Жамбыл және Қастек көтерілісі

Жамбыл және Қастек көтерілісі

Жамбыл және Қастек көтерілісі
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың басында патшалық Ресей империясының Қазақстандағы отарлық саясаты одан әрі күшейе түсті. Өлкеде ұлттық езгі өте ауыр болды. Патша үкіметі қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алды, отарлау саясатының құрамдас бөлігі болған орыс шаруаларын қоныс аудару жаппай сипат алды. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының басым бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, халықты рухани езгіге де түсірді: оны тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында жымысқылықпен ойластырған шаралар жүйесін жүзеге асырды. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты тонау мен қанау күшейе түсті. Әртүрлі салықтардың мөлшері артып, жаңа салықтар енгізілді. Ұлттық және әлеуметтік езгінің күшеюі, соғыс тудырған қиыншылықтарға байланысты халық бұқарасының қайыршылануы, қымбатшылық пен аш-жала-ңаштықтың етек жаюы. міне, осының бәрі халық­тың басым көпшілігі тарапынан жаппай наразылық туғызды. Көтерілістің бұрқ ете қалуына пат­шаның 1916 жылғы 25 мау­сым­дағы Қазақстанның, Орта Азияның жә­не ішінара Сібірдің «бұратана ха­лықтарының» 19 бен 43 жас ара­сын­дағы ер-азаматтарын майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құ­ры­лыстарын және әскери қатынас жол­дарын салуға, окоптар қазуға т.с.с.) «реквизициялау туралы» жарлығы ті­келей сылтау болды. Жарлық бойын­­ша тыл жұмыстарына Қазақ­стан мен Орта Азиядан 400 мың адам, соның ішінде қазақтардан 240 мың­ға жуық кісі алу белгіленді. Патшаның зілді бұйрығы шілде айы­ның басында Верный уезі Батыс Қас­тек болысы жұртына да келіп же­теді. Жарлықпен таныстыру үшін бо­лыс басшылары Шығыс Қастек, Ба­тыс Қастек, Шиен болыстарының адам­дарын жинап, жалпы жиналыс өт­кізеді. Онда осы аймаққа беделі мен ықпалы бар Сарымсақ Шын­те­мі­ров, Ахмет Қожамқұлов, Сейдалы Са­дыбеков, Нақысбек Қанаев, Дос­қожа Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Қа­шаған Рысқұлбеков, Тайжан Шын­теміров, Бейсебай Қасқарауов, Әб­ді­ке­рім Сәмбетов, Рахмат Андосов, Ке­рімбай Қожамбердиев, Алакүшік Ұл­танов, Сандыбай Жаманқұлов сияқ­ты азаматтар сөз сөйлеп, әскерге адам бермейтінін, патша жендет­тері­не қарсы шығу керегін ашық айтады. Бұл кезде болыстар әскерге алы­на­тындардың тізімін жасап та қой­ған еді. 200-ден астам тізімге іліккен адам­ның аты-жөні осы жиналыста оқы­лады. Олардың көпшілігі кедей, жар­лы-жақыбайлардың балалары еді. Жалпы, жиналыс таяу арада кө­теріліс жасау керек деп шешеді. Көр­шілес жатқан болыстарға адамдар жі­беріледі. Нұрғожа Түргенбаев, Көк­бай Қасқоров, Рысжан Елекенов сияқ­ты ұсталар найза, қылыш, ай­бал­та, шоқпар жасауға кіріседі. Ұрыс жос­пары жасалып, патша солдат­тары бекінген Шиен, Бұрған бекет­те­ріне шабуыл жасап, басып алу бел­гіленеді. Жұрт осы көтерілістің бас­шылары, қолбасшылары етіп Са­тай Көбегенұлы Қарашевті және осы өңірге белгілі аңшы-мерген Нүке Са­тыбековті сайлайды. Көтерілісші­лер­­де отты қару жоқтың қасы еді. Тек Нүке Сатыбеков бастаған бір­не­ше адамда ғана мылтық болған. Үкімет жансыздары арқылы дайын­далып жатқан көтеріліс тура­лы біліп алып, оның алдын алу ша­ра­­­ларын ұйымдастырады. 1916 жы­лы 6 тамызда Қастекке Верныйдан қару­ланған 250 адамдық жазалаушы отряд шығарылады. 