Мақтааралда бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда

Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей бос жатқан 70 гектар жер анықталып, жер учаскесі бойынша салық берешегін өндіру туралы хабарлама жолданды, – деп хабарлады Түркістан облысының әкімдігі.

Аудан аумағында жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін түгендеу жұмысы барысында 10 азаматқа тиесілі 5 гектарға жуық жер телімі анықталып, Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасына тиісті шара қабылдау үшін және мемлекеттік кірістер департаментіне салық берешегін өндіру бойынша ұсыныс хаттар берілген.

Сондай-ақ тұрғын үй мақсатында 42 азаматқа тиесілі игерілмеген 6,5 гектар жер көлемі анықталып, 1 гектар жерге берілген шешімдердің күші жойылды. Қалған жер учаскесінің иелеріне хабарламалар таратылды.

Сонымен қатар, Мырзакент кентінің бас жоспарына сәйкес, Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін 24 жер иеленушінің 140 гектардан асатын жері алынған. Оның ішінде 70 гектар жер иелері өз еркімен бас тартқан. Одан бөлек, аудан аумағында 14 мыңнан астам аулаға 4,5 гектар жер телімі тиесілі.

Бүгінгі таңда үйіргелік жерлерді игеру мәселесі өте маңызды болып тұр. Қосымша табыс көзі болып табылатын жерге түрлі көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды, сонымен қатар жеміс ағаштарын отырғызып, пайда табуға болатындығы туралы түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Back to top button