Жамбыл және Қастек көтерілісі
Жамбыл және Қастек көтерілісі
ХХ ғасырдың басында патшалық Ресей империясының Қазақстандағы отарлық саясаты одан әрі күшейе түсті. Өлкеде ұлттық езгі өте ауыр болды. Патша үкіметі қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алды, отарлау саясатының құрамдас бөлігі болған орыс шаруаларын қоныс аудару жаппай сипат алды. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының басым бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, халықты рухани езгіге де түсірді: оны тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында жымысқылықпен ойластырған шаралар жүйесін жүзеге асырды. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты тонау мен қанау күшейе түсті. Әртүрлі салықтардың мөлшері артып, жаңа салықтар енгізілді. Ұлттық және әлеуметтік езгінің күшеюі, соғыс тудырған қиыншылықтарға байланысты халық бұқарасының қайыршылануы, қымбатшылық пен аш-жала-ңаштықтың етек жаюы. міне, осының бәрі халықтың басым көпшілігі тарапынан жаппай наразылық туғызды.
Көтерілістің бұрқ ете қалуына патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Қазақстанның, Орта Азияның және ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» 19 бен 43 жас арасындағы ер-азаматтарын майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстарын және әскери қатынас жолдарын салуға, окоптар қазуға т.с.с.) «реквизициялау туралы» жарлығы тікелей сылтау болды. Жарлық бойынша тыл жұмыстарына Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам, соның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық кісі алу белгіленді.
Патшаның зілді бұйрығы шілде айының басында Верный уезі Батыс Қастек болысы жұртына да келіп жетеді. Жарлықпен таныстыру үшін болыс басшылары Шығыс Қастек, Батыс Қастек, Шиен болыстарының адамдарын жинап, жалпы жиналыс өткізеді. Онда осы аймаққа беделі мен ықпалы бар Сарымсақ Шынтеміров, Ахмет Қожамқұлов, Сейдалы Садыбеков, Нақысбек Қанаев, Досқожа Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Қашаған Рысқұлбеков, Тайжан Шынтеміров, Бейсебай Қасқарауов, Әбдікерім Сәмбетов, Рахмат Андосов, Керімбай Қожамбердиев, Алакүшік Ұлтанов, Сандыбай Жаманқұлов сияқты азаматтар сөз сөйлеп, әскерге адам бермейтінін, патша жендеттеріне қарсы шығу керегін ашық айтады.
Бұл кезде болыстар әскерге алынатындардың тізімін жасап та қойған еді. 200-ден астам тізімге іліккен адамның аты-жөні осы жиналыста оқылады. Олардың көпшілігі кедей, жарлы-жақыбайлардың балалары еді. Жалпы, жиналыс таяу арада көтеріліс жасау керек деп шешеді. Көршілес жатқан болыстарға адамдар жіберіледі. Нұрғожа Түргенбаев, Көкбай Қасқоров, Рысжан Елекенов сияқты ұсталар найза, қылыш, айбалта, шоқпар жасауға кіріседі. Ұрыс жоспары жасалып, патша солдаттары бекінген Шиен, Бұрған бекеттеріне шабуыл жасап, басып алу белгіленеді. Жұрт осы көтерілістің басшылары, қолбасшылары етіп Сатай Көбегенұлы Қарашевті және осы өңірге белгілі аңшы-мерген Нүке Сатыбековті сайлайды. Көтерілісшілерде отты қару жоқтың қасы еді. Тек Нүке Сатыбеков бастаған бірнеше адамда ғана мылтық болған.