7 тамыз күні ұзын­құлақтан хабар алған жергілікті ел-жұрттың қару ұстауға жарарлық азаматтары Шиен маңындағы Қара­төбеге жиналады. Жиналған мыңнан аса сарбаз үш топқа бөлініп, патша от­рядына жан-жақтан шабуылға шы­ғады. Сатай Көбегенұлы 200 жі­гітпен сақадай-сай қаруланған жауға қар­сы шабады. Ер Сатайға оқ тиіп, ат үс­тінен аударылып түседі. Көтері­ліс­шілер қаптал тұстан да лап береді. Бі­рақ жазалаушы топ көтеріліс­ші­лерді жаңбырдай жауған оқпен қар­сы алады. Осы ұрыста ер Сатай бас­та­ған оннан астам азамат ерлікпен қа­за табады. Солдаттар да шығынға ұшырайды. Ұрыс барысында Нүке Сатыбеков бастаған мерген аңшы жігіттер Шиен мұжығы Мос­ка­лен­ко­ны, жазалаушы отряд басшысы Пеш­ковты атып өлтіреді. Батыс Қастек, Шиен болыстарындағы көтерілістер осылайша аяқталады. Қарусыз халық амалсыздан тау-тасқа шегінуге мәж­бүр болады. Патша әскерлері кейіннен Суық­тө­беге қарай шегініп, қырғыз аспақ бол­ған топты қуып жетіп, атқылап, қан­ды қырғын салады. Көтеріліс ба­сылған соң оның ұйымдастыру­шы­лары болған бір топ азаматты патша әскерлері тұтқынға алып, тергеп, сот­қа тартады. Көпшілігін дарға асу ар­қылы өлім жазасына кеседі. Тек, 1917 жылғы патша өкіметін құлат­қан Ақпан революциясынан кейін Уақыт­ша үкімет бұл шешімді өзгер­теді. Түрмедегі Қастек көтерілісінің же­текшілері босатылады. Міне, осы Батыс Қастек, Шиен бо­­­лысындағы 1916 жылдың тамыз айын­да болған ұлт-азаттық көте­ріліс­тің жайын ұлы ақын Жамбыл Жа­баев өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңін­де былай баяндайды: Шиенде де әскерлермен ұрыс бол­ды, Сол ұрыста топ басы Саттар өлді [Саттар – Сатай болуы керек]. «Саттар өлді, ел қашты» деген хабар, Ел-елдерге жайылды оң мен солды. Шұбырып тауға қарап ел жөнелді, Не боларын соңынан кім біледі? Тауға қашып өрмелеп тасқа бұғып, Елдің бәрі жанынан түңілді енді. Ертеңінде ел-елге әскер барды, Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды. «Қашқындарды атады» дегеннен соң, Таудағылар кірер жер таба алмады. ... Аттандық ұлығының қонысына, Елді сорған борсықтай болысына. Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып, Көксеген азаттықтың соғысында. Жамбыл ел қамы үшін, халық­тың басына келген ауыртпалыққа қат­ты күйзелген, әсіресе, ер-аза­мат­тар Бекболаттың, Сатайдың көте­рілуі, олардың оққа ұшып, дарға тар­тылуы аса күңіренткен. Жам­был­дың жан күйін онан сайын ауыр­лат­қан жағдай – халықтың босып Қы­тайға қарай ауғаны, қалған елге сол­дат шығып, ойына келген зорлық, зом­былықтың жасалуы. Міне, осы көтерілісті жырлап қа­на қоймай, оған тікелей қатысқан Же­тісу ақындарының бірі – Мақыш Райым­бекұлы. Алматы облысы Жам­был ауданында туып-өскен, Жам­был­дың шәкірттерінің бірі, палуан, ақын Мақыш Райымбекұлы 1916 жыл­ғы көтеріліс кезінде жасақ құ­рып, Бекболат, Сатай батырлармен бір­ге патша өкіметіне қарсы шығады. Осы Мақыш ақынның 1916 жыл­ғы Жетісудағы, соның ішінде Қастек кө­терілісіне қатысы туралы белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Жам­был» атты өмірбаяндық хикая­тын­да біраз мәліметтер беріледі. Мы­салы, онда былай делінеді: «Жам­былдың өзіне жақын ағайыны әрі ақын, балуан сері жігіт Мақыш осы көтерілісте жігіттерді бастап, сол жы­лы Жетісу елін көтеріліске бас­таушылардың бірі Бекболатқа және сол жылы көтеріліс бастағанның бірі Cатай батыр осыларға барып қосыл­ған. Мақыш өмір бойы Жамбылмен бірге болған. Өте қадірменді шәкірт­те­рінің бірі. Сол Мақыштың көтері­ліс­ті бастап Сатайға қосылған жігіт­те­рінің ішінде Жамбылдың өз ба­ла­лары да болған». Әйгілі маусым жарлығынан кейін ел дүр көтерілді. Алматы облы­сы­ның Жамбыл, Қарасай ауданын­да­ғы елдің біразы Бекболат Әшекеев бас­таған көтерілісшілерге қосылса, Ұзы­нағаш өзенінің батысындағы ел Са­тай Көбегенов бастаған көтері­ліс­шілер құрамында болды. Осы кө­те­ріліс­ке екей руының жігіттерін бас­тап Мақыш та белсене қатысты. Ел ара­сында Сатай оққа ұшқан кезде Ма­қыш оның денесін сол жерден алып шыққан деген әңгімелер айты­ла­ды. Мақыштың Сатай батыр тура­л­ы дастаны болғаны жайында да де­­­­ректер бар. Жамбыл ақындық мектебінің ес­керілмей келе жатқан тағы бір өкілі – Өтеп Оңғарбаев (1899–1946). Шы­­ғар­малары  ҒА Ғылыми кітап­ха­на­сының, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының қол­жаз­ба қорларында сақталған. 