Бюджет ашықтығы: Қоғамдық кеңес бюджет жобасын талқылау керек
Бюджет ашықтығы: Қоғамдық кеңес бюджет жобасын талқылау керек
Бүгін «Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен мемлекеттік бюджетті талқылау барысына қоғамды тарту мәселелері қаралды. Бюджеттің ашықтығы мен алдын ала жұртшылыққа таныстырылуы демократиясы дамыған елдердің тәжірибесі. Осынау тәжірибені ұтымды пайдалануды Үкіметтік емес ұйымдар ұсынып отыр.
Еліміздегі бюджет жоспарлау әлеуметтің әл-ауқатына тікелей ықпал етеді. Десе де халық бюджет жобасын талқылауға қатыспайды. Тіпті оны қалыптастыруға да еш араласпайды. Қоғамдық тыңдаулар жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогтың бір түрі болып табылады. Оның іргетасында азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері жатыр. «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда бюджет бағдарламаларының жобасын қалың бұқара талқылау үшін қоғамдық тыңдаулар өткізуге заң жүзінде мүмкіндік берілген, оны жергілікті елді мекеннің қоғамдық кеңестері ұйымдастыруы тиіс. ҚР бюджет кодексіне сәйкес облыстық бюджетті, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларының бюджеттерін қарастыру мен белгілеу ағымдағы жылы 15 қыркүйектен кешікпей бекітіледі. Олай болса жергілікті бюджет жобасы 15 қазанға дейін тиісті мәслихатқа енгізілуі тиіс. Осыған орай жергілікті атқарушы және өкілдік органдары, сондай-ақ қоғамдық кеңестерді бюджет жобасына арналған қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыруға шақырамыз», - деді «Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» ҚБ-нің директоры Әсел Қырықбаева.
«Ашық бюджет» порталында жергілікті және орталық органдар бюджет бағдарламаларының жобаларын жариялап отырады. Онда пікірлер мен ұсыныстарды енгізу мүмкіндігі қарастырылған, яғни қалаған адам талқылау барысына атсалыса алады.
«Қаржы министрлігі өз сайтында 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын орналастырып, азаматтық бюджет пен инфографикаларды тұрақты түрде жариялап отырады. Осылайша есеп беру мен айқындық деңгейі жоғары екенін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы және өкілдік органдар туралы олай айта алмаймыз. Жергілікті деңгейдегі мәслихаттар мен қаржы басқармалары өз сайттарында бюджет жобаларын жариялауды әдетке айналдырмаған», - дейді «Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры Шолпан Әйтенова.
Жуырда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестіктің сарапшысы Клэр Шутенмен кездесіп, бюджет ашықтығы туралы сөз қозғағана еді.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, аталған ұйым бүкіл әлемде бюджет ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Н. Нығматулин ұйымның осы саладағы зерттеулерінің шынайы әрі тәуелсіз екенін алға тарта келіп, барлық бюджеттік бағдарламаларды қарайтын Парламент үшін бюджеттің ашықтығы мен бақылау тиімділігін арттыратын ұсынымдарды зерделеудің маңыздылығы зор екенін айтты. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы:
- Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламенттің алдына бюджет қаржыларын игеруде қатаң бақылау мен заң шығармашылық қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта Мәжілісте заң жобаларын қараудың мүлдем жаңа тәртібі енгізілді, - деді. Одан әрі Палата Төрағасы Мәжіліс қарауына түскен еліміздің негізгі қаржылық құжаттары жайында баяндады. Өз кезегінде мейман біздің мемлекетіміздің даму қарқынына ерекше көңіл бөліп, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету шараларына жоғары баға берді. Н. Нығматулин Клэр Шутенге мазмұнды кездесу үшін алғысын білдіріп, алдағы бірлескен жұмыс Қазақстан бюджетінің тиімділігі мен ұтымдылығын бұрынғыдан арттыра түсетініне сенім білдірді.