Үкімет жансыздары арқылы дайындалып жатқан көтеріліс туралы біліп алып, оның алдын алу шараларын ұйымдастырады. 1916 жылы 6 тамызда Қастекке Верныйдан қаруланған 250 адамдық жазалаушы отряд шығарылады. 7 тамыз күні ұзынқұлақтан хабар алған жергілікті ел-жұрттың қару ұстауға жарарлық азаматтары Шиен маңындағы Қаратөбеге жиналады. Жиналған мыңнан аса сарбаз үш топқа бөлініп, патша отрядына жан-жақтан шабуылға шығады. Сатай Көбегенұлы 200 жігітпен сақадай-сай қаруланған жауға қарсы шабады. Ер Сатайға оқ тиіп, ат үстінен аударылып түседі. Көтерілісшілер қаптал тұстан да лап береді. Бірақ жазалаушы топ көтерілісшілерді жаңбырдай жауған оқпен қарсы алады. Осы ұрыста ер Сатай бастаған оннан астам азамат ерлікпен қаза табады. Солдаттар да шығынға ұшырайды. Ұрыс барысында Нүке Сатыбеков бастаған мерген аңшы жігіттер Шиен мұжығы Москаленконы, жазалаушы отряд басшысы Пешковты атып өлтіреді. Батыс Қастек, Шиен болыстарындағы көтерілістер осылайша аяқталады. Қарусыз халық амалсыздан тау-тасқа шегінуге мәжбүр болады.
Патша әскерлері кейіннен Суықтөбеге қарай шегініп, қырғыз аспақ болған топты қуып жетіп, атқылап, қанды қырғын салады. Көтеріліс басылған соң оның ұйымдастырушылары болған бір топ азаматты патша әскерлері тұтқынға алып, тергеп, сотқа тартады. Көпшілігін дарға асу арқылы өлім жазасына кеседі. Тек, 1917 жылғы патша өкіметін құлатқан Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкімет бұл шешімді өзгертеді. Түрмедегі Қастек көтерілісінің жетекшілері босатылады.
Міне, осы Батыс Қастек, Шиен болысындағы 1916 жылдың тамыз айында болған ұлт-азаттық көтерілістің жайын ұлы ақын Жамбыл Жабаев өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңінде былай баяндайды:
Шиенде де әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топ басы Саттар өлді [Саттар – Сатай болуы керек].
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар,
Ел-елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңынан кім біледі?
Тауға қашып өрмелеп тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.
... Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына.
Көп ерлер қаза тапты
жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.
Жамбыл ел қамы үшін, халықтың басына келген ауыртпалыққа қатты күйзелген, әсіресе, ер-азаматтар Бекболаттың, Сатайдың көтерілуі, олардың оққа ұшып, дарға тартылуы аса күңіренткен. Жамбылдың жан күйін онан сайын ауырлатқан жағдай – халықтың босып Қытайға қарай ауғаны, қалған елге солдат шығып, ойына келген зорлық, зомбылықтың жасалуы.
Міне, осы көтерілісті жырлап қана қоймай, оған тікелей қатысқан Жетісу ақындарының бірі – Мақыш Райымбекұлы. Алматы облысы Жамбыл ауданында туып-өскен, Жамбылдың шәкірттерінің бірі, палуан, ақын Мақыш Райымбекұлы 1916 жылғы көтеріліс кезінде жасақ құрып, Бекболат, Сатай батырлармен бірге патша өкіметіне қарсы шығады.
Осы Мақыш ақынның 1916 жылғы Жетісудағы, соның ішінде Қастек көтерілісіне қатысы туралы белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Жамбыл» атты өмірбаяндық хикаятында біраз мәліметтер беріледі. Мысалы, онда былай делінеді: «Жамбылдың өзіне жақын ағайыны әрі ақын, балуан сері жігіт Мақыш осы көтерілісте жігіттерді бастап, сол жылы Жетісу елін көтеріліске бастаушылардың бірі Бекболатқа және сол жылы көтеріліс бастағанның бірі Cатай батыр осыларға барып қосылған. Мақыш өмір бойы Жамбылмен бірге болған. Өте қадірменді шәкірттерінің бірі. Сол Мақыштың көтерілісті бастап Сатайға қосылған жігіттерінің ішінде Жамбылдың өз балалары да болған».