1937-1938 жылдары қазақ, орыс тілдерінде шық­қан жинақтарға кірген. Өтептің «Ма­қыш батыр» поэмасында батыр­дың елді атып-шауып, маза бермей қор­­лық көрсетіп жүрген орыс офи­це­рін жазалағаны суреттеледі. М.Әуезовтің «Ол күнгі Алматы» ат­ты әңгіме-очеркінде «Кеше Борал­дай төбеде Ұзынағаш, Қастектің сегіз жігітін, Бекболатты дарға асты» деген жол бар. Дәл осы деректі Ілияс Жан­сү­гіров­тің Алматы қаласы тарихына қа­тыс­ты мақаласынан да кездестіре­міз. Мақыштың соңғы дерлік шы­ғар­ма­сы, көлемді қоштасу өлеңінің бір шу­мағында Бекболат батырмен тізе қосып, бас түйістіріп бірге соғыс­қа­ны туралы былай дейді: Түс көрдім... О, тоба, жаман ырым, Бекболатым шақырад тілім-тілім. Сол батырмен кәпірді көп қырып ем, Жаламенен біткені-ау менің күнім. Мақыш көтеріліс жеңіліске ұшы­ра­ғаннан кейін тауда, қырғыз жақ­та жүрген. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» по­весінің әсері болуы керек, Қарқара – Албан көтерілісінің тарихы жайлы Сейдәлім Тәнекеевтің екі кітабы, Т.Жұр­тбайдың «Бейуақ» монография­сы­ның бір тарауы жан-жақты, мұ­қият деректер берген. Аталған кө­тері­­лістерден бірер күн бұрын бас­талған, орыс әскерін шығынға кө­бі­рек ұшыратқан, Алматыдан Қор­дайға дейінгі телеграф желісін тү­гелдей істен шығарған Ұзынағаш, Қас­тек көтерілісі мүлдем зерттелген жоқ деуге болады. Осы бағытта зерт­теулер жүргізілсе, Мақыш туралы да де­ректер табылуы керек. Осы көтеріліске байланысты ке­зінде көптеген өлең-жыр шықты. Олар­дың көпшілігі уақыт өте фольк­лор­ға айналып кетті. Көтеріліске ті­келей қатысушы Мақыш Райым­бек­ұлы кезінде көтеріліс басшы­лары­ның бірі  Сатай батыр туралы дастан шы­ғарған. Ол қазақстандық оқыр­ман­дарға әлі толық таныс емес. Осын­дай дүниелердің қазақ әдебиеті та­рихынан алатын орны мен олар­дың көтеріліс тарихнамасына қа­тысы мен дереккөздері ретіндегі маңы­зын да ғылыми тұрғыдан қа­рас­тырған жөн деп білеміз. Әрине, күш тең болмағандықтан бақайшағына дейін қаруланған пат­ша өкіметінің жазалаушы әскерлері та­ра­пынан Жетісудың басқа аймақ­та­ры сияқты Қастек көтерілісі де қатаң басып-жаншылды. Дегенмен 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқы­ның сан ғасырлық ұлт-азаттық қоз­ғалысының тарихында ерекше орын ал­ды. Бұл көтеріліс Ресей империя­сын­дағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол түптеп келгенде 1917 жылғы ақпан­да Ресей империясында монар­хия­лық билік жүйесінің құлауын жа­қын­датқан себептердің және жалпы шы­ғыстың отар халықтарының (Қытай, Парсы, Үндістан т.б.) импе­риа­листік езгіге қарсы ХХ ғасырдың ба­сында өріс алған бүкіл ұлт-азат­тық қозғалысының құрамдас бөлігі бол­ды. Ал жыр алыбы Жамбыл өз өлең-жырларымен Жетісудағы бар­лық дерлік көтерілістерге, соның ішін­де Қастек көтерілісіне үн қосып, кө­терілісшілердің рухын көтерді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі ке­зінде ашына жаһанға жар салып, ха­лықпен бірге жүрді, Қастек кө­тері­лісінің жалынды жаршысы болды.

Сабырхан  СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, тарихшы