Қолөнер шеберінің еңбегі бағаланды

Қолөнер шеберінің еңбегі бағаланды

Қолөнер шеберінің еңбегі бағаланды
ашық дереккөзі
Моңғолияда тұратын қандасымыз Сарай Қыжабайұлы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды, деп хабарлайды "Отандастар қорының" баспасөз қызметі. Атажұртқа жеткен ақ жолтай хабарды естіп көңіліміз марқайды. Сарай Қыжабайұлы 1956 жылы Дэлүүн сұмыны, Шегіртай деген жерде дүниеге келген. 1972 жылы Ұлан-Батыр қаласындағы жоғарғы оқу орнына түскен. 1974 жылы әскер қатарына шақырылып, Эрдэнт қаласындағы отан алдындағы борышын өтеген. 1978 жылы отбасын құрып 8 баласын өсіріп-жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әке, аяулы жар атанып отыр. «Киіз үй жасау өнерін бала кезден меңгердім. Моңғолиядағы әр қазақ отбасы үшін 40 жылдан бері керегесі кең, шаңырағы биік киіз үй істеп келе жатырмын. Осы адал еңбегімді бағалаған Моңғолия Президентіне алғыс білдіремін. Ендігі жоспарым қазақ еліне барып, Ақмола облысы, Степнагорск қаласы, Қарабұлақ ауылынан киіз үй жасайтын шағын кәсібімді ашқым келеді. Өмірлік тәжірибемді атажұрттағы үйренемін деген жастарға үйретуге әзірмін» - дейді Сарай Қыжабайұлы. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» - дегендей, Моңғолия Президенті Шаған мерекесі қарсаңында 40 жылғы адал еңбегі үшін арнайы құттықтауын жіберіпті. Өзі шет елде тұрса да, киіз үй жасау өнерін жеттік меңгерген қандасымыздың қолөнер шеберлігі қандай марапатқа болсын лайықты. Баян-Өлгей аймағы мен басқа да өңірлердегі мал шаруашылығымен айналысатын халық Сарай Қыжабайұлының қолынан шыққан киіз үйге сұраныс көп екенін айтады. Ата-бабалардан жеткен киіз үй жасау шеберлігін кейінгі буын жастарға да үйретіп, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап жүрген қандасымызға амандық тілейміз», дейді қоғамдық ұйым.  width=