Тұрғын үй нарығындағы баға неше пайызға өсті?

Елімізде 5 айдың ішінде бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға 5 пайызға өсті.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин: «2020 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға жұмсай алатынын мәлімдеді. 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2021 жылғы қаңтар аралығындағы кезеңде бастапқы тұрғын үй нарығындағы бағалардың өсуі 5 пайызды құрады, ал 2019 және 2020 жылдардың ұқсас кезеңінде ол 3 пайыздан асқан жоқ», – дейді.

Алайда, агенттік төрағасы 5 айдың ішінде бағалардың жоғары өсуі қайталама тұрғын үй нарығында байқалғанын, оның 12,5 пайызға жеткенін айтады.

«Бұл ретте, қандай да бір бағалық сөз байласуды қайталама тұрғын үй нарығына қатысушылардың айтарлықтай саны (пәтерлерді сату туралы 130 мыңнан астам хабарландыру) жоққа шығарады және тұрғын үй бағаларының өсуінің негізгі себебі сұраныстың күрт артуы болып табылатынын көрсетті. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, алу үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте, осы жылғы ақпанның басында зейнетақы қорынан 386,4 млрд теңге аударылды», – деді агенттік басшысы.

Back to top button