Әйгілі маусым жарлығынан кейін ел дүр көтерілді. Алматы облысының Жамбыл, Қарасай ауданындағы елдің біразы Бекболат Әшекеев бастаған көтерілісшілерге қосылса, Ұзынағаш өзенінің батысындағы ел Сатай Көбегенов бастаған көтерілісшілер құрамында болды. Осы көтеріліске екей руының жігіттерін бастап Мақыш та белсене қатысты. Ел арасында Сатай оққа ұшқан кезде Мақыш оның денесін сол жерден алып шыққан деген әңгімелер айтылады. Мақыштың Сатай батыр туралы дастаны болғаны жайында да деректер бар.
Жамбыл ақындық мектебінің ескерілмей келе жатқан тағы бір өкілі – Өтеп Оңғарбаев (1899–1946). Шығармалары ҒА Ғылыми кітапханасының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында сақталған. 1937-1938 жылдары қазақ, орыс тілдерінде шыққан жинақтарға кірген. Өтептің «Мақыш батыр» поэмасында батырдың елді атып-шауып, маза бермей қорлық көрсетіп жүрген орыс офицерін жазалағаны суреттеледі.
М.Әуезовтің «Ол күнгі Алматы» атты әңгіме-очеркінде «Кеше Боралдай төбеде Ұзынағаш, Қастектің сегіз жігітін, Бекболатты дарға асты» деген жол бар. Дәл осы деректі Ілияс Жансүгіровтің Алматы қаласы тарихына қатысты мақаласынан да кездестіреміз.
Мақыштың соңғы дерлік шығармасы, көлемді қоштасу өлеңінің бір шумағында Бекболат батырмен тізе қосып, бас түйістіріп бірге соғысқаны туралы былай дейді:
Түс көрдім... О, тоба, жаман ырым,
Бекболатым шақырад тілім-тілім.
Сол батырмен кәпірді көп қырып ем,
Жаламенен біткені-ау менің күнім.
Мақыш көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін тауда, қырғыз жақта жүрген.
Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінің әсері болуы керек, Қарқара – Албан көтерілісінің тарихы жайлы Сейдәлім Тәнекеевтің екі кітабы, Т.Жұртбайдың «Бейуақ» монографиясының бір тарауы жан-жақты, мұқият деректер берген. Аталған көтерілістерден бірер күн бұрын басталған, орыс әскерін шығынға көбірек ұшыратқан, Алматыдан Қордайға дейінгі телеграф желісін түгелдей істен шығарған Ұзынағаш, Қастек көтерілісі мүлдем зерттелген жоқ деуге болады. Осы бағытта зерттеулер жүргізілсе, Мақыш туралы да деректер табылуы керек.
Осы көтеріліске байланысты кезінде көптеген өлең-жыр шықты. Олардың көпшілігі уақыт өте фольклорға айналып кетті. Көтеріліске тікелей қатысушы Мақыш Райымбекұлы кезінде көтеріліс басшыларының бірі Сатай батыр туралы дастан шығарған. Ол қазақстандық оқырмандарға әлі толық таныс емес. Осындай дүниелердің қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны мен олардың көтеріліс тарихнамасына қатысы мен дереккөздері ретіндегі маңызын да ғылыми тұрғыдан қарастырған жөн деп білеміз.
Әрине, күш тең болмағандықтан бақайшағына дейін қаруланған патша өкіметінің жазалаушы әскерлері тарапынан Жетісудың басқа аймақтары сияқты Қастек көтерілісі де қатаң басып-жаншылды. Дегенмен 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Бұл көтеріліс Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол түптеп келгенде 1917 жылғы ақпанда Ресей империясында монархиялық билік жүйесінің құлауын жақындатқан себептердің және жалпы шығыстың отар халықтарының (Қытай, Парсы, Үндістан т.б.) империалистік езгіге қарсы ХХ ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды. Ал жыр алыбы Жамбыл өз өлең-жырларымен Жетісудағы барлық дерлік көтерілістерге, соның ішінде Қастек көтерілісіне үн қосып, көтерілісшілердің рухын көтерді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ашына жаһанға жар салып, халықпен бірге жүрді, Қастек көтерілісінің жалынды жаршысы болды.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, тарихшы