, Наурызбай ауданында коллектор салынатын болады. Бұдан өзге 170 шақырым су құбыры мен 145 шақырым кәріз желілерінің құрылысы жүргізіледі. Жылдың соңына дейін 601 көше жарықтандырылады. Әкімнің сөзінше, қаржы бөлініп, мердігерлер жұмысын атқарып жатыр, бұл мәселені аудан әкімдері де қадағалап отыр.
Аулаларды жарықтандыру мәселесі де күн тәртібінде. Қазіргі кезде жауапты басқарма жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп, сарапталып жатыр.
Үй кезегіндегілерге 8 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр
Кездесу барысында қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны іске асыру туралы да сөз қозғалды. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 8292 пәтер бөлінеді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне – 427 пәтер, көпбалалы отбасыларға – 452, жұмысшы жастарға 1050 пәтер берілмек. Сондай-ақ, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 3578 пәтер, «Кредиттік баспана» бойынша – 1411, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 374 пәтер бөлінеді. «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасады, ол арқылы 1 мың жас алматылық тұрғын үй ала алады.Экология да назардан тыс қалмайды
Алматы қашанда жасыл желегі, жанға жайлы табиғатымен ерекшеленген. Бірақ соңғы кезде қала тұрғындарын экология мәселесі толғандырып отыр. Соған байланысты биыл 350 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, сондай-ақ шеткері жерлерде бес жаңа саябақ салу, қалаға кіре берісте 19 экопост орнату жоспарланыпты. Қоғамдық және коммуналдық автопарктерді экологиялық таза отынға ауыстыру шараларымен қатар транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Себебі жүргізілген мониторинг тәулік сайын қалаға қоршаған ортаға техногендік ауыртпалық түсіретін 17 мыңнан астам жүк көлігі кіретінін көрсеткен еді. Қалада өзендер маңызды рөл атқаратындықтан, Кіші Алматы және Есентай өзендерінің арналарын нығайту бойынша жұмыстары да қолға алынған.